Қайтқан активтен қайыр бар ма?

0
250

Кейінгі бір жылдың ішінде шетелге заңсыз шығарылған 1 жарым млрд долларға бағаланатын актив пен қаражат елге қайтарылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарла­уынша, заңсыз алынған активтерді қайтару Қ.Сатыбалдыұлы мен оның сенімді тұлғаларына, «Қазақтелеком» АҚ лауазымды тұлғаларына, «Оператор РОП» ЖШС басшылығына және басқаларға қатысты қылмыстық істерді тергеу шеңберінде жүзеге асырылды. Қайтару үдерісіне мүлікті алып қою, тыйым салу және тәркілеу нұсқалары кіреді.

Агенттіктің бізге берген жауабына зер салсақ, қайтарылған активтер арасында ақша қаражаты, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, зергерлік бұйымдар, акциялар және тағы басқа құнды заттар бар. Соның ішінде бірқатар ірі компанияның жарғылық капиталындағы үлестері, 629 теміржол жолдары, зергерлік бұйымдар, басқа жылжымалы және жылжымайтын мүлік, яғни сауда және кеңсе ғимараттары мен үй-жайлары, пәтерлер, үйлер және автокөліктер бар.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған Жолдауында сы­байлас жемқорлардан алынған қара­жат мектеп салуға бағытталуға тиіс екенін айтқан еді. Осыған орай Қар­жы министрлігі және Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы қызметі бірлесіп Бюджет кодексіне тиісті түзетулер әзірлеген.

«Білім беру инфрақұрылымын қолдаудың арнайы қоры құрылды, ол Оқу-ағарту министрлігінің қарамағында арнайы шот болып саналады. Оған ақшалай қаражат сыбайлас жемқорлықтан тәркіленген мүлікті сатудан жіберіледі. Бүгінгі таңда бұл қорға 120 млрд теңге түсті. Қазіргі уақытта қайтарылған активтердің жалпы санының ақшалай үлесі шамамен 20 пайызды құрайды», дейді агенттік өз жауабында.

Қазірге дейін таратылған ақпарат бойынша қайтарылған 600 млрд теңге көлеміндегі актив пен қаражаттан бөлек, елімізде және шетелде жалпы сомасы 360 млрд теңгеден асатын жылжымайтын мүлік, автомобильдер мен қаражат анықталған. Ұсынылған мәліметке сүйенсек, біздің активтер негізінен Еуропа елдерінен, бұдан басқа БАӘ, Түркия және жақын шетелдерден қайтарылып жатыр.

Тек шетелге шығарылған емес, сонымен бірге кезінде мемлекеттік мен­шіктен заңсыз жолмен жекеменшікке аударылған активтер де қайтарылады. Олардың қатарында бірқатар құнды дүниемен қатар, ірі компаниялар, қымбат жылжымайтын мүліктер мен автокөліктер бар делінеді. Отандық кәсіпкерлер жымқырған заңсыз активтерге қатарында – Алматы қаласындағы «АрСат», «Кайсар Тауэр», «Майсат» және «Орион» бизнес-орталықтары, «DoubleTree by Hilton Almaty» қонақүйі, «Қайсар Плаза» сауда ойын-сауық орталығы, «МегаТау» сауда орталығы, «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығы, Астана қаласындағы «Optimum» бизнес-орталығы бар.

«Бұл активтердің бенефициарлық меншік иелері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісіндегі қылмыс­тық істердің әртүрлі фигуранттары болды», деп жауап береді агенттік. Айтуынша, аталған активтерді қайтару үдерісі қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу заңнамасы шеңберінде мүлікті алып қою, тыйым салу және тәркілеу жолымен іске асырылады. Қылмыстық істерге қатысушылардың арасында мемлекеттік қызметшілер де бар.

«Өз елімізде заңсыз жолмен байыған азаматтардың мүлкін тәркілеу үдерісі кезінде олардың осы әрекеті үшін жауапқа тартылуы қолданыстағы заңнаманың нормаларына сәйкес қарастырылады. Мәселен, еліміздің Қылмыстық кодексінің 40-бабына сәйкес мүлікті тәркілеу жазаның қосымша түрі болып табылады және сотталған адамдарға қолданылады. Тиісінше мүлікті тәркілеуді қолдану автоматты түрде адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды білдіреді», дейді агенттік.

«Активтерді қайтару жұмысы шексіз емес қой. Бұл орайда шетелдегі және еліміздегі заңсыз активтерді қайтару шаруасына жалпы қанша жыл кетеді», деген сауал қойған едік.

«Бұл сұраққа нақты жауап беру мүмкін емес, өйткені бұл көптеген фак­торға байланысты. Сонымен қатар қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, активтерді қайтару үдерісі бірнеше айдан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін деп айтуға болады. Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыс үнемі жетілдіріліп отырады, құқықтық база оңтайландырылады, халықаралық шарттар жасалады, шетелдік әріптестермен жұмыс байланыстары орнатылады. Активтерді қайтару жөніндегі жұмыс қазақстандық қана емес, сонымен бірге шетелдік заңнама шеңберінде қатаң түрде жүргізілуге тиіс. Шетелдік әріптестермен өзара іс-қимылдың негізі – шарттық база. Бүгінгі таңда Қазақстан 34 елмен қылмыстық істер және экстрадициялау бойынша құқықтық көмек мәселелері бойынша 71 екіжақты шарт жасасты. Бұл келісімдер бізге дәлел­демелер алуға, шетелде ақша қара­жат­тары мен басқа да мүліктерге тыйым салуға және тәркілеуге мүмкіндік бере­ді. Белгілі бір елмен екіжақты шарт бол­маған жағдайда жалпыға бірдей қабыл­данған халықаралық конвенциялар мен келісімдер қолданылуы мүмкін не құ­қықтық көмек өзара түсіністік қағидат­тарында жүзеге асырылады», дейді.

Агенттіктің хабарлауынша, бұл ретте CARIN, ARIN прокурорлары мен тергеушілерінің халықаралық бейресми желілері, GlobE сыбайлас жемқорлық­қа қарсы ведомстволар желісі және басқалары маңызды рөл атқарады. Олар­ға мүшелік әлемнің көптеген еліндегі құзыретті әріптестерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

«Қазақстанда өндірілген активтерді заңсыз шығару жөніндегі қылмыстық іс-әрекет туралы дәлелдемелер құқықтық көмек туралы сұрау салулардың негізіне жатады. Бұдан әрі біздің қызметкер­лер шетелдік әріптестерімен бірлесіп шетел­дік юрисдикцияларда тергеу әре­кеттерін, қам­­тамасыз ету шараларын (ақшаны, мү­лік­ті мұздату, тыйым салу және т.б.) және басқа да іс-шараларды жүргізеді», дейді.

Осы орайда шетелдегі активтерді қайтару мәселесінде Еуроодақтың да көмек беруге мүдделі екенін айта кетуі­міз керек. ЕО-ның Орталық Азия­дағы арнайы өкілі Тери Хакала «Біз өз тарапымыздан Қазақстаннан Еуропаға шығарылған активтерді қайтару туралы сұраныстарға қолдау көрсетуге дайынбыз», деген еді. Агенттік мәліметі бо­йынша, Еуроодақпен өзара іс-қимыл БҰҰ-ның 2003 жылы 31 қазандағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы, 1990 жылы 8 қарашадағы «Қылмыстық қызметтен түскен кірістерді жылыстату, алып қою және тәркілеу туралы» конвенциясы және басқалары сияқты халықаралық конвенциялар шеңберінде, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы бірқатар екіжақты шарттар шеңберінде жүзеге асырылады.

Шетелге заңсыз шығарылған актив­терді қайтару бойынша Президенттің 2022 жылғы 5 маусымдағы Жарлығымен Бас прокурордың төрағалығымен Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған еді. Комиссияның міндеті – елден заңсыз шығарылған қаржыны Қазақстанға қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған экономикалық ресурстардың монополиялық (олиго­полиялық) шоғырлануын анықтау, оларды мемлекетке қайтару. Бас прокура­турадағы Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы Нұр­дәулет Сүйіндіков «Егемен Қазақ­стан» сауалдарына берген жауабында аталған комиссия жұмысының аясында мемлекетке жалпы сомасы 670 млрд теңгеге залал өтелгенін және активтер қайтарылғанын мәлімдеді.

«Оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 470 млн доллардан астамы қайтарылды. Атап айтқанда, Лих­тенштейннен – 170 млн доллар, Аустриядан – 81,8 млн доллар, Гонконг пен БАӘ-ден шамамен 3 млн доллар қайтарылды. Шетелдегі активтер еліміздегі экономикалық қызмет есе­бінен қалыптасқан қаражаттың нәтижесінде сатып алынғаны жұмыс барысында ескеріледі. Осыған байланысты қылмыстық активтерді қай­тару жөніндегі жұмыс олигополия субъек­тілерінің ел ішіндегі және шет­ел­дегі заңсыз қызметін анықтауға бағыт­талған», дейді ол.

Оның айтуынша, шетелдегі актив­терді Қазақстанның пайдасына тәркілеу едәуір уақыт алады.

«Бүкіл тізбекті дәлелдеу қажет, бұл – жымқыру немесе басқа предикаттық қылмыс фактісін, жымқырылған қаражаттың шетелге, оның ішінде оффшорлық аймақтарға шығарылуын, бұл қаражаттың белгілі бір нысаны үшін төлеуге аударылуын анықтау. Осы мақсатта алдымен заңсыз табылған болуы мүмкін табыс анықталады, содан кейін – сотқа дейінгі тергеп-тексеру, содан кейін – сот, содан кейін – сот үкімі; егер сот активтің заңсыздығын бекітіп, оны тәркілеу туралы шешім шығарса, сонда ғана Бас прокуратура тыйым салу туралы халықаралық тергеу тапсырмасын жібереді», дейді Н.Сүйіндіков.

Оның айтуынша, нарықтық емес жағдайларда монополиялардың қалыптасу белгілері экономиканың әртүрлі секторларында (жер қойнауын пайдалану, энергетика, көлік, телекоммуникация және т.б.) анықтал­ды. Жекелеген нормативтік құжат­тар шектеулі шеңбердегі тұлғалардың мүдделеріне «бейімделген» жағдайлар кездеседі. Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдарында бұрын жарияланғандай, сот теңгерімінде стратегиялық теміржол жолдары, оның ішінде магистралдық жолдар болған «Көлік сервис орталығы» АҚ-ны жекешелендіру туралы Үкімет қаулысының күшін жойды. Сотта қаулы Қ.Сатыбалдыұлымен үлестес ком­пания­лардың мүддесі үшін шыға­рыл­ғандығы нақты анықталған. Жоға­рыда аталған теміржол жолдары квази­мем­лекеттік секторға қайтарылды.

«Басқа да кейбір жекешелендірілген нысандар бойынша қабылданған шешімдердің заңдылығын тексеру жал­ғасып жатыр. Бүгінде бұрын заңна­маны бұза отырып берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған кұны 6,5 млрд теңгеден асатын 398,8 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жеке тұлғаларда пайдаланылмаған жерлердің, оның ішінде жайылымдардың болуы жерлердің жасанды тапшылы­ғын тудырады, бұл азаматтардың әділ наразылығына алып келеді. Мысалы, Ақмола облысында «KazBeef» ЖШС-ның ауданы 62 мың га (жайылым) жер учаскесі нысаналы мақсаты бойынша 5 жылдан аса пайдаланылмаған. Бұл жерлерді жергілікті тұрғындар тиімді пайдалана алар еді. Нәтижесінде, бұл учаске мемлекетке қайтарылды», деді Бас прокуратура өкілі.

Активтерді қайтару жөніндегі жұмыс­­ты үйлестіру мақсатында Бас про­кура­тура шетелдегі қылмыстық табыстарды іздеу, тыйым салу және тәркі­леу жөніндегі сұраулардың қадамдық ал­го­ритм­дерін, әдістемелерін және үлгі­лерін әзірлеп, жұмыста пайдалану үшін құқық қорғау органдарына жіберген.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

  • «Мұндай дүрбелеңді күтпеген едік»: Аида Балаева «Оян, қазақ» фильмі туралы


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213