2025 жылы 3,2 миллион оқушы бағдарламалармен қамтылады

0
13

ҚР Үкіметінің отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселелеріне тоқталды.

2025 жылдың жазғы кезеңінде 3,2 миллион оқушыны сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамтудың түрлі бағдарламаларымен қамту жоспарлануда. Жұмыстар тоғыз мемлекеттік органның бірлескен жоспары шеңберінде жүргізіледі.
Республикалық және өңірлік штабтар құрылып, балалар демалысын ұйымдастыру бойынша бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірленді.

Өңірлермен бірлесіп барлық демалыс орталықтарының тізімі бекітілді, олардың дайындығы республикалық штаб отырыстарында қаралды. Санитарлық нормалардың, тамақ қауіпсіздігі талаптарының, сондай-ақ судағы, ормандағы және спорт нысандарындағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілді.

Әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше назар аударылуда. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы аясында 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Басымдық көп балалы отбасылар мен ауыл балаларына беріледі.

Жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру мақсатында министрлік 120 мың педагог-ұйымдастырушыны даярлады. Қосымша 12 мыңнан астам студент пен ерікті тартылатын болады.

Өңірлер жазғы демалыс мазмұны мен инфрақұрылымды дамытуда оң өзгерістер көрсетуде:
• Түркістан облысында қамтуды кеңейту үшін 10 лагерьдің жанынан модульдік корпустар салынуда;
• Шығыс Қазақстан облысында «Қонақжай отбасы» жобасы кеңеюде — биыл алты елді мекеннен 62 отбасы қатысып, 140 балаға арналған демалыс ұйымдастырылады;
• Ақтөбе облысында және басқа да бірқатар өңірлерде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждер жанындағы лагерьлерде оқушылар шеберлік сыныптары мен кәсіби бағдар беру шеберлік сағаттарына қатысады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ