Елдік көңіл-күй

0
161

Биылғы шілде біз үшін халықаралық және елдік елеулі көңіл-күйден басталды. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің жиыны әлемдік абыройымызды арттырды. Жаһандық татулық пен сұхбаттастыққа жол ашатын Астана декларациясы кейінгі жылдардағы бейдауа қауіп-қатер мен дағдарысты реттеуге ықпал етеді деген үмітіміз зор. Ең бастысы, ШЫҰ-ға төраға болған Қазақстанның үйлестіруімен, жетекшілігімен дүниежүзіндегі 3,5 миллиард халықты құрайтын мемлекеттер басшылары осындай пәтуаға келіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық құрылымды «сын-қатерлерге төтеп беретін мейлінше тиімді ұйымға айналдыру» мәселесін дер кезінде көтеріп, қолдау тапты. Бұл ретте халқымыздың «Пейіліңді кеңге сал, қырманыңды дөңге сал» деген даналығы еске түседі. Оның арғы жағынан Шығыс шайыры Рудакидің «Ақылды татулыққа, ақымақ қатулыққа ұмтылады» деген ойы аңғарылады. Астана төрінде ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясының қабылдануы және еларалық тұрақтылыққа арқау сан саланы қамтыған 20-дан аса құжатқа қол қойылуы – сарабдал пейіл мен елшіл маңдай тердің арқасы. Енді ұйым кеңістігі кеңейе беретіні айқындалды.

Иә, дүниені дүр сілкінткен іс-шара Астана күні мен Домбыра күні қарсаңында өтті. Біздіңше, мұның да рәміздік сәйкестігі бар.

Астана – Рудаки жұрты тілінде «табал­дырық» ұғымын береді. Бәрі де табал­дырықтан басталады. Киіз үй де, зәулім ғимарат та, хан сарайы да, жаһандық үйле­сім архитектурасы да. Астана – жаңа ұлт дамуының, мемлекет дамуының табалдырығы еді. Елорданың Арқа төсіне көшуі, ел мен жер тұтастығына әсер етуі – елеулі тарихи факт. Ширек ғасырда сары­тап цифр төңкеріліп түсіп, жергілікті халықтың 18 пайыздан 81 пайызға өсуі – белесті құбы­лыс. Бейнелеп айтсақ, тәуелсіздік түлеткен Қазақстан, бүгінгі әділеттікті темірқазық еткен Қазақстан рәмізді табалдырықтан сәтті өтті. Рас, алдымызда көп мақсат-міндет тұр. Бұйырса, ол да еңсеріледі. Енді еліміздің табалдырығынан төріне дейін, Мемлекет басшысы айтқандай, адалдық салтанат құрса, еңбек адамы қадірленсе, көп қиындық артта қалмақ.

Домбыра – біздің көңіл-күйіміз. Ол қуанышты еселендіріп, мұң-шерді тарқатады. Халыққа күш-қайрат береді. Осы аспаптың қос ішегі – қашан да бірлік пен берекені, достық пен сыйластықты меңзейді. Жарықтық Қадыр Мырза Әлінің «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра! Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана…» деген өлең жолына ұлттың бар болмысы сыйып кеткен. Қайбір жылы Рим Папасы ІІ Иоанн Павел Астанаға арнайы сапарлап, Еуразия университеті ғалымдарымен кездескенде, оған қазақтың қара қобызы тарту етілді. Сонда Войтыла пірәдар: «Домбыра мен қобыз әуені тым терең екен!» деген-ді. Діндар сөзі дипломатиялық этикет екені рас, дегенмен оны тың әрі тылсым музыка баурағанын жоққа шығаруға болмас. Сонау Абай қадірлеген Аплатон (Платон) заманынан музыка – «мемлекеттік тәрбиенің маңызды құралы». Музыкатанушылар «әл-Фараби домбыраның атасы – таңбураны жетілдірді» деп есептейді. Ғұлама «Аспапты музыка құлаққа жағымды естіліп, жүрекке жылы тиеді» деп жазыпты. Бұл Платонның: «Музыка әлемді шабыттандырып, қанат бітіреді, қиялын самғатады. Ол – күллі әсемдік пен биіктіктің айнасы» деген ойымен сәйкеседі.

Мұны тура кешегі Шанхай ынтымақтастық ұйымы жиыны қорытындысына қаратып айт­қандай. Саяси парасаттың жөні бір бөлек, мәр­те­белі қонақтарға ұсынылған қазақ өнер ше­бер­лерінің концерті және сол кештегі қасиетті домбыра сазы осы ақиқатты дәлелдей түсті.

Бұл – Астана мәдениетінің бір асқары. Мәдениетті біз көбіне еуропаша һәм түрікше күл­түр мағынасында ғана түсінеміз. Бұған даула­сып жатпаспыз. Алайда Шығыспен та­мыр­­­лас­тағымызды алға тартып, мәдениетті – «өр­кениет» деп парықтау деңгейіне көтерілуі­міз керек. Әбу Насыр әл-Фараби оқып-тоқыған жұрт­та цивлизацияны «маданиатун» дейді. Бұл жүре­гіміздің (яки қалыбымыздың) бір бұры­шында тұрғаны дұрыс. Сонда біз Астана мәде­ниетіне, отандық мәдениетке үлес қосу арқылы адамзат өркениетін дамытқан боламыз.

Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан: «Ән-өлең, күй – адамның анық тiлi, шын тiлi, көпке бiрдей ұғымды тiл. Бұл тiл – жанға хас жүрек тiлi, сезiм тiлi, күй тiлi. Неше түрлi рахат татқан адам жаны осы тiлмен сөйлейдi» деп тұжырымдайды. Большевизмнің сыңаржақ саяси ұртоқпағы өршігенде зиялылар «Алқа» атты ұйым құрған-ды. Алқа да бірлесуді аңғар­тады. Бағдарламасының кіріспесі ел түсі­нігіне сай «Табалдырық» деп аталды. Соның түйіні мынау: «Табалдырықты аттап, төрге шық, «Алқаға» кір!».

Дәл бүгін Қазақстан осы рәмізді пікірді әлемге қаратып айтып отырғандай. Бұл ой –бірлесуге нұсқаған ишара әрі барды арттыруға, үйлесімді нығайтуға бағытталған идея.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ