Болашақты қолдаудың мәні

0
285

Бүгін – халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күн елдегі балдыр­ғандар мен балалардың төл мерекесі ретінде сипат алды. Яғни жеткіншектердің шын қуанып, шаттанатын, сыйлық алып, марқаятын мейрамы. Ал шын мәніне келгенде Балаларды қорғау күні – балдырғандарымызға мына әлемнің махаббаттан жаралғанын ұғындыратын, келер күннің жарқын боларына сенім ұялататын күн. Сондай-ақ балалардың өмірі мен құқығын, денсаулығы мен арман-тілегін қорғау, аялау, оларға қамқорлық жасау дәріптелетін күн.

Оқу-ағарту министрлігі Білім сапасын қамтамасыз ету ко­ми­тетінің деректеріне сүйенсек, елі­мізде 18 жасқа дейінгі 6 616 774 жеткіншек бар екен. Оның 400 мыңы техникалық ұйым­дардың, кәсіптік білім беру ошақ­тарының студенттері болса, 3,7 миллион­нан астамы орта мектептерде оқиды. Ал қалғаны мектеп жасына дейінгі балалар.

Жалпы, балалар мен жасөс­пірімдерді қорғауға қатысты айт­қанда қоғам назарына ата-ана мейірімі, білім мен тәрбие ошақтарындағы кәсіби біліктілік, заң мен құқық тәртібінің талабы ілігерлері сөзсіз. Осы үшеуінің ісі мен сөзі ортақ бір мақсатқа ұш­тасқанда ғана бүгінгі бала мем­лекеттің ертеңгі арқа сүйе­ріне айналары анық. Бірақ, өкі­нішке қарай, еліміз­де ба­лаларға қатысты зорлық-зомбылық, агрессия мен қатыгездік азайған жоқ. Соңғы дерекке сүйенсек, құ­қық бұзушылықтың басым бөлігі Түр­кістан облысы, Алматы және Қа­ра­ғанды өңірлерінде тіркелген. Өзге де аймақтарда жағдай мәз емес. Сонда Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалып жүр?

чсм

Балаларға қатысты құқық бұзу­шылықтың соңғы дерегі бойынша Түркістан облысында – 213, Алматы қаласында – 185, Қарағанды облысында – 165 оқиға тіркелген. Сон­дай-ақ Батыс Қазақстан облысында мұндай фактілер 39,4 пайызға өсіп, 109-дан 152 жағдайға жеткен. Анти­рекордты Павлодар облысы аяқтап тұр. Бұл аймақта балаларға қатысты қыл­мыстардың өсімі 32,8 пайызды құра­ды. Осы ретте, Ақмола облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Әсем Асаи­нова бұған көп жағдайда ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың әлсіздігі түрткі болып отыр дейді.

– Негізінде баланың құқығы мен мүддесі бұзылған жағдайда ата-ана­лар, балалар және басқа да тілек біл­дірушілер өз өңірлеріндегі уәкіл­дерден көмек сұрай алады. Біздер баланың құқық­тары мен заңды мүд­де­лерінің бұзылға­ны жөніндегі өті­ніш­терді, жергілікті атқарушы орган­­дар мен басқа ұйым­дардың әрекет­теріне немесе әрекет­сізді­гіне қатысты шағымдарды қараймыз. Жыл басынан бері Ақмола облысы халқынан маған 130-дан астам шағым түсті. Олар­дың көпшілігі отбасындағы зорлық-зом­былық, бала құқықтарының бұзы­луы және мектептегі мәселелерге қатыс­ты. Бұл проблемалар ювеналды полиция, қорғаншылық және қамқор­шылық орган­дары, денсаулық сақтау, білім беру басқармаларымен жан-жақты зерт­телді. Жалпы, балаларға қатысты құ­қық бұзушылықтың түп төркіні от­ба­­сын­дағы байланыстың әлсіз­дігін көрсе­теді. Сондықтан шаңырақта ба­ла­­ға көбірек көңіл бөліп, бірге уа­қыт өткі­зіп, оның психологиялық қал­пын бақылауда ұстау керек, – деді Ә.Асаи­нова.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне көз салсақ, балалар арасында 155 суицид оқиғасы тіркелген. «Wisevoter» әлеуметтік зерттеу ұйымының есебіне қарасақ, 2023 жылғы 20 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан суицид статистикасы бойынша 178 елдің ішінде 19-орында тұр. Осы орайда заңгер Халида Әжіғұлова балаларға қатысты жыныс­тық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту қажет деген пікірін қосты.

– Мектептер мен балабақшалар қауіпсіз болуға тиіс. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық, шабуылдар және педофильдердің балаларымызды зор­лауының алдын алу мақсатында мектептер мен балабақшалардағы қауіпсіздік шараларын реформалау қажет. Яғни балаларға қатысты қылмыс фактілерін салғырт тергегені үшін құқық қорғау органдарының жауапкершілігін күшей­тіп, ішкі істер органдарында бала­ларға жыныстық зорлық жасағаны үшін сотталған адамдарды өмір бойы электрондық профилактикалық есепке алу қажет, – дейді ол.

Оқу-ағарту министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жос­­парын әзірледі. Ол 4 бөлімнен тұра­ды. Құжат негізінде арнайы индекс жасақ­талмақшы. Ол проблемаларды уақы­тылы анықтауға және шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Тіпті нәтижесі төмен өңірдің бірінші басшыларына әкімшілік жауапкершілік енгізілмек.

«Елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде балалардың әл-ауқаты мәселесі маңызды рөл атқарады. Жағдай жасау­дың жүйелі мониторингі, сондай-ақ проб­лемаларды уақытылы анықтау және шешімдерді жедел қабылдау үшін 2022 жылы 56 индикатордан тұратын балалардың әл-ауқатының индексі қабылданды. Сонымен қатар 2021 жылдың нәтижелері бойынша респуб­лика бойынша балалардың әл-ауқат индексі небәрі 55,6 балды құрады. Бұл әл-ауқаттың орташа деңгейі саналады. Мемлекет басшысының балалардың әл-ауқатына осы ұлттық мониторингті енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мемлекеттік органдардың балалық шақ саласындағы әлеуметтік проблемаларды жою жөнінде қажетті шешімдер қабылдауы үшін өмірлік маңызды болып табылады», делінген құжатта.

Кешенді жоспардағы іс-шаралардың арқасында индекс жыл сайын 1 балға ұлғайтылады. Бұдан бөлек, елімізде ата-аналар кодексі әзірленбекші. Құжатта бұл балалардың тәрбиелік компонентін күшейтуге, әл-ауқатын кешенді қамта­масыз етудегі маңызды бастама деп көрсе­тілген. Әрі елімізде ата-анасы немесе заңды өкілінің рұқсатынсыз TikTok, Instagram, Facebook, WhatsApp, «ВКонтакте» платформаларында кәмелетке толмағандарды тіркеуді шектеу шараларын қабылдау жоспарланып отыр. Егер жоба қабылданса, оларға заңды өкілдің рұқсатынсыз парақша ашу 2025 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланады. Бұған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі, ақпарат және қоғамдық даму министрліктері, сондай-ақ білім минис­трлігі жауапты.

«Ашық НҚА» сайтында жариялан­ған Үкімет қаулысының жобасы 6 мау­сымға дейін көпшіліктің талқы­лауын­да болады. Егер кешенді жос­пар қабылданып, ілкімді істер жүйе­лі жүргізілсе, балаларға қатысты, оның ішінде олардың жыныстық тиіс­пеуші­лігіне қарсы қылмыстар саны жыл сайын 2%-ға төмендейді. Кәмелетке толма­ғандар арасындағы суицид те жыл сайын 1,5%-ға азаяды. Сондай-ақ қосымша біліммен қамтылған балалар саны 5%-ға артады.

Баланың қауіпсіз өмір сүруіне қолай­лы орта қалыптастыру, оның құқығын қамтамасыз ету – тек мемлекеттің емес, әуелі үйдегі ата-ананың, кейін мек­тептің жауапкершілігіне жүктелген міндет. Егер осы үш тарап, жүйелі жұмыс атқармаса, түйткілдің түйінін тарқату қиын. Демек отбасы институтын нығайтуда, білім ошақтарындағы кадр әлеуетінің сапасын арттыруда кешенді жоспар оң бастама болмақ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

  • 3 мамырға арналған валюта бағамы