Көк байрағымыздың асқақ желбірегенін көру — зор қуаныш

0
27

Бүгін Көкшетау қаласында маңызды әрі тарихи шара өтті — Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шараға Қазақстан Тәуелсіздігінің шежіресіне аты алтын әріппен жазылған тұлға қатысты. Мемлекеттік елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков мерекелік жиынның құрметті қонағы ретінде келіп, салтанатқа ерекше мән-мазмұн қосты.

«Бүгін көк байрағымыздың асқақ желбірегенін көру — зор қуаныш. Ол әрдайым еліміздің үстінде қалықтап, өсуіміздің, рухымыздың, абыройымыздың белгісіне айналсын. Жастар Мемлекеттік елтаңбаның маңызын терең түсінуі қажет — онда халқымыздың бірлігі, еліміздің тұтастығы мен Ұлы даланың даналығы бейнеленген. Бабалар армандаған азаттық — тарих алдындағы ортақ парызымыз. Ал бүгінгі жетістіктер — жас ұрпақтың арқасы», — деді елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков.

Оның бұл шараға қатысуы — ұлы еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бүгінгі күнге дейінгі ұрпақтар сабақтастығын бейнелейтін рухани көпірге айналды. Жаңа буын отансүйгіштік пен мемлекеттік рәміздерге деген құрметті асқақ сезіммен қабылдап, сол эстафетаны жалғастыруда.

«Сізді бүгін еліміздің жүрегі саналатын, Көк байрағымыз биікте желбіреген Ақмола өңірінде қарсы алу — біз үшін үлкен мәртебе. Мемлекеттік рәміздер мерекесіне қатысуыңыз — бұл ерекше маңызға ие оқиға», — деп қарсы алды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Салтанатты рәсім «Ту тұғыры» монументі жанындағы алаңда өтті. Шараға 500-ден астам адам — ардагерлер, қоғам белсенділері, жас спортшылар, студенттер мен өнер өкілдері жиналды. Мемлекеттік Ту салтанатты түрде көкке көтеріліп, студенттердің біріктірілген хорымен Әнұран орындалды.

Өңір басшысы құттықтау сөз сөйлеп, рәміздердің ұлттық сана мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.

«Мемлекеттік рәміздердің мән-маңызын жерлестеріміздің халықаралық деңгейде жеткен жетістіктері айқындай түседі. 2025 жылы Ақмола облысының спортшылары Қысқы Азия ойындарында 11 медаль иеленіп, Хан Яна мен Арина Крюкова шорт-трек пен биатлон бойынша беделді жарыстардың жүлдегерлері атанды», — деді Марат Ахметжанов.

Шара аясында спорт, білім, шығармашылық және қоғамдық салада еңбек еткен азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Мерекенің ерекше бөлігі — Жандарбек Мәлібековтің Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері және оқытушыларымен кездесуі болды. Ашық форматта өткен кездесуде мемлекеттік рәміздердің азаматтықты, патриотизмді және ұлттық рухты қалыптастырудағы рөлі талқыланды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ