Теңге нығайып келеді

0
230

Ақпан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 доллар үшін 445,66 теңгеге дейін, 3,2%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың бір күндегі орташа көлемі бір айда 103-тен 130 млн долларға дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі – 2,6 млрд доллар. Бір ай ішінде валюта нарығы сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан теңгерімді болып, айырбастау бағамы нарық талаптарына сай қалыптасты деп хабарлайды Ұлттық банк.

Ұлттық банктің түсіндіруінше, теңге курсының күшеюі «салық кезеңі» факторымен және шетелдік инвесторлардың Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік бағалы қа­ғаз­дарға кіруімен де байланысты болды. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімін сатуы өткен айда шамамен 295 млн доллар болыпты. Айта кетейік, квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сатуды дербес жүзеге асырады.

«Ұлттық қордан республикалық бюд­жетке трансферттерді қамта­ма­сыз ету үшін валюта сату ақпан­да 590 млн долларды құрады. Ұлт­тық қордан сату үлесі сауда-сат­тықтың жалпы көлемінен 23%-ды құрады және бір күнде 30 млн доллардан аспады. Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде Ұлттық банк нарықтың бей­тарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сату дегенді білдіреді. Осы тәжірибе валюта нарығына Ұлттық қор операцияларының әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық банк ақпанда биржалық сауда-сат­тық­та шетел валютасын сатып алуды жүзеге асырған. Оның жалпы сомасы 226 млн долларына шықты немесе нарықтың жалпы көлемінен шамамен 9% болды.

БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін қолдау үшін нау­рызда 200-ден 240 млн долларға дейінгі мөлшерде валюта сатып алынады деп күтіледі. Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы толық ақпаратты жария етуін жалғастыра бермек.

Наурызда Ұлттық қордан нақты сату көлемі Қаржы министрлігінің рес­публикалық бюджетке транс­ферттерді бөлуге арналған өті­ні­міне байланысты болмақ. Қар­жы министрлігінің қажетті транс­ферт­тер­дің сомасы бойынша ағымдағы болжамды бағдарлары негізінде алдын ала Ұлттық банк теңге тү­сім­деріне қарай 750-ден 850 млн дол­ларға дейін мөлшерде валюта сатуды жоспарлап отыр.

«Қысқамерзімді перспективада теңге динамикасы геосая­си жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысу­шылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы жағ­дайға бай­ланысты болады. Ұлттық банк тең­герімсіздік жинақ­талуына жол бермейтін және алтын-валюта резерв­терінің сақ­талуын қам­тамасыз ететін икемді бағам белгілеу режімін ұстану­ды жал­ғас­тырады», делінеді ақпа­рат­тық хабарламада.

Айта кетейік, ақпанда Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізбеген.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз