ТЖ алдын алудың заманауи әдістері

0
25

Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысында халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алудың жаңа тәсілдері енгізілуде. Төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері азаматтық қауіпсіздіктің деңгейін арттыру үшін озық технологиялар мен стандарттан тыс оқу-ағарту әдістерін қолдануда.

Алматы қаласы ТЖД қала тұрғындарына арналған чат-ботты іске қосты. Алматы тұрғындары Telegram мессенджеріндегі жаңа цифрлық көмекші интерактивті чат-ботқа қол жеткізді. Қызмет қалалық телеарналардың бірінде тікелей эфирде таныстырылды. Чат-бот тұрғындарды жедел ақпараттандыруға арналған: қауіпсіздік туралы кеңес береді, төтенше жағдайларда іс-қимыл алгоритмдерін ұсынады, өрт, су тасқыны, жер сілкінісі және басқа да шұғыл жағдайда қалай әрекет ету керектігі туралы нұсқаулықтарды қамтиды. Жылу беру маусымының басталуына ерекше назар аударылды. Бостандық ауданы ТЖ басқармасының қызметкерлері тұрғындарға үйде өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салды.

Шымкентте «Біртұтас дрон инфрақұрылымы» пилоттық жобасы басталды. Бұл төтенше жағдайларды бақылау және оларға жедел ден қоюға арналған автономды ұшу аппараттарының жүйесі. Жобаны ТЖД мен қала әкімдігі бірлесіп әзірледі. Бес автономды станция ұшқышсыз ұшу аппараттарының 5 км радиуста ұшуын қамтамасыз етіп, қаланың шамамен 60%-ын қамтиды. Дрондар сауда орталығындағы өртті сөндіру кезінде де  өз тиімділігін дәлелдеді. Дрондардың көмегімен ТЖД мамандары жағдайды жедел бағалап, қызметтер әрекетін үйлестірді. Жүйе жылу желілерін бақылау, әлеуметтік нысандарды салу және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қолданылады.

Түркістан облысының ТЖД жас азаматтарға арналған шығармашылық жоба жүзеге асырып, «Жас құтқарушы» атты оқытуға арналған бояу кітабын шығарды. Оның авторы Шардара ауданы ТЖ бөлімінің бас маманы Абай Сатбаев. Бұл басылым бастауыш сынып оқушылары мен мектепке дейінгі балаларға арналған. Қарапайым әрі қызықты бояу кітабы балаларды қауіпсіздіктің негіздерімен, төтенше жағдайларда ден қою жолдарымен, құтқарушы мамандығымен, байланыс құралдары және құтқару жабдықтарымен таныстырады. Жоба патриотизмді қалыптастыруға, алғашқы көмек көрсету дағдыларын және қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан дамытуға ықпал етеді.

Заманауи технологиялар мен шығармашылық тәсілдер төтенше жағдайлардың алдын алуда негізгі құралдарға айналуда. Бұл барлық шаралар азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға бағытталған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ