«Дударай» әнінің шынайы авторы – Үлебай екені анық

0
23

Видеодан скриншот

Қазақ музыка тарихында шындыққа жанаспайтын, кейде тіпті жалған деректер кездеседі. Кейде әннің не күйдің шығу тарихы бұрмаланады. Кейде атауы әдейі өзгертілетін жағдайлар да болады. Тіпті авторы жайлы да қате ақпараттар да бар. Әрине, егер әуелгі авторы белгісіз болса, «жаңа авторы» туралы мәліметті түсінуге болады. Алайда, егер төл авторы белгілі болса ше?

Сөзсіз, Кеңес Одағы уақытында идеологиялық себептерге байланысты көп нәрсе өзгерді, дәлірек айтсақ – әдейі өзгертілді. Тәуелсіздік жылдары бұл олқылық түзетілгенімен, әлі де қалың көпшілікке жетпеген сияқты. Бүгінгі әңгіме осындай бір ән жайлы болмақ.

«Дударай» әнін естімеген қазақ жоқ шығар. Соңғы 100 жылда небір әншілер орындады. Арысы даңқты Әміре Қашаубаев оны Париж сахнасында шырқаса, бертін келе талантты  Димаш Құдайберген бұл әнді Бейжің төрінде көрерменге жеткізді. Бұл – қалың қазақтың мерейін асырған сәттердің бірі еді.

Міне, осы «Дударай» әні әлі күнге дейін «авторы Мәриям Жагорқызы» деп жүргендер бар. Кәсіби музыканттар бұл жайында ақиқатты біледі. Жүрген жерінде айтып-ақ жүр. Енді бұл шынайы деректі қарапайым көрермен мен оқырман да білуі тиіс.

Әуелі Евгений Брусиловскийдің «Воспоминания» атты мемуарлық естеліктер кітабына үңілейік. Мәтін орысша берілген, қазақшаға аударып ұсынып отырмыз.

«Дударай» әнінің авторы ретінде Мария Егоровна Рекина есептеледі. Бұл әнді жазғаны үшін Қазақстан Үкіметі Мария Егоровнаға республиканың «Еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағын берді. Бұл әдетте тенорға арналған күшті жоғарғы дауысты және ортаңғы дыбыстарды жақсы орындайтын ерлердің әні. Әннің диапазоны – децима. Мұндай диапазоны бар кең және айқын сипаттағы әйелдер әні Қазақстанда болған емес және болуы да мүмкін емес. Бұл әннің авторы, сөзсіз, Көкшетау маңындағы Қорғалжын өңірінде өмір сүрген қазақ әншісі.

 

Евгений Брусиловский (1905–1981) – қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушылардың бірі, алғашқы қазақ операларының авторы. Ол «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» секілді алғашқы қазақ операларын жазып, қазақтың дәстүрлі музыкасын классикалық жанрмен ұштастырды. Композитор «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері», профессор атағына ие болып, көптеген ұлттық және симфониялық шығармалар қалдырды. Кәсібилігінде ешкімнің күмәні жоқ. Яғни, дерегіне сенуге болатын екі адам болса, соның бірі – Евгений Григорьевич.

1945 жылы сауыншы Рекина Қазақстан композиторларының бірінші съезіне қатысушы болып, Алматыға келді. Ол қазақ киімін киген, қарапайым, үндемейтін, тұйық орыс әйелі еді. Біздің атақты әнін түпнұсқада айту туралы өтінішімізден ол бас тартты. Жалпы, съезд барысында ол бірде-бір рет ән айтуға тырыспады. Мұндай әсерлі әнді ауқымды құрылыммен және жоғары дауыспен орындауға лайықтап жазған адам талантты, кәсіби әнші болуы керек. Мысалға, Әміре Қашаубаев немесе Ғаббас Айтпаев сияқты. Оның репертуарында өз әндерінен басқа, туып-өскен өңірінде таралған көптеген халық әндері болуы тиіс еді.

Осы деректерден кейін күмәніміз тіпті күшейе түседі. Ендеше, ары қарай оқиық.

«Алайда, Марьям Жагорқызы мүлде ән айтқан жоқ. Мүмкін, қаламаған шығар. Бірақ, бәлкім, ол Алматыға келіп, музыканттармен араласқанда, өзінің әндерін айтып, өзі туралы баяндауға қызығушылық танытуы керек еді. Бірақ олай болмады. Мүмкін, ол «Дудар-ай» әніне мүлде қатысы жоқ шығар? Мүмкін, ол тек әннің романтикалық аңызы ғана болды ма? Немесе Мари мен Думанның махаббаты осы әннің авторына шабыт берді ме?», – дейді Евгений Григорьевич.

Біз жоғарыда жаздық. Кәсіби музыканттар баяғыдан-ақ әннің авторын біледі. Ол жайында түрлі деректер мен естеліктер бар. Сондай зерттеулердің бірін композитор, өнер зерттеушісі Ілия Жақанов жүргізген. «Аққу әні» атты мақалалар жинағында бұл әнге бір тарау арнайды.

Ілия Жақанұлы Мәриямның ауылына барып, таныстары мен туғандарын тауып, ауқымды деректі зерттеу жүргізеді. Мәриям мен Дүйсеннің (Дудар – осы Дүйсен) ата-анасы, туған жері, махаббат хикаясы жайлы мәліметтерді жинақтап, жариялайды. Түптің түбінде Мәриямның қызымен кездесіп, ауызынан құнды ақпараттар жазып алады. Ал ән жайлы сұрағанда ол:

«Ендігі сөз – «Дударай» әні жөнінде. Бұл халыққа тарап, шырқалып жүрген бұл ән, обалы нешік, жасыратыны жоқ Дүйсен мен Мариямның қияметттік досы – Үлебайдікі. Сөз түйіні осы!» – деп жауап берген екен.

І. Жақанов осы сөзден кейін, деректі нақтылау үшін өз пікірін тағы қосады: «Бұл сөзді мың-миллион рет қайталап, оны бүкіл әлемге жар салуға болар еді. Бұл сөзді Муслима айтты. Марьямның қызы Муслима!».

Зерттеуші әннің авторын айқындап алғаннан кейін, оның шығу тарихы жайлы аз-кем сөз қозғайды. Әрине, біз әнді «мына айда, мына күні шығарылды» деген нақты мәліметті таба алмаймыз. Себебі кез келген ән мен күйдің дүниеге келу үдерісі әртүрлі. Оған әсер ететін жағдайлар да сан қилы. Сондықтан І. Жақанов сол кезді жалпы суреттейді.

Мәриям, Дүйсен, Үлебай – түйдей құрдас, туған жылдары – 1892 жыл. Алғашында Үлебай Ұялыда Мариям мен Дүйсеннің кезігіп жүрген сәтін көріп, кейде Дүйсенді «Дудар бас, орыспен ашына» деп ел көзінше әзілдеп, ажуалап, келе-келе екеуінің бір-біріне деген махаббатын түсініп, оларға шын тілектес болады. Қиын-қыстау сәттерде жол табады. Дәл осындай жастық романтикамен толықсып жүрген шағында Үлебай Мәриям мен Дүйсен махаббатын ұзақ ән-жырға арқау етеді.

Ұялы деп отырғанымыз қазіргі Астана түбіндегі Қорғалжын ауданындағы ауыл. Білуімізше, атауы жақын маңдағы көлдің атына байланысты қойылған. Кітапта Дүйсен мен Мәриямның осы көл жағасында үнемі кездесіп жүретіні жазылады. Әуелгіде Үлебай бұл әнді жан досын қалжыңмен қағыту мақсатында шығарған болса керек. Ілия Жақанов бұл әннің мәтіні ұзақ екенін және түрленіп кете беретінін жазып кетеді.

Қорғалжындағы «Дударай» әніне қойылған ескерткіш

Сонда Үлебай кім? Туып-өскен жері сол Қорғалжын. Жоғарыда жазғанымыздай, 1892 жылы туған (wikipedia-дағы дерек бойынша 1886 жылы туып, 1966 жылы қайтыс болған). Үлебайдың бірнеше әні болғаны анық, өкінішке қарай «Дудараймен» бірге тек «Шайтан торы» атты әні жайлы ақпарат қана сақталған екен. (Бұл – Ілия Жақановтың дерегі).

Үлебай Тінәлі руының Дәулет атасынан тарайды. Өзінің шын есімі – Рахметулла, әкесінің аты – Әнет. Әке-шешеден жастай жетім қалған Үлебайды нағашы ағасы Нұрмағанбет тәрбиелеген. Үлебай сыптығыр, ұзын бойлы, ақ сары, көзі көкшілдеу, атжақты көркем кісі екен. Жасынан әзілге, ойынға ілкімді боп, шешендік сөздерді қағып ап, өлеңді суырып салып шығара берген. Жетімдік хал оны бұғанасы қатпай, ауыр мехнатқа жегіп, ол «жетім қозы тас бауыр, маңырар да отығар» дегендей безек қағып жүріп пысыған, тез ширап, ерте есейген.

Өзі ағаштан түйін түйіп, тасты гүлдеткен ұста, зергер, арба, үй жиһазын, ер-тұрман әбзелін жасап, домбыра ойған, қамшы, жүген, құйысқан, өмілдірік өрген; балаларға ашамай сыйлап, түйеге қонымды етіп қос кигізген. Ауылдағы думан жиын-тойларда ән шырқап, қысқа толғаған. Бір ғажап өнері – аңшылық болған. Бала кезінен тұзақ құрып, қақпан ұстаған. Қақпанға түскен қасқырмен айтыстары жұрттың күні бүгінге дейін ішек-сілесін қатырады. Амал не, ол айтыстары көрінгеннің қолында кетіп, әлі татырмай жүр.

Құрметті оқырман, жоғарыда келтірілген деректер мен зерттеулерге сүйенсек, «Дударай» әнінің шынайы авторы – Үлебай екені анық. Әннің мәтіні мен әуені сол дәуірдің махаббат оқиғасын бейнелеп, халық арасында кеңінен таралды. Алайда уақыт өте келе әннің тарихы бұрмаланып, оның авторы туралы қате мәліметтер тарады. Біз ұсынған Е. Брусиловский мен І. Жақановтың жазбаларынан бөлек басқа да зерттеулер бар. Ел ішінде сақталған әңгімелер тіпті көп. Демек, алдағы уақытта «Дударай» – Үлебайдың төл туындысы деп айтып-жазып жүру – тарихи әділдік болмақ.

Рүстем НҮРКЕНОВ, өнер зерттеушісі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ