Сарбаз асханасының дәмі

0
305

Жақында Мемлекет басшысы көктемгі әскерге шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. Ел жастары Отан қорғау жолындағы парызын өтеуге дайындалып жатыр. Дерекке қарасақ, биыл екі кезең бойынша әскери міндетін атқаруға тиісті 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтардың жалпы саны 37 056 адам екен.

Демек осынша ер азаматқа әскери өмірге бейімделу мен сарбаз асханасының дәмін тату бұйырып тұрғаны анық. Сарбаз асханасы демекші, қазір баласын әскерге аттандырған ата-аналар арасында жауынгерлердің тамақ­тануына көңіл толмайтындығы ашық айтылады. Оның бір мысалы ретінде парызын өтеп жүрген балаларының жиі ақша сұрап, оның себебін тамаққа жұмсайтынымен түсін­діретінін айтады. Өкінішке қарай, әскер­дегі баланың үйдегі ағайыннан жиі ақша сұрауы түрлі оқиғаларға ұласып отырғанын жасыруға келмес. Және бұл бөлек тақырып. Ал жауынгерлік борышын өтеуге аттанған жастардың ас-ауқатпен қамтылуы ешқандай мәселе тудырмауы керек. Өйткені мемлекет тарапы бұл мәселеге өте сергек қарап отыр.

Қорғаныс министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, кейінгі 3 жылдың ішінде сарбаз асханасын құнарлы азық-түлікпен қам­туға бөлінетін қаржы көлемі өскен. Мыса­лы, 2019-2020 жылдары аралығында әрбір сарбаз паегінің құны 1 225 теңге болса, 2021 жылы бұл сома 1 713 теңгеге көбей­ген. Ал биыл әскери асханалардағы бірреттік тамақтануға бөлінген қаржының құны 2 250 теңге көлемінде белгіленіпті. Сон­дай-ақ жауынгерлердің тамақтануына қатыс­ты жұмыстың бәрі қоғам өкілдерінің қатаң бақылауында екен. 2012 жылдан бері Қор­ғаныс министрлігі әскерилерге берілетін тамақ рационын Қазақ тағамтану академиясымен келісіп бекітеді. Бұл әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар мен офицерлердің дер кезінде лайықты азық-түлікпен қамтылуына ғана емес, денсаулыққа қажетті дәруменге бай құнарлы тағаммен тамақтануларына да нақты жағдай жасалып отырғандығының бір көрінісі болса керек.

Дегенмен әскери бөлімдегі асханалардың тізімі жеке кәсіпкерлерге берілгені әрдайым азық-түлік пен піскен астың сапасын бақы­лауға мүмкіндік бермейтіні анық. Ата-аналар тарапынан айтылатын сын да осы мәселеден туындап жатады. Кейінгі кезде әскери бөлімдерде бұл мәселені шешуге қадам жасалып жатыр. Көптеген сарбаз асханаларында арнайы құрылғы қойылып, әр мезгілдегі тамақтың сапасын бағалау үдерісі іске қосылған. Ал әсери бөлім басшылары арнайы бағдарламаның көмегімен тамақ сапасын сараптап, тамақпен қамтамасыз ететін компанияларға дер кезінде ескерту жасап отыратын көрінеді.

Сарбаз асханаларындағы тамақ сапасы мен казармалардағы тұрмыс-тіршілікті қоғам белсенділері де назардан тыс қалдырған емес. Жақында Ақтау қаласындағы әріптесіміз, «Маңғыстау Медиа» серіктестігінің директоры Гүлмира Әбішева сол қаладағы әскери бөлімге арнайы барып, жағдаймен танысқанын айтады. «Маңғыстау облысының аналар кеңесіне ақтөбелік тұрғыннан шағым түскен болатын. Ол кісілер Ақтаудағы теңіз жаяу әскері бригадасындағы сарбаздардың тамақтануын тексерулерін сұрапты. Әскери бөлім – стратегиялық нысан болғандықтан ол жерге кез келген адам рұқсатсыз кіре алмайды. Құжаттарымызды жіберіп, Жақсыгүл Маханбет, Аманкүл Жайылханова сияқты қоғам белсенділерімен бірге әскери бөлімді аралауға рұқсат алдық. Мақсатымыз сарбаз­дардың тамағынан өзге, олардың көңіл-күйін білу, әлімжеттік бар ма, Отан алдындағы борышын өтеймін деп келіп, таяқ жеп жүрген жастар жоқ па? деген сан сауалға жауап іздеу болды. Хош, сонымен әскери бөлімге келсек, сарбаздардың алды түскі ас ішуге кірісіпті. Біріншіге еті жоқ борщ. Бірақ дәмді екен, дәмін таттық. Содан кейін ет қосып қуырылған картоп, салат, нан, алма мен компот берілді. Сарбаздарды тамақтандырумен Ақтаудағы ауруханаларға ас әзірлейтін компания айналысады екен», дейді журналист.

Әріптесіміз әскери бөлімге барған сапарында Түркістан облысынан келген сарбазбен тілдесіп, тамақтану жағдайы мен ішкі тәртіпке қатысты сұрақ қойғанын айтады. Екеуара әңгіме былай өрбіпті:

« – Шыны керек, ауылда жемеген тама­ғымызды жеп жүрміз, кейде таңғы асқа кофе мен бал береді, тамақтан мәселе болған емес…

– Ұрып-соғу бар ма? Таяқ жеп жүрген жоқсыңдар ма?

– Жоқ, апай, мұнда келгенімізге 4 ай болды, бір-бірімізге бауырдай болып кеттік. Бауырымызды қалай ұрамыз?

– Қиналып жүрген жоқсыңдар ма?

– Алғашқы айда қатты қиналдық. Үйде тамақты талғап жеп, түске дейін ұйықтай­тынбыз. Ал мұнда таңғы 6 жарымда тұрамыз, жаттығу жасаймыз, жүгіреміз. Бір сөзбен айтқанда, қарсыласқа бетпе-бет тұра алатындай күш жинап жатырмыз. Әскерде біз шыдамдылыққа үйрендік, еркелікті қойдық, ата-анамыздың қадірін түсініп, айтқандарын орындамаған сәттерімізге өкініп жатырмыз…».

«Әрине, ауыр тақырып болған соң жас­тармен зорлық-зомбылық жайында сөз қозғағым келген жоқ. Сарбаздармен кездесуден түйгенім, ер баланы кішкене күнінен қатты еркелетпей, батылдыққа баулу керек екен. Қиындыққа мойымай, төзімді болып өскен бала әскерге барғанда физикалық және түрлі психологиялық шабуылға төтеп бере алады. Жалпы, әскердегі әлімжеттікті түбегейлі ауыздықтай алмасақ та, оны азайту үшін қоғамдық бақылауды жиі жүргізіп отыруымыз қажет, сонымен қатар мониторинг жасайтын арнайы топ құрып, сол топтың өкілдеріне әскери бөлімдерге кез келген уақытта кіріп-шығуына мүмкіндік жасалуға тиіс. Бұл абыройына нұқсан келген Қорғаныс министрлігі үшін де, ұлының аман оралуын тілеп отырған ата-ана үшін де дұрыс болар еді», дейді «Маңғыстау Медиа» серіктестігінің директоры Гүлмира Әбішева.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз