2026 жылы білім берудің тұтас және орнықты жүйесін құруға бағытталған шаралар жүзеге асырылады

Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде Оқу-ағарту министрлігі орнықты білім беру жүйесін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізуде. 2026 жылдағы негізгі бастамалар мен жаңашылдықтар туралы ҚР оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова айтып берді.
«Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында білім беру жүйесінде ауқымды шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде “Педагог мәртебесі туралы” Заңға өзгерістер енгізілуде. Бұл өзгерістер педагогтерді артық қағазбастылықтан қорғауға, мектептен тыс уақытта балаларға қатысты жазатайым оқиғалар үшін ата-аналардың да жауапкершілігін нақтылауға, сондай-ақ педагог құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған», — деп атап өтті Шынар Ақпарова.
Сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасын бекіту туралы Үкіметтің қаулысының жобасы әзірленді. Бұл құжат балалардың құқықтарын қорғау, баланың қауіпсіздігі, білім алу құқығы, денсаулық сақтау құқығы, әлеуметтік қолдау саласындағы барлық қолданыстағы шараларды біріктіреді. Мамандандырылған білім беру ұйымдарын жаңарту жалғасуда, соның ішінде Абай атындағы мектеп-интернаты Абай мектебіне трансформацияланып, жаңа оқу мазмұнмен толықтырылды.
Сонымен бірге жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқын қорғауды күшейту және білім беру саласындағы ынталандыру тетіктерін жетілдіру бойынша шаралар қабылдануда. Мәселен, халықаралық ғылыми жоба конкурстарының жеңімпаздарына, сондай-ақ оларды даярлаған педагогтерге біржолғы мемлекеттік сыйақы қарастырылған. Сондай-ақ «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» Заң жобасы қаралуда.
Барлық қабылданып жатқан шаралар баланың мүддесіне, педагогтарды қолдауға және сапалы білімге тең қол жеткізуге бағдарланған тұтас және орнықты білім беру жүйесін құруға бағытталған.









