Мен үшін бұл жай ғана жұмыс емес, бұл менің жан қалауым

Қайратов Алишер – жас фермер, 28 жаста. Ол 22 жасынан бастап өз кәсібін ашып, бүгінде Жетісу облысы, Ақсу ауданында орналасқан КХ «Қайрат» шаруа қожалығын табысты жүргізіп келеді.
Бастапқыда заңгер мамандығын игеріп, Қазақ ұлттық университетінде білім алған Алишер, ата-анасының ауыл шаруашылығындағы еңбегін көріп, бұл салаға деген қызығушылығын ерте жастан қалыптастырды. Осы бала кезден бергі арманы оны кәсіпке жетелеп, бүгінде 1500 гектар жерге арпа мен бидай егіп, мал өсірумен айналысуға мүмкіндік берді. Қожалықта қой, жылқы өсіріледі, сондай-ақ мал бордақылау ісі жолға қойылған.
Заманауи техникалармен жабдықталған шаруашылықта комбайн, төрт МТЗ тракторы және басқа да ауыл шаруашылығына қажетті құралдар бар.
«Мен үшін бұл жай ғана жұмыс емес, бұл менің жан қалауым. Ауыл шаруашылығы–үлкен еңбекті талап етеді. Аграрлық секторға қызығушылық танытқан жастарды менің жанымда жұмыс істеуге шақырамын, әрқашан өз тәжірибеммен бөлісуге дайынмын. Менің мақсатым–шаруашылықты кеңейту», – дейді жас фермер.
Еңбекқор әрі өз ісіне жан-тәнімен берілген жастар көбейсе, ауыл шаруашылығының болашағы жарқын болары сөзсіз!