Тың игерудің Қазақстан үшін ұтымды тұстарынан, әкелген зардабы орасан – Сәуле Мәлікова

0
152
Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві

– Биыл тың және тыңайған жерлердің игерілгеніне 70 жыл толады. Кеңестік билік жылдарында Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік экономикалық саясаттың шынайы көрінісі тек еліміз егемендік алғаннан кейін ашылып, жаңаша зерделеуге жол ашылды. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова бұл тақырыпты тереңінен зерттеп, «Тың эпопеясы – тарих таразысында» тақырыбында ғылыми кандидаттық жұмысын қорғап, тарих ғылымының кандидаты атанды. Атаулы дата қарсаңында тарихшы тілші сұрақтарына жауап берген еді.

— Сәуле Зейноллақызы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елде қиын жағдай туғаны белгілі. Жаңа жерлерді игеру сол кездегі мәселелерді қаншалықты шешті?

— Бұл тарихи кезеңнің алатын орны ерекше. Н.Хрущевтің «жаңашыл», «озық» саясаты негізінде жеке басқа табынушылықтың зардабы жойылып, қоғамдық-саяси өмірге ақырындап өзгерістер ене бастады. Тарихта «Тың эпопеясы» деген атпен қалған азық-түлік молшылығын жасау бағдарламасының Қазақстанның бет-бейнесін мүлдем өзгертіп жібергені де белгілі. Саяси мақсатты көздеген аграрлық саясаттың салдарынан Қазақстан жерінің ең көп мөлшері эрозияға ұшырады. Өкінішке қарай, сол кезеңде тың игеру ісі жаппай «жеңіс» пен «жетістік», «бас айналдырар табыс» ретінде мазмұндалды. Тарихшылар коммунистік идеологияның қысымымен «социализмнің жетістіктерін» мадақтауға ғана құзырлы болды. Зерттеушілердің қолына кеңселерде жасақталған, тексеріліп-түгенделген ресми ақпарат қана беріліп объективті деректер құпия түрде сақталынды.

тың
Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві

Бірнеше жылға созылған соғыс, онсыз да нашар азық-түлік жағдайын 1946 жылғы құрғақшылық одан сайын ушықтыра түсті, дәнді дақылдардың шығымы төмендеді, бұл тисінше, мал шаруашылығына да дағдарыс әкелді.

СҚО-да егістік көлемі: 1945 жылы 1940 жылмен салыстырғанда 8,4 %, соның ішінде дәнді дақылдар алабы – 15,8 %, ал бидай себу 38,7% азайған. 1946 жылы колхоздардың 75,8 %-ы еңбек күнге 1 келіге де толмайтын астық берілді, ал қалған колхоздарда еңбекке мүлде ақы төлеген жоқ. Бұл жазғы құрғақшылықпен қоса, халықтың аштыққа ұшырауына себепші болды.

Күзде құрғақшылық салдарынан болған залал толық есептелгеннен кейін, астық ұрлауға қатысты деп саналған істерді соттар 10 күн ішінде қарап, 1932 жылғы 7 тамыздағы заң бойынша үкім шығарған. 1946 жылы СҚО партия комитеті астық тапсыру жоспарын қарап, жоспарды орындамаған 416 колхоздың 102-сінің астық тапсыруға мүлдем қатыспағанын анықтаған. 231 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Оның ішінде: астық жинау мен астық дайындауды бұзғаны үшін 24, астықты бүлдіргені және рәсуа еткені үшін 18, астықты ұрлап, талан-таражға салғаны үшін 189 адам жауапқа тартылды. 209 адам сотталып, ату жазасына 2 кісі, 15 адам 10 жыл мерзімге бостандығынан айрылған.

тың
Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві

1946 жылы шаруалардың қосалқы шаруашылығына салынатын салықты көбейту туралы үкімет шешімі қабылданды. 1948 және 1952 жылдары ауыл шаруашылығы салығы тағы өсті.

Дағдарыстан шығу үшін ауыл шаруашылығын нарықтық қатынастарға бағыттап, оның нақты механизімдерін табу, сонымен бірге меншікті, әсіресе жерді жекешелендіре отырып, экономиканы дамытуға жеке адамдардың мүддесін пайдалану қажет еді. Коммунистік жүйе тарих алдында өзін ақтап алу үшін, ауыл шаруашылығының экстенсивті жолын таңдауына мәжбүр болды. Яғни, Кеңес одағы сияқты ұлан-байтақ жерді иемденіп отырған мемлекетте астық өндіруді молайтудың бір ғана жолы – елдің шығысында бос жатқан, дәлірек айтқанда «Тың және тыңайған жерлерді» жаппай жыртып, астық себуге бел байланды. Шынында, бұл үшін көп ақыл-ойдың, ғылыми ізденістерге негізделген түбегейлі реформаның қажеті шамалы еді.

тың
Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві

Қазақстанның солтүстік аймағында тың және тыңайған жерлерді игерудің нақты тәжірибесі 1954 жылғы 1 наурызда басталды. Дәлірек айтқанда: Солтүстік Қазақстан облысына Алматыдан тың игерушілердің бірінші отряды, екінші эшелон Москвадан 1954 жылы 1 наурызда келген.

1954 жылдың көктемінде Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру жұмысы жаппай басталды: Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан сияқты республиканың бес облысында, сонымен қатар аз мөлшерде болса да Орал, Ақтөбе, Семей, Қарағанды, Алматы облыстарында тың игеру жұмыстары басталып кетті. «Тың игерудің» алғашқы жылының өзінде Қазақстанда 8 миллион 531 мың гектар тың және тыңайған жер игерілді.

тың
Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві

1954 жылдың өзінде тың көтеру жөніндегі жоспар артығымен орындалды. Қазақстанда 6,5 млн гектар тың жер жыртылды. Астықтың жалпы түсімінің мөлшері 7650 мың тоннаға жетті. Халық алғаш рет тойып нан жеді.

Тыңға ауқымды материалдық қорлар тартылды. Елдегі және республикалардағы егіншілікпен айналысатын басқа аудандардың есебінен тың игеру аймағына құрылыс материалдары мен техника жіберілді. 1956 жылы 1953 жылмен салыстырғанда трактор саны 213 %, ал комбайнмен қамтамасыз ету 237 % өсті. Егер 1958 жылы республикада 40 мыңға тарта трактор тіркелсе, 1960 жылдың басында олардың саны 156,2 мыңға жетті немесе 4 есеге, ал комбайндардың саны 4,3 есеге артты.

тың
Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві

— Яғни, тың игерудің пайдасы болды ғой?

Әрине. Қазақстан Кеңес одағы бойынша астық өндіретін негізгі аймақтардың біріне айналды. Астық өндіретін шаруашылықтардың тұрғындарына әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалды, ауылда қажетті инфрақұрылым қалыптасты. Тың игерушілерде көтеріңкі рух, еңбекке деген құлшыныс жоғары болғаны рас. Еңбек озаттары көптеп шығып, социалистік жарыстар ұйымдастырылды. Астық жинаудың түрлі әдістері дүниеге келді. Тың игеру бидайды ғана емес, астықтың өзге түрлерін өсіруге де мәжбүрледі.

Тың игеру ісіне ғалымдар да көлемді үлес қосты. Олардың арқасында егін шаруашылығына жарамды тың жерлерге зерттеулер жүргізіліп, бөлінген жер телімдері іріктеліп, жаңа совхоздарда шаруашылық пен тұрғын үй құрылыстары жоспарланды, сусыз жерлерді суландыру жобасы жасалынды. Тың жердің жағдайына сәйкес келетін машиналар ойлап табылды. Бірақ осы кезеңге дейін тың игеру ісіндегі ғалымдардың алатын рөлі жеткіліксіз зерттелді. Нақты материалдар тек тың игеру тарихына арналған кейбір еңбектерде ғана кездеседі. Олар шағын, әрі ғалымдардың үлесі туралы толық мәлімет бере алмайды. Сондықтан бұл мәселенің терең зерттелмеуі тың игеру тарихының ақтаңдақ беттерін арттырады.

тың
Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві

Тың игеру барысында жаңашыл бастамаларға жол ашылды. Оның бірі – студенттік құрылыс отрядтары. 1954 жылдың күзінде Қостанай облысының Таран ауданының жастары жаңа бастама көтерді. Олар республикамыздың барлық еңбекшілерін мәдени-ағарту мекемелерінің құрылыстарын салу және жөндеу, олардың жұмысын жақсартуға шақырды. Бұл бастама халық тарапынан үлкен қолдау тапты. 1955-56 жылдары ауылдық елді мекендерде 17 мәдениет үйі, 450 клуб, 300 кітапхана, 50 оқу залы, 500-ден астам «қызыл бұрыш», 10 стадион және спорт алаңдары салынды, 230 елді мекен радиомен, 170 елді мекен электрмен қамтамасыз етілді. Л.И.Брежнев «Целина» кітабында тыңның 90 жаңа қаланың салынуына септігін тигізгенін жазады. Бірақ Қазақстан үшін оның ұтымды тұстарынан, әкелген зардабы орасан.

— Қандай?

— Тың игерілген аудандардың географиялық, ұлттық-этнографиялық, экологиялық бейнесі өзгерді. Географиялық картада ұлттық мазмұнынан айырылған елдімекендер жаппай бой көтерді. Мәселен, «Московский», «Астрахань», «Горький», «Бауман», «Симферополь» және тағы басқа осындай атаулар көбейді.

тың
Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві

Аграрлық реформа ғылыми негізделген экономикалық заңдылықтарға сүйене отырып жасалған жоқ. «Тыңға шабуыл» ешқандай дайындықсыз, тез басталды. «Соқаның жүзі қара топырақты құнарлы жерлерге де, жайылымға бай бетегелі далаға да, сондай-ақ сортаң жерлерге де салынды. Екпінді комсомол-жастар мен интернационалдық бригадалар «қазақ даласының ішек-қарнын ақтарып тастады», — деп жазады Ш.Мұртаза. Жүздеген, мыңдаған және миллиондаған гектар жыртылған аймақтар туралы мәлімет-рапорттар жоғарыға беріліп жатты. Тапсырманы асыра орындау үшін 6,3 ммлн гектар жердің орнына 1954 жылы 8,5 млн гектар жер жыртылды. «Тыңды бағындырушы белсенділерге» жолдың, астық қоймасының болмауы да еш абыржытқан жоқ. Үлкен еңбекпен өсірілген астық жүз мың тонналап қырманда, соншасы дестеленген күйі ашық далада, жаңбыр мен қардың астында шіріп қалды. Егер бұған жалқаулық пен шаруаға қырсыздықты қосатын болсақ, 15 мың трактор сынып, үнемі жөндеуде тұрды. Көптеген зерттеушілер тың өндірісінің әлеуметтік тиімділігіне сараптама жасаған кезде орташа өмір сүру деңгейі, балалар өлімі, кадрлар ауысымы, қылмыстық және шаруашылық қылмыстар, жасырын жұмыссыздық, жергілікті тұрғындардың көңіл-күйі, алкоголизмнің таралуы, жер экологиясы және басқа мәселелерге соқпай айналып өткен.

Бұдан бөлек, ғалымдардың есебі бойынша тың игеру кезінде топырақ гумусының жоғалуы 15-20 пайызға, кейбір жерлерде 23 пайызға дейін жеткен. Ал бүгінгі күні бұрынғы тың жерлердегі гумус құрамының жоғалуы 35 пайызға жетті және бұл процесті қалпына келтіру мүмкін емес.

тың
Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві

1951-1965 жылдары елімізде жылқының саны 365,7 мыңға азайып кеткен, біржақты саясаттың салдарынан жалпы мал шаруашылығы, оның ішінде ірі қара өсіру кенжеледі, жайылымы мол қазақ даласында қой өсіруге көңіл бөлінген жоқ. Рас, жылдар өткен сайын мал басының өскені байқалады. Бірақ бұл Кеңес өкіметінің аграрлық саясатының жемісі емес, табиғи құбылыс болатын. Қазақстанда 1980 жылдардың өзінде мал саны жыл сайын баяу өсіп отырды. Тың игеру жылдары шошқа саны артып, 4 еседен астам өскен деген мәлімет коммунистік жетістік ретінде жария етіліп келді. Алайда салыстырмалы түрде қорытынды жасау үшін, алдымен соның алдындағы көрсеткішті алу қажет. Демек, бұрын шошқа өсірілмеген қазақ даласында бұл түліктің саны туралы сөз етудің өзі артық.

тың
Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві

Тың және тыңайған жерлерді игеру ұранымен асығыс жүргізілген шаралардың қоғамдық-әлеуметтік, демографиялық салдары аз уақыт ішінде Қазақстанның солтүстік аймағында қазақ ұлтының үлесі азайып қалды. Жаңа совхоздарды жұмысшы күшімен қамтамасыз ету үшін Кеңес одағының түрлі аймақтарынан ондаған ұлттың өкілдері, жұмыссыз жүргендер, қылмыстық элементтер, ауыл шаруашылығы кәсіптеріне машықтанбаған әскери қызметкерлер, бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының өмір салты, мінез-құлқы жөнінде ешқандай түсінігі жоқ мыңдаған адам келтірілді. Осылайша, қазақ халқының мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық ерекшеліктері мен салт-дәстүрлері, мәдени құндылықтары аяққа басылды. Интернационалдық тәрбие деген желеумен, тыңға келгендерді жаппай орыстандыру саясаты жүргізілді.

Бұл қазақ халқы үшін өтеуінің орны толмас, Хрущев тарапынан жасалған нағыз кешірілмес күнә дер едім.

— Әңгімеңізге рақмет!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз