Жаңа конституция – уақыт талабына сай жаңарған, қазіргі қоғамның сұранысына жауап беретін құқықтық негіз – журналист Ербол Мәндібек

Ал құтты болсын ағайын!
Жаңа Конституцияның жобасында Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы көрініс тапты.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның күндіз-түні қарқынды атқарған еңбегінің нәтижесінде жаңа конституцияның жобасы әзірленіп, бүгін ресми түрде қоғамдық талқылауға шығарылды.
Жаңа конституция – уақыт талабына сай жаңарған, қазіргі қоғамның сұранысына жауап беретін құқықтық негіз. Ол мемлекеттің қалай басқарылатынын, биліктің қалай жұмыс істейтінін, азаматтардың құқықтары мен жауапкершілігін нақтылайтын басты құжат.
Сондықтан бұл өзгерістер тек ертеңге емес, бүгінгі өмірімізге де тікелей әсер етпек.
Ата заң жобасының преамбуласының өзінен-ақ рухани қуат сезіледі. Онда «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтай отырып» деген терең мағыналы тұжырым бар.
Бұл – кездейсоқ сөз емес. Түркі дүниесінің тал бесігі болған ұлы дала – біздің тарихи жадымыз, мәдени тамырымыз, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан аманат. Жаңа конституция осы тарихи сабақтастықты заң деңгейінде бекітіп, өткен мен болашақты жалғайтын алтын көпірге айналып отыр.
Сонымен қатар құжатта «әділетті қазақстан» идеясы мен «заң мен тәртіп» қағидаты айқын көрініс тапқан.
Бұл – қоғамдағы әділдікті күшейтуге, заң үстемдігін нақты өмірде орнықтыруға бағытталған ұстаным. Яғни, мемлекет тек билік жүргізуші емес, азаматтың құқығын қорғайтын, әділдікке сүйенетін құрылым болуы тиіс деген ой анық сезіледі.
Негізі конституция дегеніміз тек құқықтық құжат қана емес, елдің рухани бағдарын, мемлекеттің стратегиялық мақсатын айқындайтын тұғырнама екені рас. Сондықтан оның сапалы болуы о бастан қойылған басты талап. Заң жобасы халыққа ұсынылды. Ендігі сөз – халықта. Қоғамдық талқылау арқылы әр азамат өз пікірін айтып, ел болашағына бейжай қарамайтынын дәлелдей алады.







