Алматыда ІІМ кубогына арналған шахматтан республикалық турнир өтті

0
20

Алматы қаласында әскери және арнаулы оқу орындары арасында Ішкі істер министрінің кубогына арналған шахматтан турнир ұйымдастырылды.

Турнирге ІІМ Басқару академиясының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының, ҰҚК Шекара академиясының, Ақтөбе заң институтының, Әскери электроника және байланыс әскери институтының, Құрлық әскерлері әскери институтының, сондай-ақ Алматы қаласы, Қарағанды және Қостанай облыстарының ІІМ академияларының командалары қатысты.

Дәстүр бойынша турнирдің қатысушыларын қарсы алушы тарап – ІІМ Алматы академиясының бастығы Қалижан Қобландин мен Қазақстан шахмат федерациясының өкілі Гүлмира Дәулетова жасады.

– Алматы академиясының 70 жылдық мерейтойына орай алдағы жылдан бастап бұл жобаны халықаралық деңгейге шығаруды жоспарлап отырмыз. Болашақта Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан секілді жақын шет мемлекеттердің, сондай-ақ өзге де елдердің командалары қатысады деп үміттенеміз. Мұндай турнирлер кәсіби әріптестікті нығайтып, интеллектуалдық спортты дамытуға серпін береді, – деді ІІМ Алматы академиясының бастығы Қалижан Қобландин.

Республикалық турнир – Ішкі істер министрлігінің көпжылдық жобасы. Жыл сайын ІІМ Алматы академиясының ұйымдастыруымен өтетін бұл жарыс “Заң мен тәртіп” қағидаттарын дәріптеп, күштік құрылым өкілдері арасында стратегиялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Алматы қаласы ІІМ академиясының командасы иеленсе, ІІ орынды Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының командасы, ал ІІІ орынды Қостанай облысы ІІМ академиясының командасы жеңіп алды.

Аталған турнир қызмет жолында тек физикалық дайындық қана емес, алға бірнеше қадам ілгері ойлай білудің де маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ