ПСИХОЛОГ: «БАЛАМЕН ИНТЕРНЕТТІҢ ТІЛІМЕН СӨЙЛЕСУГЕ ТЫРЫСҚАН ЖӨН»

0
570

Қазақстандық жасөспірімдер «ЧВК Редан» субмәдени тобына тартылып жатыр

Мессенджерлерде 14-16 жас аралығындағы балаларды «ЧВК Редан» атты топқа қосылып, жиналуға үндейтін хабарламалар көбеюде. Агрессияға шақыратын бұл жаңа топ туралы жуырда ғана белгілі болған еді. Кейбір БАҚ аталмыш топтың мүшелері төбелес ұйымдастырып, жасөспірімдерге шабуыл жасағанын жазған. Бүгінгі әңгіме озбырлықты оятатын топ жайында емес, олардан балаларымызды қалай қорғау керектігі турасында болмақ.

Жасөспірімдерді агрессивке шақыратын топтардан, ортадан қалай қорғаймыз? Отбасында ата-аналар неге мән беруі керек? Ата-ана баласының жат топтың жетегінде кеткенін қалай аңғарып, біле алады? Психологиялық сипаттары бар ма?

Біз осы сауалдарды белгілі психолог Сәлима Сатылғанқызына қойып, жауап алған едік.

Сәлима Сатылғанқызы, жасөспірімдер, жалпы өсіп келе жатқан жастар неліктен агрессияға жақын келеді?

СӘЛИМА САТЫЛҒАНҚЫЗЫ ПСИХОЛОГ:
-Жасөпірім балаларға агрессивті көңіл күй, мінез-құлық физиологиялық жағынан тән. Себебі олар балалықпен қоштасады. Ерексектерге де әлі қосыла қойған жоқ. Сондықтан мына өтпелі кезеңде жасөсіпірім ұлдардың да, қыздардың да психикалық аппараттарының ортаға бейімделу функциясы аз болады. Сол үшін жасөспірімдерге агрессия тән келеді. Өз-өзіне, сырт келбетіне көңілі толмауы деген сияқты. Агрессия – жалпы қауіпті. Бала белгілі бір топтарға ілесіп кетуі, мұрнын тесіп, сақина салу, өз-өзіне жарақат салу арқылы ерекшеленуі мүмкін. Әрине, балалардың өзгеше ойлап, түнімен әлеуметтік желіде отырып, оған тәуелді болуы ата-ана үшін қиын. Дегенмен оны қадағалауға болады. Қазір ақпарат шарықтап дамыған заманда барлығымыз интернетке тәуелдіміз. Бұл кезде ата-ананың сабырлы әрі төзімді болғаны жөн. Баласының бойындағы кез-келген өзгерістерге өте қырағылықпен, сондай байқағыштық көзқараспен қарағаны дұрыс.

Айтқаныңыздай, бәрін байқап, қадағалап отыратын ата-аналарымыз жетерлік. Дегенмен жат топқа ілескенін көрген ата-ана оны тыюға, қорғау тырысады. Бірақ бұл әрекет көбіне керісінше әсер береді. Яғни бала мен ата-ананың арасы одан әрі алшақтай түсіп, кикілжің көбейеді. Сонда бүгінгі ата-ана жасөсіпіріммен байланыс орнатқанда қандай қадам жасағаны дұрыс?

СӘЛИМА САТЫЛҒАНҚЫЗЫ ПСИХОЛОГ:
-Баламен тек сабақты ғана айтпай, оның кіммен дос болып жүргенін, неге әуес екенін, қандай спортқа,  тілге, өнерге бейімді ме не саяхаттауға әуес пе соны анықтау маңызды. «Мен айттым» деп қана қоймай, ата-ана баланың ойы қандай екен деп, ішкі жан дүниесіне мән беруі тиіс. Ішкі ойын бөлісуге, аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік беруі керек.  Ата-ананың да уақыты болмаса да «сен не ойлайсың, қандай жоспарың бар, былай істесек қалай болар екен, қандай досың бар, бүгін сені не нәрсе қуантты» деген сияқты достық, сүйіспеншілік сезіммен, мейірімділікпен қарайтын болса, ондай бала ешқандай өзге топтарға қосылмайды. Отбасында татулық, мейірім болған жерде бала бөгде жолға түспейді.

Ендеше, балаларды түрлі қатыгез орталардан сақтау үшін жасөспірімдердің ата-аналарына қандай кеңес берер едіңіз?

СӘЛИМА САТЫЛҒАНҚЫЗЫ ПСИХОЛОГ:
-«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші жеткіншек жаман жолға түсіп кетпеуінің алдын алуымыз керек.  Әр ата-ана баланың бойындағы ерекшелікті кішкентайынан біледі. Бүгінгі ата-аналардың қателігі, «менің айтқанымды істесе, мен айтқан оқу орнына барса, менің тәртібіме бағынса» деп ойлайды. Бұндай ой ескірген. Заманауи балалар ақпаратқа өте қанық болғаны соншалықты қазір ата-аналар ғаламтор, ақпараттық технологиялар жайында балаларынан сұрайды. Себебі балалардың миы қазір виртуалды әлемге айналып барады. Жазу, сызуға бейімі өте төмендеді де, аппаратқа тәуелділігі, интернеттің тілін білуі артты. Сондықтан қазір ата-аналар «мен білемін» дегеннен гөрі «балам сенің ойың қалай, сен білесің ғой» деп ең болмаса сол интернеттің тілімен сөйлесуге тырысқан жөн. Қатты тыйым салып тастаудың қажеті жоқ. Ата-ана берген уәдесінде тұруы керек. Отбасындағы бірігіп ас ішу, үйдегі тәртіп, бір-біріне сыйластықпен қарау, бір-бірінің мәртебесін көтеріп отыру деген сияқты дағдылар баланың жат топтардан алшақ болуына септеседі. Махаббатсыз, мейірімсіз өскен балалар агрессивті топтарға бейім болады. Себебі олардың өмірлік тәжірибесі аз, ата-анасына өзінің агрессиясын білдіре алмағандықтан бұзықтыққа жол береді. Ата-ананың қатал болғаны құп, бірақ қатыгез болмауы керек. Өйткені бала мейірімді сырттан іздеп кетеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз