Үрімжі қаласында алғаш рет «Study in Kazakhstan» білім беру көрмесі өтті

13 мамырда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы – Үрімжі қаласында алғаш рет «Study in Kazakhstan» білім беру көрмесі өтті. Ауқымды шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен, Орталық Азия мен Қытай елдері білім министрлерінің алғашқы кездесуі және Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің білім министрлерінің 9-отырысы аясында ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қытайдың Батысқа шығатын білім мен мәдениет қақпасы – Шыңжаңда көрменің өтуі қазақстандық жоғары білімнің халықаралық аренадағы беделін арттырып, қос ел арасындағы академиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге сеп болды.
Көрмеге Қазақстанның 16 жетекші жоғары оқу орны қатысты. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Алматы технологиялық университеті (ALT University), Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті, Алматы технологиялық университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Cardiff University Kazakhstan бар.
Көрменің ашылу салтанатына сондай-ақ Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Білім басқармасының басшылығы қатысты. Қытай тарапы көрмені жоғары бағалап, Қазақстанмен білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілік танытты.
Көрме барысында қазақстандық университеттер өздерінің білім беру бағдарламаларын, академиялық ұтқырлық, қос диплом жобалары, халықаралық стипендиялар және шетелдік студенттерге арналған оқу мүмкіндіктерін таныстырды. Қытайлық студенттер мен білім ұйымдарының өкілдері Қазақстанның жоғары білім жүйесімен жақын таныса алды.
«Study in Kazakhstan» көрмесі шетелдік жастар үшін Қазақстанда сапалы әрі қолжетімді білім алуға жол ашатын, халықаралық беделді алаңға айналды.