Қазақстандағы жылу орталықтарының проблемасын шешу үшін кемінде 5 жыл керек – Түркия қазағы

0
148
Серкан Динчтүрік, Түркия қазағы

Кез келген мемлекеттің экономикасы дамуы үшін алдымен энергетика саласындағы проблеманы шешуі керек. Halyq Uni тілшісі «Ата жолы» картасын алған Түркия қазағы Серкан Динчтүрікпен әңгімелесті.

Серкан Динчтүріктің жұмыс бабымен Алматыда тұрып жатқанына 4-5 болған. Былтыр шетелде тұратын қазақтарға «Ата жолы» картасы беріле бастады. Ол Түркия қазақтарының ішінен аталған картаны алғашқы болып алған.

— Өзім Түркияда туып өстім. Аталарым, әке-шешелеріміз 1950 жылдары Қытайдың Алтай аймағынан көшкен. Такла-Макан, Гималай асып Үндістанға жеткен екен. Онда 10-15 жыл тұрып, Пәкістанға қоныс аударады. Түркияға 1952 жылы көшіп барған. Қытай архивтерін ашпағандықтан, сол кезде жолға шыққан балалардың нақты санын білмей отырмыз. Шамамен, 15 пен 25 жас аралығында 40-100 мың арасында болуы мүмкін деген болжам бар. Ал Түркияға жеткен қазақ баласының саны 1850 ғана болған. Билік ресми түрде қабылдап, азаматтық берді. Сол үшін қазақтар Түркия мемлекетіне ризамыз. Қазір Түркияда мен сияқты Қытайдан көшкен қазақтардың саны 20-25 мың. Сондай-ақ Еуропада 20-25 мыңдай қазақ бар. Айтпағым, 70 жыл ішінде 2 мыңға жуық баланың саны бүгінде 50 мыңға жетті.

90-жылдардан бастап әлемде технология өзгерді. Ол жаққа барған әке-шешелеріміздің бала-шаға асыраймын деп оқуға мұршасы келмеді. Бірақ балаларын оқытты. Қазір Түркия мен Еуропадағы 30-50 жас аралығындағы қазақтардың бәрі оқыған, әр салада мемлекеттік қызмет, әкімшілік, жеке кәсіпкерлікте, дәрігер, мұғалім және т.б. жұмыс істейді, — деді ол.

Серкан Динчтүрік қазір энергетика, оның ішінде газ саласында жұмыс істейді. Танымал түрік компаниясымен бірлесіп елімізде бірқатар жобаларын іске асырып жатыр.

— Түркияның танымал Arsan деген компаниясы бар. Оның бас директорларының бірі – қазақ жігіті газ саласында жұмыс істейді. Сол «Қазақстанда бір филиал ашу ойымызда бар» деп ұсынысын айтты. Мен ұсынысты қабылдап, осылайша газ саласындағы жұмысым басталды. Ол компания қалалардың арасындағы магистралды құбырларды салу, соған қоса қала ішіндегі ғимараттарға газ тартумен айналысады.

2019 жылы «AYD» деп аталатын өз фирмамды аштым. Бұл фирма Түркиядан Қазақстанға инвесторларды және басқа да танымал фирмаларды тартумен айналысады. Бірінші жоба энергия саласынан басталды. Қазір бір ғана газ саласында Gascom, Maktek, Arsan сияқты бірқатар фирмалармен жұмыс істейміз. Бұдан басқа медицина, құрылыс саласына кірдік. Осы күнге дейін кейбір жобаларды бітірдік, кей жобалар бойынша Қазақстан үкіметімен келіссөз жүргізіліп жатыр. Үлкен компаниялардың жоспары кем дегенде 5 жылға құрылады. Неге десеңіз, бірінші жыл бүкіл нарықты тексереді, — деді инженер.

Серканның айтуынша, Түркия газ саласындағы ең озық технологияларды енгізген. Мақсаты – ең жақсы технологияларды Қазақстанға әкелу.

— Түркия – батыс мемлекеттері арасында газға ең соңғы көшкен мемлекет. Сондықтан әлемдегі ең жақсы технология қай мемлекетте бар деп зерттеді. Біртіндеп Франция, Италия, Жапония, АҚШ пен Ресейдің озық технологияларын алды. Қазір ол елдің газ саласы өте мықты, мамандары көп, инженерлері жеткілікті. Бүгінде Еуропада оқыған, тәжірибесі бар көптеген инженерлер түрік фирмаларында жұмыс істеп жатыр. Түркия экономика бойынша 16-орында, Еуропада 6-орында тұр. Мен Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты нығайтып, өз үлесімді қосайын деп ойладым. Қазір осы салада кішігірім болса да үлесімді қосып жатырмын, — деп толықтырды сөзін.

Сондай ақ елімізде газ саласында білікті компаниялар мен инженерлер көп екенін атап өтті. Бұған қоса Қазақстанның ЖЭО жағдайына қатысты пікір білдірді.

— Бұл саланы зерттеп көрдік. 40 жылға жуық сол салада жұмыс істеп жатқан бір-екі түрік фирмасы ақпарат дайындадық. Елдегі ЖЭО-лардың жартысын жөндеу керек, бірнеше қалаға жаңа орталық салу қажет. Кез келген дүниенің пайдалану мерзімі болады, ал қазір қолданыстағы ЖЭО-лар совет дәуірінде салынған. Оларды жөндеу, жаңасын салу бір күнде немесе бір жылда шешілетін жұмыс емес. Озық технологиямен, бастысы дұрыс салынған ЖЭО кемінде 25-30 жыл жұмыс істейді. Біріншіден, оларды салғанда ең үздік технологияны алуы керек. Бүгінде әлемде ЖЭО саласында 2-3 мемлекеттің озық технологиясы бар: Жапония, Түркия мен Ресей. Ал Еуропада Германияның технологиясы жақсы, ең жақсы технологияларды алуға тырысу қажет.

Екіншіден, жаңадан салынатын орталықтардың қаржысын есептеу керек. Үшіншіден, компания тек қана ЖЭО салып, ақшасын алып кетпеуі керек. Қазақта миллиондаған жас бар, солардың ішінен ЖЭО жұмыс істейтін мамандарды даярлаған жөн. Яғни нысан салынып жатқанда бірге жұмыс істеп, қалай салынды, қалай қолданылатынын көрсетіп, тәжірибе беру керек. Бұл саладағы кадр тапшылығын шешеді. Әрі қазақ жастары жаңа технологияларды үйренеді. Соңғы болған апаттардан кейін үкімет бұл саладағы проблемаға назар аударып, тиісті жұмысты бастады. Бір ЖЭО салуға орта есеппен 3 жыл уақыт кетеді деп алсақ, менің ойымша бұл проблеманы шешу үшін кемінде 5 жыл уақыт керек, — деді Серкан Динчтүрік.

Серкан Динчтүрік Қазақстанда АЭС салуға қатысты пікір білдірді. Сарапшының пайымынша, энергетика саласындағы дағдарыс тек Қазақстанда ғана емес, бүгінгі күні Еуропа елдерінде де бар.

— Мен бұл салада жоқпын, көпшілік сияқты сырттан бақылап отырмын. Түркияда екі АЭС салынып жатыр. Бірақ оны салу қажеттілігі 15 жылдай ойланып, талқыланды. Қазақстан бұл мәселеге қатысты жан-жақты ойланып, халықпен бірге талқылап, шешім қабылдайды деп ойлаймын. АЭС – өте мұқият қаралуға тиіс тақырыптың бірі. Атом саласының маманы болмағандықтан, ол туралы тек сырттай пікір білдіре аламын. Жұмыс бабымен көптеген елде болдым. Энергетикадағы проблема тек Қазақстанда ғана емес, көп елде бар. Мысалы, Еуропада да ЖЭО-лар тозған. Энергия өндіретін нысандарының көбі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1950-1970 жылдар аралығында салынды. Содан бері 50 жыл өтті. Еуропа олардың қызығы мен пайдасын көрді. Кез келген ел дамуы үшін энергетика тапшылығын шешуі керек. Егер қалада энергия, су, газ болмаса, ол жерде зауытты қалай ашасың?, — дейді сарапшы.

Еске сала кетейік, 2060 жылға қарай Қазақстанның алдында төмен көміртекті экономикаға көшу міндеті тұр. Инженер елімізде жасыл энергияны дамыту үшін қолайлы климаттық жағдай бар деп есептейді.

— Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде күн, солтүстігінде жел бар. Елімізде өзендер аз емес, олардың көмегімен жасыл энергияны өндіруге болады. Бір ғана Астананың бораны не тұрады? Бұрын күн немесе жел болмаса, энергия өндіре алмайтын еді. Қазір технологиялар өзгеріп жатыр. 5-6 сағатта 24 сағатқа жететін энергиян өндіріп, сақтайтын технологиялар бар. Меніңше, бұл саланы дамытуға жеңілдіктерді қарастыру керек шығар. Сондай-ақ атом және гидроэнергетика бар. Барлық мүмкіндікті қарастырып, озық технологияларды енгізуге тырысқан жөн деп ойлаймын.

Энергетиканы дамыту үшін бір саламен шектеліп қалмау керек. Тағы да Түркияны мысалға келтірейін, мұнайы мен газы жоқ. Алайда технологиямен алға шықты. Қазақстанда уран және т.б. қазба байлық жеткілікті. Жалпы, карбон – болашақта адамзат тап болатын үлкен проблеманың бірі болады. Әрбір адам соны азайтуға үлес қосуы керек. Қалай болғанда да, көмірді тұтынуды азайтуға тура келеді, — деді ол.

Сарапшы 2017 жылы Қазақстанда өткен ЭКСПО көрмесі елдегі жасыл энергияның дамуына ықпал етті.

— Көпшілік үшін қазір ол көрменің нәтижесі жоқ шығар, бірақ болашақта болады. Бұрын Қазақстанда тропикалық жеміс-жидектерді өсіретін жылыжайлар жоқ еді. Қазір Шымкент пен Түркістанға барыңыз, көптеген жылыжай жұмыс істеп тұр. Бұл сұрақтың жауабын болашақта табасыз. Мысалы, Түркияда жасыл энергиямен қарқынды түрде айналысу соңғы 5 жылда басталды. Астанада өткен ЭКСПО-ға екі рет келдім. Күшті жобалар бар, оны іске асыру үшін уақыт керек. Инвестор келуі үшін қолайлы инвестициялық климат, заң қабылдануға тиіс. Бұл бір күнде шешіле салатын жұмыс емес, — деді инженер.

Сондай ақ ол энергетика саласындағы проблемаларды бірлесіп шешу үшін түрік мемлекеттерінің ұйымы болуы керек деп есептейді.

— Еуропа, Америка, Жапония және т.б. мемлекеттер кіретін ұйымдар бар. Түркі халықтарына неге сондай ұйым керек. Әлемдегі түріктердің саны 100 млн асады. Өзбекстанда 35-40 млн адам бар. Қазақстанда 20 млн халық бар. Әр мемлекеттің өз байлығы бар. Кімде не жоқ, соған көмектесу керек.

Түркі мемлекеттері бір-біріне көмек беруі керек. Күш біріктіріп, экономикамызды мықтап алсақ, ешбір ел Қазақстанға қарап сөз айта алмайтын болады, — деді Серкан Динчтүрік.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз