Астанада зейнеткерлер ұлы ақынның шығармаларын ұлықтады

0
13

Астанада ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған жоспарлы іс-шаралар аясында Есіл ауданына қарасты «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» зейнеткерлері «Абайды оқимыз» атты әдеби эстафета өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара Абай ескерткішінің жанында ұйымдастырылды. Ақын рухына тағзым етуге жиналған зейнеткерлер Абайдың өлеңдерін, қара сөздерінен үзінділер оқып, әндерін нақышына келтіре орындады.

«Таным» поэзия зияткерлік клубының жетекшісі Гүлжамила Қонақбаеваның айтуынша, клуб мүшелері бұл бастаманы бірауыздан қолдап, Абайға арналған кешке ерекше ықыласпен дайындалған. Сондай-ақ, «Абай мұрасы – ұлт қазынасы» атты кітап көрмесі көрермен назарына ұсынылды.

Шілде-тамыз айларында орталықта Абайдың 180 жылдығына арналған 20-ға жуық іс-шара жоспарланған. Олардың қатарында поэзиялық кештер, шығармашылық эссе байқаулары, ашық сабақтар мен өлең оқу челлендждері бар.

Айта кету керек, тамыз айының екінші жартысында 100-ге жуық зейнеткердің қатысуымен «Абай еліне саяхат» атты мәдени сапар ұйымдастырылмақ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ