Ата жолын жалғауды армандаған ол бүгінде өз ісінің хас шебері

0
26

Теміржол тізгінін ұстау – тек мамандық емес, өмірлік миссия. Осындай жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап жүргендердің бірі – Астана локомотив пайдалану депосының бірінші дәрежелі машинисі Алмаз Мырзағазыұлы. Теміржолшылар әулетінде дүниеге келіп, бала күнінен ата жолын жалғауды армандаған ол бүгінде өз ісінің хас шебері атанып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Алмаздың үлкен атасы – Зейнолла Ниханбаев атақты Түрксіб теміржолын салуға ат салысқан. Ал оның ұлы Серікқазы Ниханбаев болса саналы ғұмырын Аягөз қаласының теміржолында вагон қараушы болып қызмет атқарыпты. Алмаздың әкесі Мырзағазы Ниханбаев болса Семей локомотив пайдалану депосында ұзақ жылдан бері инженер болып жұмыс істеп келеді.

Алмаз Мырзағазыұлы 1987 жылы 22 шілдеде Аягөз қаласында дүниеге келген. 2004 жылы көпсалалы гимназияны тәмамдаған соң Алматы қаласындағы қазақ жол қатынастары университетіне түседі.

Алғашқы еңбек өтілін Семей қаласындағы теміржолдан бастаған ол біраз уақыт машинистің көмекшісі болып қызмет атқарады. Бұдан соң білімін жетілдіру мақсатында Павлодардағы оқу орталығында «Тепловоз машинисі» курсы бойынша алты ай дәріс алады. Содан бастап қызу еңбек жолына кіріскенін айтады. Кейін Семей локомотив депосында тепловоз машинисі болып жүрген ол біліктілігінің арқасында Астана қаласынан шақырту алған.

«Кез келген саладағы жетістік оқып білім алу мен қатар қажырлы еңбек арқылы келеді ғой. Мәселен, 2009 жылы төртінші дәрежелі машинист болсам, арада бір жарым жыл тәжірибе алмасқан соң, арнайы сынақ тапсырып, үшінші разрядты маманға ойыстым. Одан үш жыл өткен соң жұмысқа жауапкершілігімді ескерген мекеме басшылығы екінші дәрежелі болу үшін өзім оқыған Павлодар оқу орталығына тағы бір ай оқуға аттандырды. Ал бірінші дәрежелі маманға 2019 жылы Астанада білім жетілдіріп, емтихан сұрақтарынан мүдірмей өткендіктен қол жеткіздім», – дейді машинист.

Білгенін үйретуді машыққа айналдырған еңбек адамы бүгінгі таңда жас мамандарды осы салаға баулып жүр. Күндіз-түн демей еңбек ететін маман иесі жауапкершілік жолында ауа райының қолайсыздығы да кедергі келтірмейтінін айтады.

«Локомотив бригадасы үлкен жұмыс атқарады. «Қазақстан теміржолы» ел экономикасын дамытуға ат салысып келе жатқан мекеме болса, біз де соған мейлінше өз үлесімізді қосуға тырысып келеміз. Жолаушылар мен табысталған жүкті қаладан-қалаға аман жеткізу жолында аянбаймыз. «Бейнетсіз зейнет болмайды» деген. Сондықтан зейнеткерлікке жеткенше елге еңбек етуді борышым санаймын», – дейді Алмаз Мырзағазыұлы.

Алмаздың жұбайы Какима Мұратқанқызы Астанадағы Ұлттық статистика бюросында бас маман болып жұмыс істейді. Бір ұл, бір қыз өсіріп отырған үлгілі отбасы балаларының да елге қызмет қылар азамат болып қалыптасуы жолында тұщымды тәрбие беріп отыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ