Зиярат туризмі Түркістаннан басталады

0
234

Түркістанды қазақ халқы мен түркітілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығына айналдыру бойынша атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар аз емес. Алайда жуырда бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілген туристер көп баратын ең тартымды қалалар қатарынан Түркістанды таппадық.

Мұның бір себебін қысқарту­ға жиі ұшырайтын облыстық туризм басқармасының тиіс­ті деңгейде жұмысты үйлестіре алмай отырғандығымен де байла­ныс­­тыруға болар. Басқарма бұған де­йін талай мәрте рет құрылып, та­лай рет басқа мекемелерге қосыл­ды. Ол бірде спорт, енді бір­де кәсіпкерлік, мәдениет бас­қар­ма­ларының құрамына кірді. Түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістанды туризмнің Меккесіне айналдырамыз деп жа­тқан тұста басқарманың дер­бес­тігінен айырылуы нені білді­реді? Осы уақытқа дейін туризм саласындағы күтілген нәти­же­лердің болмауы себебінен бе? Миллиардтаған теңге жұмсалған «Керуен сарай», басқа да нысандар, орта­лықтар, қонақүйлер, мейрамханалар, форумдар мен жиын­дар Түркістанның туристік тар­тымдылығына жоғары деңгейде әсер етпеген сияқты.

Десек те, тарихи туризм ошақ­тары көп Түркістан облысында табиғаты әсем, шежірелі мекендер де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Оты­рар ауданындағы Арыстан баб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Домалақ ана кесенесі мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сай­рам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Қазығұрт тауы, Ақбура бұ­лағы, Қырық Шілтен жырасы, Машат шат­қалы ел тұрғындарын және шетелдік турис­терді қызықтырып, саяхат жасауларына не­гіз болып жатыр. Әрине, өңірге келу­ші­лер аттың басын әуелі Түркістанға бұрады.

Киелі шаһар өңірлік және халық­аралық деңгейде туризмді дамыту үшін зор әлеуетке ие. Осы орайда қа­лада турис­тік инфрақұрылымды жақсартуға, соның ішінде қонақүйлер мен туристік кешендер салуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Эконо­микалық ынтымақтастық ұйымының 14-саммитінде Қазақстан туристік саланың үлесін 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 8 пайызына дейін жеткізуді көздеп отырғанын атап өтті. «Біз Орталық Азия елдері мен күллі түркі әлемі үшін қасиетті сана­латын Түркістан қаласын белсенді дамытып жатырмыз. Тек 2020 жылдың өзін­де қаланың инфрақұрылымына, Түркістанның туризмі мен логистикасына құйылған ішкі инвестиция шамамен 1 млрд долларды құрады. Түркістан Қазақстанның ТОП-10 турис­тік бағытына кірді. Бұл сіздердің елдеріңіздің инвес­торлары мен турис­тері үшін тартымды өңір болмақ», деді Президент.

Түркістан қаласында туризмді да­мытудың 2023-2027 жылдарға арналған қалалық мақсатты бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленген. Осы жылдары туризм саласына тартылатын жеке инвестициялар көлемі 20700,0 млн теңге болып, бірқатар жобаны жү­зе­ге асыру көзделген. Мысалы, 2023 жылы құны 4000,0 млн теңге болатын 2 ны­сан салынбақ.

Қалаға келушілер саны да арта тү­суде. Кейінгі 3 жылда туристер саны 25%-ға артқан. Былтыр 1 күндік келуші және туристер саны 1451,5 мың адам болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,4%-ға артты. Ішкі турис­тердің саны 43,3%-ға, орналастыру орындары 31,1%-ға, нөмірлер саны 42,8%-ға, төсек-орын саны 34,1%-ға ұлғай­ды. Сондай-ақ өт­кен жылдың ІІІ тоқсаны бойынша орна­ластыру орындарынан көрсетілген қыз­мет көлемі 2,134 млрд теңге болып, өсім 145,6%-ды құрап отыр. Облыс орталығы бол­ғалы қалада мәдени-рухани, рекреа­циялық орталықтар, парктер салынып жатыр. Тарихи ескерткіштердің қай­та қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен тұрақты түрде жүр­гізілуде. Мысалы, 2021-2022 жылдары Қ.А.Ясауи кесенесінің күмбезі, «Сұл­тан Бегім» кесенесінің сыртқы және ішкі бөліктері, «Жұма» мешіті туристік нысандарына реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Биыл жоспар бойынша ортағасырлық «Жеті ата» көшесін қалпына келтіру жұмыстары аяқталады. Туристердің келуіне септігін тигізіп жатқан Түркістан қаласының әуежайы халықаралық стандарттарға сәйкес жобаланған. Қазіргі таңда еліміздің 13 қаласынан бөлек Ыстанбұл бағытында тұрақты рейс­тер қойылған. Оның ішінде 11 қалаға субсидияланған рейстер ашылған. Қала тұрғындары мен қонақтарына 5 автовокзал қызмет көрсетеді. Туристік орын­дарға апаратын барлық автомо­биль жолдары күрделі жөндеуден өт­кі­зіліп, арнайы автотұрақтармен қам­тамасыз етілген. Темір жол көлігін дамыту мақсатында 2024-2026 жылдарға Ташкент – Шым­кент – Түркістан бағытында жоғары жыл­дамдықты теміржол жобасын іс­ке асыру жоспарлануда. Қалада ем­дік, оқиғалы туризмді дамыту үшін бірқатар шара ұйымдастырылмақ. Түр­кістан қаласының Шәуілдір тасжо­лы­ның бойында минералды су көзі ор­на­ласқан. Мамандардың айтуынша, 1 300 метр тереңдіктегі судың қасиеттері «Ессентуки», «Трускавец», «Вытаутас» санаторийлерінің және Удмуртиядағы НовоИжевск минералды бұлақтарының суларымен бірдей. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, қалаға күніне 10 мыңға тарта адам келіп-кетеді екен.

«Ішкі туризмді дамыту сыртқы туризммен қатар жүруі маңызды. Ол тек Бұқа­ланың сыртқы көрінісімен ғана емес, ел тарихымен танысуға, білуге жол ашады. Мұны қала халқының мәде­ниеті мен экономикалық дамуына айтарлықтай оң әсерін тигізеді деп толық сеніммен айта аламыз. Себебі қаланы тамашалау кезінде тасымалдаушы такси жүргізушілері, сауда жасаушылардың, қонақүй қызметіне сұраныс артады. Қала туризмінің дамуы жаңаша тыныс алып, дамыту бағытында атқарылар шаруалар әлі көп», дейді Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков.

Туризм саласындағы кадрларды даяр­лау да жоғары деңгейде дамып келеді. Мысалы, 2020 жылы ашыл­ған Халық­аралық туризм және мей­мандостық уни­верситетінде 1 810 студент тәлім алып, біліктілігін шың­дауда. Сондай-ақ қалада Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 200-ге жуық және Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде туризм саласында 100-ге тарта кадр даярлайды. Былтыр нұс­қаушы-аудармашы курсы арқылы 32 гид білімін жетілдіріп, туристік-экс­­курсиялық ұйымдарда қызмет көр­сетіп жатыр. Туристерді тарту, кәсіп­керлікті дамыту ғана емес, мәдени мұ­раны сақтап қалу мақсатында қалада қолөнершілер шеберханасы бар кешен салынбақ. Қол­өнершілер қалашығының жалпы аумағы – 9 мың шаршы метрге жуық. Ұлы Жібек жолының бойындағы шаһардың орта­лығында орналасатын жаңа қалашықтың жобасы ерекше. Алдағы уақытта өңірде қолөнершілерге қолдау көрсету арқылы жұмыс орындарын ашу, туризмді дамыту көзделуде. Сондай-ақ 2023 жылы «Сауран», «Гау­хар-ана» және «Ордаб­асы» визит-ор­талықтарының құрылысын аяқтау жос­парланып отыр.

Түркістан облысы аумағында 1 754 тарих және мәдениет ескерткіші, оның ішінде 1 халықаралық маңызы бар нысан, 31 республикалық маңызы бар, 421 жергілікті маңызы бар ескерткіш бар. Сондай-ақ өңірде 225 орналастыру орындары және 68 санаториялық-курорттық ұйымдар жұмыс істейді. Бұған қоса 4 ерекше қорғалатын табиғи объект – ЮНЕСКО биосфералық объек­тілерінің тізіліміне енгізілген «Ақ­су-Жабағылы» және «Қаратау» қо­рықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария – Түркістан» өңірлік табиғи паркі ор­наласқан. Өткен жылы бір күнде «Әзі­рет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне – 805 383, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайына 420 064 адам келген. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тарға келушілер саны 74 970 адамға жетті.

Былтыр жалпы сомасы 22,86 млрд теңгеге 19 туристік нысан салынып, пай­далануға берілді. «Оты­рар» мемлекеттік археологиялық музей-қоры­ғының дирек­торы Жангелді Маха­шовтың мәлі­метінше, Арыстан баб кесенесіне жылына 350 мыңнан аса адам келеді екен.

«Осы көрсеткіш 1 миллионға жетсе, бізге сервистік қызмет түрлерін көрсететін қаншама жұмыс орындары қажет болады. Бұл дегеніміз – Арыс­тан баб кесенесіне бір күнде 3 мың­нан аса адам келсе, оларға жатын орынға, ішер ас пен сусынға, кәдесый өнімдері мен қолөнер бұйымдарына сұраныс артады. Осындай сұраныс пайда болған жерде қызмет көрсету саласының дамуына серпін береді. Сонымен қатар Отырар өлкесінде агротуризмді, селфитуризмді, балалар мен жасөспірімдер туризмін, су туризмін, гастрономиялық туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Өлкеде осы аталған туризм салаларын дамытуды қол­ға алып, мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінсе, үлкен жетістіктерге жетер еді», дейді Ж.Махашов.

Иә, зиярат туризмі көптеген мұсыл­ман елде жақсы дамыған. Қажылыққа ба­рудың өзі – зиярат туризмінің бір түрі. Мұсылман елдеріндегі зиярат туризмі – мемлекеттің және діни басқармалардың тікелей қамқорлығында. Қазіргі таңда мінәжат етуді дамыту құралы ретінде діни туризмге көп көңіл бөлініп жатыр. Бұл орайда теолог мамандар Түркістан облысы көлемінде зиярат ету орындарында интернет және байланыс нашар, шетелдік туристер кейде сол зиярат орнынан сурет, видео, естелік, сәлемдеме жол­дауға мүмкіндік таппай жататынын айтады. Зиярат, тарихи-мәдени орындардың электронды нұсқада гид анықтамасы жасалғанын қалайтындар да аз емес. Аталған құрылғы қазіргі таң­да тек Қ.А.Ясауи және Арыстан баб кесенелерінде ғана қолжетімді екен. Сондай-ақ кесене, қабір, киелі орын­­дар­дағы шырақшы, гид қызметі өкіл­дерінің біліктілігін, туризм, зиярат мәде­ниетін қалыптастыратын семинарлар ұйым­дастыру арқылы сапаны арттыру қажет.

Зиярат ету мақсатында өңірге келу­шілер көп, дегенмен тамаша табиғат аясында демалуды қалайтындар да аз емес. Мысалы, табиғаты ерекше Төлеби ауданында туризмді дамыту бағытында шаңғы базасы, 4 емдік-сауықтыру орны, 71 демалыс аймағы жұмыс істеуде. Ауданға 34 552 демалу­шы келіп, жалпы 662 млн 416,0 мың теңгеге қызмет көрсетілді. Демалыс орындары негізінен жыл мезгілдеріне орай, тынығушыларға тауда тынығу, атта серуендеу, шаңғы тебу, сырғанау секілді қызмет түрлерін ұсынады. Таудың әсемдігін тамашалап, таза ауамен тыныстап, шаңғы тебуді қа­лай­тындарға «Тау Самалы» демалыс аймағының «Алатау» тау шаңғы базасы қызмет көрсетеді. Ал демалып қана қоймай, денсаулығын түзейтіндер «Біркөлік» санаториясына, саумалмен емделушілер арнайы «Дихан тау» сауықтыру орталығына барады. Тау туризмін дамыту мақсатында «Қасқасу туристік-рекреациялық кешенінің» құ­рылысы жүргізіліп жаыр. Кешен іске қосылған кезде аудан аумағынан екінші Шымбұлақ іске қосылады деп жоспарлануда. Айта кетелік, туризм басқармасының мәліметінше, 2019-2022 жылдары облыстың туристік саласына инвестиция 324 млрд теңге болған, оның 78 млрд теңгесі – мемлекеттік.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз