Ақтауда мердігер мекеме жасанды қызғалдақтарға қатысты түсініктеме берді

0
544

Ақтауда жарықтандыру инсталляциясын орнатып жатқан «Clover media group» мекемесі тұрғындардың сынына қалған қызғалдақтарға қатысты сұрақтарға жауап берді, — деп хабарлайды zamandas.kz сайты altyalash.kz сайтына сілтеме жасап.

Мердігер мекеменің техникалық директоры Олжас Нұрлановтың айтуынша, жарықтандыру инсталляциясы мен әсемдік кіші архитектуралық нысандардың жұмысы толық аяқталмаған. Егер қызғалдақтардың сапасы қала әкімдігінің көңілінен шықпаса, мемлекеттен ешқандай қаржы алмайды. Жасаған көгал мен қызғалдақтарды қайта жинап, алып кетеді.

«Әр түн сайын тұрғындар тарапынан әлі бекітілмеген гүлдерді жұлып кету немесе әткеншекті үзу жағдайларына тап болудамыз. Бұл біздің жұмысымызға кері әсерін беруде», — дейді компания өкілі.

Ақтау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, биыл қыркүйек айында «Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі» ММ мен «Clover media group» ЖШС келісімшарт жасасқан болатын.

Келісімшарт негізінде мердігер «Clover media group» ЖШС-і «Жұлдызды аспан» және «Гүлдер алаңы» әсемдік жарықтандыру инсталляцияларын, «Әткеншек» пен «Заманауи киіз үй» атты әсемдік кіші архитектуралық формаларын орнатуға тиіс.

Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Алпысбай Таубаев нысандар қала әкімдігіне қабылданбағанын, сәйкесінше тиісті қаржы аударылмағанын жеткізді. Сонымен қатар сәндік үшін орнатылған нысандардың сапасы сын көтермесе, әкімдік қабылдаудан бас тартатынын айтты.

Еске сала кетейік, жасанды қызғалдақтарды орнатуға жергілікті бюджеттен 15 404 000 теңге бөлінген болатын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз