Құрылыста қашан тәртіп орнайды?

0
243

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 19 сәуірде өткізген еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте: «Елімізде заң мен тәртіп қатаң сақталуы қажет. Заң үстемдігі болмаса, тұрақтылық та болмайды. Ал тұрақтылық жоқ жер­де ешқандай даму да болмай­ды. Сондықтан азаматтары­мыз заңға бағынуы керек, ал құзырлы органдар заң бұзушылықтың алдын алуға тиіс», деді.

Жуырда елордада заңсыз салына бастаған «Дублин» және «Вашингтон» атты екі тұрғын үй кешені сот шешімімен сүрілетіндігін естігенде, жағасын ұстамаған жан жоқ шығар. Бәріміз де осыдан он жеті жыл бұрын Алматы қаласы­ның «Бақай» және «Шаңырақ» шағы­н аудандарында болған шулы да қай­ғылы оқиғалар қайталанбаса жарар еді деп алаңдаумен болдық. Әйтеуір, бұл жолы туындаған мәселе қолданыстағы заңнама аясында ың-шыңсыз қаралып, құрылыс компанияларының кінәсінен зардап шеккен үлескерлердің салған қаражаттары қайтарылып берілетін болып шешілді.

Талап пен тәртіп үлгісін көрсетуге тиіс елорданың құрылыс саласында осындай сорақылыққа жол беріліп жатқанда өңірлердегі ахуал да жетісе қоймайтыны анық. Мұны Бас прокуратура өткен жылдан бастап мегаполистер мен облыс орталықтарында ұйымдастырған тексерістердің нәти­желері айғақтап берді. Қала құрылысы саласында жергілікті атқарушы жә­не бақылаушы органдар тарапынан бақылау жоқтың қасы болып шық­ты. Соның салдарынан құрылыс салу үшін рұқсат пен жер учаскесі жер­гілікті тұрғындардың пікірін және инженерлік, көліктік және әлеу­мет­­тік инфрақұрылым бар-жоғын ескер­местен берілген. Әкімдіктердің шенеуніктері мен құрылыс компаниялары басшыларының бірлесіп жасаған айла-шарғылары нысандардың жүйесіз салынуына, қоршаған орта мен жасыл аймақтардың бүлініп, тұрғындардың өмір сапасының нашарлауына әкеліп соғып отыр.

Мұндай елеулі кемшіліктерге кеңшілік берілуінің басты себебі­нің бірі – әкімдіктердің қала құрылы­сын жүйелі жоспарлауға жете мән бермейтіндігінде. Мәселен, Астана­ның 2001 жылы қабылданып, 1,2 млн тұрғынға есептелген Бас жоспа­ры қазір өзектілігін жоғалтқан. Өйткені елорда тұрғындарының саны бүгінде 1,5 млн-нан асып кетті. Соның салдарынан елдің бас шаһарында кейінгі кезде су тапшылығы қатты сезіліп, тұрғындар ренішін білдіріп отыр.

Алматы қаласының 2004 жылы қабылданған Бас жоспары да әбден ескірген. Онда «оңтүстік астананың» демографиялық жағдайы, жылумен қамтамасыз ету мәселесі, экологиялық талаптар, тіпті сейсмикалық тәуекел­дер де ескерілмеген.

Қала құрылысының басты құжа­ты болып саналатын Бас жоспарларды шенеуніктер ешкіммен ақылдас­пай өзгертуді жаман әдетке айналдырып алған. Үш мегаполис пен Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қы­зылорда, Орал, Өскемен, Пав­ло­дар, Талдықорған, Тараз, Түркіс­тан қалаларында бөлінген жер учас­ке­лерінің мақсатын Бас жоспар­ды аяққа баса отырып, заңсыз өзгертудің 1 мың дерегі әшкереленген. Атал­ған шаһарларда Бас жоспарларда белгіленген аса қажетті әлеуметтік нысандардың орнына басқа коммер­ция­лық ғимараттар салу белең алған. Мысалы, 25 мың шәкіртке мектеп, 46 мың сәбиге балабақша жетіспей отырған елордада 900 оқушыға арнал­ған мектептің орнына  «SAT Group Project» ЖШС 18 қабатты тұрғын үй салып жатыр. Ол аздай, құрылыс салушы компания қала әкімдігі тарапынан бақылау жоқтығын пайдаланып, шағын бақтың орнына  «Grey Plaza» бизнес орталығын салып тастаған.

Алматы қаласының прокуратурасы бауырлас Түркия елінде биылғы ақпан айында болған күшті жер сілкінісінің аса ауыр зардаптарынан сабақ ала отырып, Алатау баурайындағы Қар­ғалы және Бутаковка шағын аудандары мен Обсерватория көшесінде орна­ласқан жалпы көлемі 250 гектарды құрайтын 120 жер учаскесінде заңсыз құрылыс салудың алдын алған. Сондай-ақ «Медеу» табиғат паркі аумағындағы 45 гектарды алып жат­қан жер учаскелері біреулерге заңсыз бөлінгенін әшкерелеген.

Бұған қоса, прокурорлар бүкіл ел бойынша 250-ден астам  тұрғын үйдің құрылысы рұқсат беру құжаттарынсыз басталғанын анықтапты. Осындай бұзушылықтарға байланысты әкім­діктерге 77 қадағалау актісі жолданып, 133 адам әкімшілік жауапқа, 14 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапқа тартылған. Ақмола, Алматы және Атырау облыстарының қала құрылысы саласында алаяқтық жасау, лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану деректері бойынша 13 қылмыстық іс қозғалған.

Қала құрылысы саласындағы бы­лық-шылықтарды болдырмау мақ­сатында Бас прокуратура Үкіметке тиісті ұсыным енгізіп, жер учаскесін алғаннан бастап, кез келген объектіні қолданысқа бергенге дейін барлық рәсімді бақылау және келісу үшін «бірыңғай терезе» әдісін әзірлеуді, сани­тарлық-эпидемиялық бақы­лау және төтенше жағдайлар органдарына құрылыс құжаттарын келісу құзыретін беруді, әзірленіп жатқан Қала құрылысы кодексінің жобасына құрылыс жүргізуге және оның маңын көгалдандыруға қажетті жер учаскесі жеткіліксіз болған жағдайда тұрғын үйлер салуға рұқсат құжаттамасын беруге тыйым салуды қарастыруды, жергілікті атқарушы органдарды салын­ған нысанды ол орналасқан жерге барып тексеруге міндеттеуді ұсынған. Бұл ұсыныстар Үкімет тарапынан қолдау тауып отыр.

Алайда қала құрылысы саласында қатаң тәртіп орнату үшін құ­ры­­­лыс салушылардың жеке жауап­­­кершілігін күшейтпей болмай­ды. Себебі «Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы» кодекстің 319-ба­бын­да өндiрiстiк, тұрғын үй, шаруа­шы­лық, гидротехникалық (су шаруа­шылығы) немесе тұрмыстық нысан­дарды жерге тиісті құқықсыз заң­сыз салғаны үшін заңсыз тұрғы­зыл­­ған немесе тұрғызылып жатқан құры­­лысты мәжбүрлеп бұза отырып не онсыз, жеке тұлғаларға – он бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiп­керлiк субъектiлерiне немесе ком­мер­циялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөл­ше­рiнде айыппұл салу көзделген. Шынтуайтында, бұл шаралар, әсіресе жосықсыз кәсіпкерлер үшін шыбын шаққан­мен бірдей емес пе? Ал тұрғын үйлерді тиісті рұқсатсыз салып жат­қан құрылыс салушылар бақылау жоқ­тықтан үлескерлерді алдап, олармен заңды күші жоқ шарттар жасасуды жалғастыру үстінде. Осындай заңсыздықтары әшкереленіп, салып жатқан тұрғын үйінің құрылысын тоқтатуға немесе бұзуға мәжбүр бол­ған кәсіпкерлер өз салымшыларын нара­зылық акцияларына шығуға итер­ме­леп, қоғамдық тәртіпке қауіп-қатер төндіріп жататыны белгілі. Сон­дық­тан қала құрылысы саласында қол­даныстағы  заңнаманы барынша қатайтпай, тәртіп орнатуымыз екіталай.

Кәрібай МҰСЫРМАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ