Алматыда тауық еті мен қант бағасы тұрақтандырылмақ

0
8

Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру аясында «Алматы» ӘКК» АҚ «Алатау-құс» компаниясымен тауық етін (сан еті) жеткізу және сату бойынша форвардтық қарыз шартына қол қойды. «Алатау-құс» 30 фирмалық дүкенге 358,8 тонна тауықтың сан етін жеткізіп, қала тұрғындарына келісін 1650 теңгеден сатады. Тұрақтандыру мерзімі – 24 ай. Бұл туралы «Алматы» ӘКК» өкілдері хабарлады.

Бұған дейінгі келісім негізінде «Алатау-құс» компаниясы тауықтың сан еті мен жамбасын тұрғындарға келісін 1100 теңгеден сатып отыр.

Сондай-ақ, «Алматы» ӘКК» жергілікті өндірушілерден 4500 тонна құмшекер сатып алды. Отандық қант «Magnum», «Small», «Toimart», «Столичный», «Юбилейный» және өзге сауда желілерінде 10%-дан аспайтын үстемақымен сатылады. Өндіруші бекіткен баға – келісіне 405 теңге. Тұрақтандыру келесі жылдың қарашасына дейін жалғасады.

Айта кетейік, биыл наурыз айында «Алматы» ӘКК» мен «Magnum Cash&Carry» арасында әлеуметтік маңызы бар 11 түрлі азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыруға бағытталған келісім жасалған болатын. Жалпы көлемі – 606 тонна. Тізімге қарақұмық жармасы, макарон өнімдері (өлшеніп сатылатын), күріш, күнбағыс майы, майлылығы 2,5% жұмсақ қаптамадағы айран, майлылығы 72,5% сары май, майлылығы 2,5% пастерленген жұмсақ қаптамадағы сүт, тауық еті (сан, жамбас), бірінші сұрыпты ұн, сиыр еті (жауырын-кеуде бөлігі) және ас тұзы енді. Бағаны тұрақтандыру шаралары 2026 жылы наурызға дейін жалғасады.

Тауық жұмыртқасының құнын тұрақтандыру бағытында «Сары-Бұлақ» компаниясымен 2024 жылы қазаннан 2027 жылы қазанға дейін бірінші санаттағы 86,4 млн дана жұмыртқа өндіру және өткізу жөніндегі келісім жүзеге асып отыр. Өнім қаладағы ірі сауда желілеріне, «Алатау-Құс» фирмалық дүкендеріне және шағын дүкендерге жеткізіледі. Өндіруші белгілеген баға – данасы 51 теңге, ал сауда орындарында үстемақы 15%-дан аспауға тиіс.

Бұған қоса, Алматыда әр сенбі және жексенбі күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Бұл жерлерде әлеуметтік маңызы бар өнімдер нарықтағы бағадан 15-20% төмен саудаланады. Жәрмеңке қаланың бес ауданында ұйымдастырылады:

* Алмалы ауданы — Масанчи көшесі (Әйтеке би және Гоголь көшелерінің арасы);
* Алмалы ауданы — Жамбыл мен Әуезов көшелерінің қиылысы;
* Әуезов ауданы — Өтеген батыр көшесі (Абай даңғылынан төмен);
* Бостандық ауданы — Қазақфильм шағынауданы (әл-Фараби даңғылынан жоғары);
* Медеу ауданы — Меңдіқұлов бульвары – Бектұров көшесі;
* Жетісу ауданы — Құлагер шағынауданы, Серіков көшесі, 2.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ