Қазақстан құрамасы медаль саны бойынша абсолютті көшбасшы атанды

Астанада жасөспірімдер мен жастар арасында ауыр атлетикадан өтіп жатқан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстан үшін бұл чемпионат соңғы 12 жылда алғаш рет өткізіліп отырған беделді құрлықтық турнир.
Чемпионат Азияның 25 елінен келген 14 пен 20 жас аралығындағы 300-ден астам мықты спортшының басын қосты.
Чемпионаттағы ең үлкен құрам Қазақстанға тиесілі: ел намысын 29 спортшы қорғады.
Азиялық ауыр атлетика федерациясының президенті Мохаммед Юсеф Аль-Мана турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті:
«Жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатының Қазақстанда өтіп жатқанына қуаныштымыз! Бұл тек Қазақстанның мойындалуы емес, сонымен қатар Азияның Олимпиада ойындарындағы ауыр атлетика бойынша ең мықты құрлықтардың бірі ретіндегі ықпалын дәлелдейді»,-деді.
Чемпионат қорытындысына сәйкес Қазақстан құрамасы медаль саны бойынша абсолютті көшбасшы атанды.
* 17 жасқа дейінгі жас көрсеткіші бойынша қазақстандықтар 12 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль жеңіп алды.
* 20 жасқа дейінгі жас көрсеткіші бойынша 9 алтын, 8 күміс, 10 қола медальға қол жеткізді. Сонымен қатар, бірнеше Азия және әлем рекорды жаңартылды.
Чемпионаттың жарқын жұлдыздары:
– Әлихан Әскербай (71 кг, 20 жасқа дейін): 3 алтын, 6 рекорд (3 әлемдік, 3 азиялық). Жұлқи көтеруде – 141 кг, серпе көтеруде – 169 кг, қос сайыс бойынша – 310 кг (жаңа әлем және Азия рекорды) бағындырды.
– Едіге Емберді (79 кг, 20 жасқа дейін): жұлқи көтеруде – 153 кг (алтын), серпе көтеруде – 194 кг (Азия рекорды), қос сайыс бойынша – 347 кг (Азия рекорды) еңсерді.
– Нқржан Жұмабай (79 кг, 17 жасқа дейін): 15 жастағы атлет 3 алтын жеңіп алды. Жұлқи көтеруде – 140 кг, серпе көтеруде – 175 кг (Азия рекорды), қос сайыс нәтижесі бойынша 315 кг көтерді.
– Денис Полубояринов (94 кг, 20 жасқа дейін): қос сайыс – 376 кг (абсолютті чемпион), серпе көтеруде – 213 кг (Азия рекорды) бағындырды.
– Ксения Прозорова (58 кг, 17 жасқа дейін): Қытай және Өзбекстан спортшыларын артта қалдырып, 3 алтын иеленді және ең жас чемпион атанды.
– Кира Данилова (69 кг, 17 жасқа дейін): жұлқи көтеруде – 87 кг, серпе көтеруде – 111 кг, қос сайыс – 198 кг көтеріп, 3 алтын медальға ие болды.
– Ерасыл Сәулебеков (88 кг, 20 жасқа дейін): жұлқи көтеруде – 153 кг, серпе көтеруде – 191 кг, қос сайыс нәтижесі бойынша 344 кг көтеріп, 3 алтын медаль иегері атанды.