5 жасар балалар TikTok-қа еркін тіркеліп жүр: Аймағамбетов үш өзекті мәселе көтерді

0
14
Фото: pixabay.com
Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Асхат Аймағамбетов “Цифрлық кодекс” жобасын талқылау кезінде бірқатар өзекті сұрақ көтерді.

Депутат ең алдымен цифрлық теңсіздік пен офлайн қолжетімділік мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, цифрлық теңсіздік тек интернеті жоқ ауылдарда ғана емес, сонымен қатар смартфон немесе компьютер пайдаланбайтын егде жастағы азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында да өзекті болып отыр.

Қазір мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматта көрсетіледі. Бұл ыңғайлы болғанымен, кей азаматтар үшін қолжетімсіз. Сондықтан базалық мемлекеттік қызметтерге офлайн қолжетімділікті сақтау және әлеуметтік осал топтардың мүддесін ескеру бағытында қандай нормалар қарастырылған? – деді депутат.

Екінші мәселе ретінде балалардың әлеуметтік желілерде тіркелу жасын шектеу тақырыбы көтерілді. Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда 5-6 жастағы балалардың ата-анасының рұқсатынсыз TikTok немесе Instagram желілеріне еркін тіркеле алуы алаңдатарлық жайт.

Дания, Австралия сияқты елдерде тіркелу жасы 15-16 жас болып белгіленген. АҚШ, Ұлыбритания және Ирландияда – ата-ананың арнайы рұқсаты қажет. Қазақстанда бұл бағытта қандай шаралар қарастырылып жатыр? – деп сұрады депутат.

Сондай-ақ ол мектептерде смартфон қолдануға тыйым салу мәселесін де көтерді. Депутаттың айтуынша, Назарбаев Зияткерлік мектептері мен бірқатар инновациялық мектеп бұл шешімді қабылдап, оң нәтижеге қол жеткізген.

Телефон қолдануға тыйым салу оқушылардың үлгеріміне де, өзара қарым-қатынасына да оң әсер етті. Бұл мәселені Цифрлық кодекс аясында қарастыруға бола ма? – деді ол.

Сұрақтарға Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун жауап берді.

Оның айтуынша, жаңа Цифрлық кодекс жобасында алғаш рет “мемлекеттік цифрлық платформа” ұғымы енгізіліп отыр. Бұл мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар үшін бірыңғай цифрлық архитектура мен стандарттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Вице-министр сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен әлеуметтік осал топтарға тең қолжетімділік қағидаттарының кодексте қарастырылғанын айтты.

Балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне қатысты ол әлемдік тәжірибеге сай, бұл бағытта балаларды шектеусіз дамыту мен қауіпсіз контентке қол жеткізу арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін атап өтті.

Ал мектептерде смартфон қолдануға тыйым салу туралы сұраққа Мун қазіргі таңда Цифрлық кодексте мұндай норма қарастырылмағанын айтты.

Керісінше, министрліктің ұстанымы – жастарды заманауи технологияларды тиімді әрі қауіпсіз пайдалануға үйрету, – деп жауап берді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ