Браконьерге тосқауыл болмай тұр
Атырау облысында браконьерлікті кәсіп етіп, Каспий теңізіндегі бекіре тұқымдас балықтарға аш қасқырдай тиетіндер азаймай тұр. Неге? Мұның бір ғана себебі бар. Бұл – бекіре қара уылдырығының қара базардағы нарқының қымбаттығы. Сол себептен браконьерлер жылдың төрт мезгілінде де теңіз төрінен бағалы балықты заңсыз аулауды доғарар емес.
Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахияновтың айтуынша, жыл сайын Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре» кең ауқымды балық қорғау акциясы өткізіледі. Бұл акция 1 сәуірден 31 мамырға дейін жалғасады.
– Акция кезінде табиғат және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бір ғана мақсатты көздейді. Бұл – балықтардың, оның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын аумаққа қоныс аударуын қамтамасыз ету. Осы мақсат үшін заңсыз аулау мен айналымына қарсы іс-қимыл бойынша күш біріктіреді. Балық қорғау іс-шараларының тиімділігі болғаны жөн. Сол себептен Экология және табиғи ресурстар және Ішкі істер министрлері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы «Бекіре» балық қорғау акциясын өткізу туралы бірлескен бұйрыққа қол қояды. Осы бұйрықпен балық қорғау акциясын өткізу кезінде құқық және табиғат қорғау органдарының өзара іс-қимылын үйлестіру штабының құрамы мен бірлескен жоспары бекітіледі. Үйлестіру штабына басшылық жасау балық шаруашылығы комитетіне жүктелді, – дейді Аян Бахиянов.
Комитет өкілінің айтуына қарағанда, су айдындарының браконьерлік дерегі жиі байқалатын аумақтарында жылжымалы бекеттер мен мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылады. Осы орайда негізгі күш пен құралдарды Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында, Атырау облысындағы Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістігінде шоғырландыру көзделген. Акция кезінде әуежайларда, вокзалдар мен автотрассаларда балық өнімдерін заңсыз тасымалдауға бақылау күшейтіледі.
– Мемлекет басшысының Каспий теңізіндегі браконьерлікке қарсы күресті күшейту жөнінде тапсырмасы бар. Осы тапсырманы орындау мақсатында биылғы 1 наурызда Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ішкі істер министрлігі Жайық-Каспий бассейні акваториясында браконьерлікке қарсы 2023-2024 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы кезге дейін бұл жоспар шеңберінде Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 129 дерегі анықталды. Заң бұзушыларға қарсы 2 қылмыстық іс қозғалып, 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 500 килодан асатын балық, оның ішінде 184 кило бекіре тәркіленді. Браконьерлерден балық аулауға тыйым салынған 186 құрал алынды, – деп мәлім етті Аян Бахиянов.
Төраға орынбасарының айтуынша, биыл батыстағы үш облыстың аумағында табиғат қорғау іс-шараларына құқық және табиғат қорғау органдарының 1 203 қызметкері тартылады. Оның ішінде 822 қызметкер Атырау облысында қызмет атқарады. Олар 66 қайық және шағын жүзу құралдарымен, 145 автокөлікпен қамтамасыз етіледі. Жайық өзенінің жағалауында балық аулау заңнамасын бұзушылықты тіркейтін 17 бейнекамера жұмыс істейді. Ал шекара қызметі жағалауларда үш радиолокациялық стансаны іске қосады.
Жыл сайын балық қорғау акциясының нәтижесіне талдау жүргізіледі. Өткен жылдардағы талдау нәтижесі көктемгі науқан кезінде браконьерлік топтардың қызметі жандана түсетінін көрсеткен. Мәселен, 2021 жылы Атырау облысының аумағында 952 заң бұзушылық анықталған. Ал былтыр 820 заң бұзушылық тіркелген.
Каспий теңізінен балық аулау оңай іс емес. Тіпті қара базарда бел кеспесі де, қара уылдырығы да қымбатқа бағаланатын бекіре тұқымдас бағалы балықтарды аулауға тыйым салынған. Соған қарамастан, браконьерлердің заңсыз әрекетіне қатысты дерек өте көп. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, былтырғы қарашада мұнайлы шаһарда бекірені заңсыз сақтаған үш күдікті ұсталды. Күдіктілердің біріне тиесілі көлік гаражын тінту кезінде салмағы 101 кило қара балық пен 20 кило бекіре тұқымдас балық түрлері, есірткіге ұқсас заттар табылған. Тағы бірінің гаражынан бес моторлы қайық пен тіркеуге алынбаған 16 калибрлі екі ұңғылы мылтық тәркіленді.
Ал желтоқсанда Атырау қаласында 49 жастағы тұрғынның бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз сатып жүргені анықталды. Осы дерекке байланысты полиция қызметкерлері бағалы балықты заңсыз саудалаған күдіктінің тұрғылықты мекенжайына тінту жүргізді. Полицейлер оның тұрағынан жалпы салмағы 90,6 килоны құрайтын бекіре тұқымдас 26 балық тауып алды.
Бекіренің заңсыз айналымына қарсы күресті үйлестіретін Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының ақпаратына сүйенсек, 2019 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда браконьерлік үшін жаза күшейтілді. Содан бері балықтарды, әсіресе бекіре тұқымдас бағалы түрлерін заңсыз қолға түсіру, иемдену, тасымалдау, сақтау және өткізу қылмыстары үшін 93 адам сотталып, оның ішінде 26 адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Браконьерлердің заңсыз іс-әрекетінен мемлекетке 1,2 млрд теңге залал келтірілген.
Табиғатқа келтірілген залал тек бекіре тұқымдас балықтары мен оның дериваттарын аулағандарға ғана емес, су байлығын заңсыз иемденген, сақтаған және тасымалдағандардан да талап етіледі. Мәселен, Ш. деген азаматқа бекіре тұқымдас балықтарын заңсыз иемденгені, сақтағаны үшін 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, мемлекетке келтірілген залал ретінде 130 млн теңгені өндіру жазасы берілген.
Ал жақында Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «ГАЗель» автокөлігін тоқтатып, тексеру жүргізді. Көліктің рулінде 1980 жылғы жүргізуші болған. Жүргізушінің осы ауданның тұрғыны екені де анықталды. Ал оның көлігін тексеру кезінде жалпы салмағы 417 кило бекіре тұқымдас балық тәркіленген.
Әрине, бекіре тұқымдас бағалы су маржанын аулап, табиғат байлығына суық қолын сұққандар сотталып, ірі көлемде айыппұл төлеп жатыр. Бірақ осының өзі бекірені баудай түсіріп, «барымталайтын» браконьерлерге сабақ болмай тұр. Сонда браконьерлерге қашан бұғау болады?