Алаш арыстарының аманаты – елдігімізді нығайту, әділетті қоғам құру

19 қараша күні Маңғыстауда Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ағартушы Тобанияз Әлниязұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Алаш ардақтаған Тобанияз» республикалық ғылыми-конференциясы өтті.
Конференцияға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Атырау облысы Қызылқоға ауданынан арнайы келген делегация, отандық ғалымдар, зерттеушілер, жазушылар, қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар мен алаштанушы мамандар және қайраткердің ұрпақтары қатысты.
Конференция барысында Тобанияз Әлниязұлының Алаш қозғалысындағы рөлі, мемлекетшілдік ұстанымы, ел басқарудағы әділдігі мен мәмілегерлігі, елді отырықшылыққа бейімдеудегі еңбегі кеңінен сөз болды. Спикерлер тұлғаның ұлттық тарихтағы орны мен оның мұрасын ғылыми тұрғыда қайта зерделеудің маңызын атап өтті.
Атап айтқанда, тарих ғылымдарының кандидаты Болат Жұмағұлов Тобанияз Әлниязұлының Адай көтерілісіндегі және аштық жылдарындағы рөлін ғылыми тұрғыда талдаса, жазушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Марат Мәжитов тұлғаның көркем әдебиеттегі бейнесіне тоқталды. Президент сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жұмабай Құлиев «Ер Тобанияз: Жадыңнан өшпес қасірет» тақырыбында ой бөліссе, саясаттанушы әрі журналист Әбілхан Төлеуішов Тобанияз тағылымының бүгінгі күнмен сабақтастығын айтты. Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Светқали Нұржан қайраткердің елге сіңірген еңбегі мен тұлғалық болмысын ашып көрсетсе, «Құрмет» орденінің иегері Нұржігіт Хайруллаев «Әлниязшылдар тобы» жөнінде тың деректер ұсынды.
Жиын соңында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қорытынды сөз сөйлеп, Тобанияз Әлниязұлының ел тарихындағы орнын ерекше атап өтті.
– Тобанияз Әлниязұлы – ұлт тағдыры сынға түскен заманда халқы үшін отарлық саясатқа қарсы күрескен, әділдігімен ел есінде қалған тұлға. Ол – бір ғана Маңғыстаудың емес, күллі қазақтың перзенті. Бүгінгі конференция біз үшін тарих алдындағы жауапкершілікті сезіну, оның мұрасын жас ұрпаққа жеткізу және рухани сабақтастықты сақтау тұрғысынан маңызды қадам. Алаш арыстарының аманаты – елдігімізді нығайту, әділетті қоғам құру. Біз осы жолда еңбек етуге міндеттіміз, – деді өңір басшысы.








