Патриотизм – парасат биігі

0
610

Әсілі әр адам жоғары бағалауға тиіс қасиеттер қатарында патриотизм де болса керек. Шынында осы ұғым сүйіспеншілікпен тікелей байланысты. Елін ықыласымен жақсы көрген адам неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым мемлекет те дами түсері анық. Патриотизмге тәрбиелеу жастар саясаты арқылы үздіксіз дамып келеді. Осылайша парасатты қоғамның іргесі қалана бермек.

Жалпы, патриотизмді ең қадірлі көзқарасқа жатқызсақ болады. Туған жерге адалдықтың, сүйіспеншіліктің, риясыз махаббаттың белгісі саналатын «мінез» ұлтшылдыққа, рушылдыққа, жершілдікке, жікшілдікке қарсы тұрады. Сондықтан патриотизмді ұлтшылдықпен шатастыруға әсте болмайды. Мысалы, АҚШ-та көптеген ұлт өкілдері бар, бірақ бәрі америкалық аталып, сол елдің мүддесі үшін жұмылады. Яғни, мемлекетшілдіктің бір көрінісі. Барлық адам шыққан тегіне, руына, ұлты мен ұлысына қарамастан елдің жайын ойласа – патриотизмнің нақ өзі.

Кез келген қоғамды болашаққа бастайтын мәңгілік құндылықтар бар. Ерік-жігер мен еңбексүйгіштікті соның алдыңғы қатарына қойсақ болғандай. Ал мемлекеттің дамуының нормасы ретінде патриотизм мен дәстүр рухын, бірлікті атаймыз. Міне, осы жолда әр адам өзінше ой қорытып, бір мүддеде тоғысқаны жөн.

Жастарды патриотизмге тәрбиелеу жайына келгенде, әскери борышын өтеу мәселесін алып қараймыз. Отан алдындағы борышын өтеудің жастар бойына сіңіретін жақсы қасиеттері жетерлік. Ең біріншіден, тәртіп. Екіншіден, тәрбие, қоғамның әр өкіліне құрметпен қарай білуді дарыту. Үшіншісі һәм ең маңыздысы – патриотизмге баулу, мемлекетті сүйіп, оның азаматтарын, тау-тасы мен өзен-көлін қорғауды дәріптеу. Осы айтылғандардың бәрі білім мен батырлықта тоғысса керек. Сондықтан қазіргі уақытта жастардың білім алудан қолы босамай, әскери борышын өтеуге асыққаны абзал. Мемлекетті адамдар құрайды, дегенмен бір мүддеге бастар патриотизм болмаса, азаматтардың құралуы қиын-ақ. Меңзеп отырғанымыз – тұтастық жайы. Ол үшін ортақ тіл, өзгеге қастығы жоқ діни сенім, салт-дәстүр қажет.

Мемлекеттің қалыптасу процесінде, әрі қарай дамуында халықтың өмір сүріп жатқан саяси-географиялық орны, табиғаты, айналасында болып жатқан саяси оқиғалар сынды факторлар ықпал етпей қоймайды. Сыртқы күштерге төтеп бере алатын қоғамның иммунитеті болса игі. Оның атауы, сол – патриотизм. Әрине, бұл тұста тарихты ысырып тастауға болмайды. Еліміздің қалыптасу тарихы ертедегі көшпенділер өркениетімен тығыз байланысты. Тарихтағы орта ғасырлардағы діннің, дінмен бірге кей ілімінің келіп, қайсыбірінің жоғалуын, өз кезегінде сұрапыл шапқыншылықтар мен тұлғалардың билік ету кезеңін, одан кейінгі отаршылдық, талай саяси шешімдердің бәрін бізге қалған сабақ ретіндегі мұраға балаймыз. Бұның бәрін неге тіздік? Өйткені халықтың жүріп өткен жолы азаматтардың санасында жазылады. Сол арқылы мінез, дағды, таңдау қалыптасады. Ал керегін алып, ой елегінен өткізерін өткізіп, қажет емесін ысыру арқылы қоғамның ілгері басуына септесе аламыз. Аталған мәселе – біз үшін әлі де зерделеуді қажет ететін дүние қатарында.

Әрине, патриотизмді елде белгілі бір дәрежеде дамыта алдық. Қазір Қазақстанда өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің өзі мемлекетті мақтан етіп, бір кісідей сүйіспеншілікпен қарай алады. Соның бірі – Қызылорда облысында тұратын Артём Александрович. Бүгіндері бұл азамат қазақша көсіліп, жергілікті халықпен аралас-құралас өмір сүреді.

«Кішкентай кезімнен қазақтардың ортасында, ауылда өмір сүріп келемін. Достарым, таныстарым – бәрі қазақ. Қазақ тілінде сөйлеу мен үшін проблема емес, өз тілім сияқты, еркін жүріп-тұрамын, ешкім жатсынбайды. Басқа елге көшетін ойым жоқ», – дейді ол.

Патриотизм жөнінде сөз қозғағанда ұраншылдықтан аулақ болған дұрыс. Демек, азаматтар жасанды түрде емес, шын ықылас-пейілімен патриот болған жағдайда ғана елге пайда әкеліп, мемлекеттілікті дәріптей алады. Мысалы, қазір қоғамда өзекті проблемалар сансыз. Отбасы құндылықтарының құлдырауынан бастап, қылмыс, әрісі жемқорлық секілді әділетсіздікке құрылған істер көп. Осынау дерттің бәрі сайып келгенде патриотизмнің қанат жайып, мемлекет мүддесінде тоғыса алумен жазылар еді.

Тәуелсіз елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірі алға жылжи бермек. Бұл тұста шынайы патриотизмнен алыстадық деп негативті арнада топшылауға болмайды. Себебі патриотизм болмаса мемлекет ыдырап кететіні айқын. Тарихтан, дәстүр мен сенімнен, мемлекет бірлігінен қуат алған халық елдің құраушы күші болып қала бермек. Бұл күшті сырт көзден сақтандырар құндылық – патриотизм. Тереңдегі тамырымыздың, сан ғасырлық тарихымыздың бастауынан нәр алған патриотизмнің жаңғыруы жолында халық ауытқымайтынына сенім мол. «Бәрінің илегені бір терінің пұшпағы» болса игі.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ