Бала тәрбиесіне бәріміз жауаптымыз

0
256

Өкінішке қарай, аймақ мектептерінде түрлі қылмыстық сипаттағы іс-әрекет әлі де азаймай отыр. Әсіресе әлімжеттік, қорлау, зорлау, сабау, тонау, қорқытып-үркіту сынды адами қағидаттарды ман­сұқ­тап, қатыгездікке желік­кендерден зәбір көргендер де, тіпті соңы қайғылы жағ­дайлармен аяқталған оқиғалар да жоқ емес.

Оны күні кеше Петропавл қаласындағы жантүр­шігерлік оқиғадан көрдік. Дүйім жұртты дүр сілкіндірген бұл жағдай құзырлы министрлікті бейжай қалдырған жоқ. Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев қылмыстық оқиғаға қатысты комиссия құрып, республика бойынша барлық деңгейдегі білім басқармалары мен бөлімдеріне жалпы білім беретін мектептерде қауіпсіздікті тексеруді тапсырды.

Бұл оқиға Маңғыстау облысындағы мектептерде қауіпсіздік шараларын күшейтуге сеп болды. Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, өңірдің оқу орындарында лицензияланған күзет агенттіктерінің қызметкерлері мен оқытушылар құрамы кезекшілік жасап, барлық мектепте мұғалімдердің кезекшілігі ұйымдастырылып, оқытушылармен де, оқушылармен де түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

– Барлық мектепте оқушылардың мектепке баруын есепке алатын арнайы күзет бар. Полиция мен қауіпсіздік агенттіктерінің жедел басқару орталықтарына қосылған дабыл түймелері жұмыс істейді. Өткен жылы уәкілетті органдар оқу іс-шаралары мен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады, – дейді облыстық білім басқармасы адамгершілік-рухани тәрбие және өзін-өзі тану бөлімінің басшысы Құралай Ғазимова.

Жасыратыны жоқ, мектептер мен лагерьлердегі, түрлі ұйымдағы әлімжеттік, кісі өлімі бізде кездеспей жүрген, болмай жатқан қылмыстар емес. Жуырда Ақтау мектептерінің бірінде 4-сынып оқитын қыздың сыныптасын боқтап: «Сен кімсің..? Менің әкем білім бөлімінің басшысы, мен сені отбасыңмен бірге қаладан қуып жібере аламын, түсіндің бе?! Мен сотқа ешқашан берілмеймін, әкем бәрін шешіп қойған, себебі менің әкем қаладағы ең бай адам» деп қоқан-лоқы көрсеткен аудиожазбасы тарады. Аузынан ана сүті кеппеген, басында бантигі желбіреп ойнап жүретін, миында сабақтан басқа мәселе болмайтын бүлдіршінге бұл көкірек, бұл астамдық, бұл ірілік қайдан келді? Өзі айтқандай, білім бөлімі басшысының, яғни мұғалімнің қызы болса отбасылық тәрбие қайда?

Тағы бір мәселе, қазір балабақша жасындағы балалардан бастап қағаз көтермейтін сөздерді айтатын болған. Ойнап жүріп те бір-біріне боқтық сөздердің неше түрін құса жөнелетін балаларға неге әке-шешеден тыйым жоқ? Қалам ұстайтын балғын қолына қару алып, мектептің табалдырығынан білім алу үшін емес, қылмыс жасау үшін аттайтын бұзық оқушылар қайдан шықты? Жас буын санасының дағдаруына, ақыл-ойының шатасуына не себеп? Осынша көп сұрақтың жауабын табу мүмкін емес.

Әйтсе де, интернеттің шырмауы, отбасылық тәрбие­нің кемдігі дер едік. Мұғалім, мектеп – балаға білім беретін орын, ал тәрбие отбасынан басталады және ол үшін ата-ана үздіксіз, мүлтіксіз міндетті. Отбасынан жеткілікті тәрбие алмағандықтан мектепке келіп қиғылық салатын оқушыға «шыдамының шегінен шығып» тілі мен қолын батырса, ата-ананың шабуылына ұшырап, сотқа сүйрелетін, жазаланатын оқытушы қазір екі оттың ортасында. Әрине, тәрбие мәселесінде мұғалім мен мектептің орнын жоққа шығармаймыз, өскелең жасты қалыптастыру – екіжақты бірлескен жұмыс, бірақ басымдық отбасына түсетінін ұмытпаған жөн. Бұл туралы бала тәрбиесінде қателеспеген бабаларымыздың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегені рас-ау.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз