Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда «Шолпанның күнәсі» драмасының премьерасы өтті

0
25

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры көрермен назарына Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» шығармасы бойынша спектакль премьерасын ұсынды.

Қойылымда автордың бірде-бір сөзі өзгертілмей, мәтін толықтай сақталған. Тек режиссерлік трактовка арқылы жаңа сахналық шешімдер ұсынылған.

Спектакльде небәрі үш кейіпкер – Шолпан, Сәрсенбай және Әзімбай арасындағы қарым-қатынас көрініс табады. Камералық форматтағы қойылым кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіне, олардың күйзелісі мен жасырын сезімдеріне, күрделі адами байланыстарына терең үңілуге мүмкіндік береді. Режиссер Шолпан бейнесімен қатар Сәрсенбайдың да жан дүниесін тереңірек ашуға тырысқан.

Жалпы, спектакльде адамдар арасындағы жасырын сыр мен айтылмаған шындық, жеке адамның жан азабы, моральдық таңдау және өмірдің құндылығы сияқты мәңгілік тақырыптар көтеріледі. Қойылым көрерменге дайын үкім ұсынбай, керісінше әркімге өз пайымын жасауға мүмкіндік береді.

Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиева. Қоюшы және киім суретшісі – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Шынар Елембаева. Пластика режиссері – Асан Борончиев. Хореограф – Карина Жиренбаева.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз