«Бәйтерек» экономиканың нақты секторын қолдауды күшейтеді

Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының экономиканың нақты секторын қолдауды кеңейту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру барысына назар аударылды.
Холдингтің мәліметінше, 2025 жылдың жеті айында «Бәйтерек» кәсіпкерлерге 4 трлн теңгеден астам сомма көлемінде қолдау көрсеткен, бұл 8 трлн теңгенің жылдық жоспарының 50%-ын құрайды. Оның 1,95 трлн теңгесі ШОБ-ты дамытуға, агроөнеркәсіп кешеніне бөлінген 657,5 млрд теңгені қоса алғанда, 1,64 трлн теңгесі – аралас шағын кәсіпорындарды дамытатын ірі бизнесті қолдауға, 414 млрд теңге экспорттаушыларға бөлінді.
Холдинг қызметі аясында 2025 жылдың І тоқсанында сатып алу көлемі 6,8 млрд теңгені құрады, оның 5,7 млрд теңгесі (84%) отандық тауар өндірушілердің үлесіне тиесілі. Бұл ұлттық жеткізушілерге басымдық беруге және ішкі нарықтың дамуын қолдауға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ «Бәйтерек» холдингі туристерді тартудың жаңа орталығын құруға мүмкіндік беретін әлемдік деңгейдегі Almaty Superski тау шаңғысы курортын құру жөніндегі жобаның операторы болып айқындалды. Жоба ел экономикасын әртараптандыруға және Қазақстанның халықаралық туристік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Директорлар кеңесі Холдингтің 2025-2028 жылдарға арналған даму көрсеткіштерін бекітті. Құжат кірістердің өсуін, инвестициялық бағдарламаларды кеңейтуді, сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға және бизнес үшін қосымша мүмкіндік туғызатын жаңа жобаларға, оның ішінде туризм мен инфрақұрылымды дамытуға қатысуды көздейді.
Корпоративтік басқарудың жаңа стандарттарын енгізу, сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шаралары Холдингтің институционалдық тұрақтылығын нығайтуға және квазимемлекеттік сектор жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Директорлар кеңесі отырысының қорытындысы бойынша:
- индустрияландыру, экспорт және жаңа технологиялар енгізу салаларындағы инвестициялық жобаларға – $500 млн дейінгі сомаға еурооблигациялар шығару;
- өңдеу өнеркәсібін, металлургияны, көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ «жасыл» технологиялар саласындағы жобаларға – $500 млн дейінгі сомаға облигацияларды сатып алу жөніндегі мәміле;
- агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін – 100 млрд теңгеге облигациялар шығару, оның 50 млрд-ы отандық тауар өндірушілерді жеңілдікпен қаржыландыруға және 50 млрд-ы Қазақстанда өндірілген ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартуға жұмсалады. Бұл саланы жаңғыртуға, оның тиімділігін арттыруға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасайды;
- индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін тартымды мөлшерлемелері бар ұзақмерзімді валюталық қор жасау және ресурстарды тартуға – 500 млн Қытай юаніне дейінгі облигацияларды сатып алу бойынша мәміле.