Асанәлі Әшімов театры сахнасында Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовтің өмірі мен шығармашылық жолына арналған «Тағдыр тақтасы» автобиографиялық драмасы сахналанды.
Қойылымда сахна саңлағының өнердегі биік белестерімен қатар, адам ретіндегі ішкі толғанысы, өмір жолындағы қиындықтары мен тағдыр сынақтары шынайы көрініс тапты. Спектакль көрерменді өткен мен бүгіннің арасында сырлы сапарға жетелеп, ұлттық театр өнерінің терең болмысын сезіндіре білді. Әсерлі драматургия, актерлік шеберлік және тағылымға толы сахналық көріністер арқылы қойылым көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл қойылым — Асанәлі Әшімовтің сахнаға соңғы рет шыққан спектаклі ретінде театр тарихындағы айрықша туындылардың бірі саналады. Спектакль көрерменге өнер иесінің тағдыры мен рухани болмысын тереңінен танытты.
Қойылымнан кейін театр өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі — «Үздік логотип» байқауының жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті. Театрдың жаңа брендингін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам қатысушы өз жұмыстарын ұсынды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Жетісу облысы І.Жансүгіров ауылының тұрғыны Пазылжан Ұлас иеленді. Жеңімпазға «Үздік логотип» номинациясы бойынша 100 000 теңге көлемінде арнайы сыйақы табысталды.
Жаңа логотип — театрдың жаңарған келбетін, рухани сабақтастық пен ұлттық өнерге деген құрметті айшықтайтын ерекше нышан. Бұл бастама театрдың шығармашылық бағыттағы жаңа кезеңінің басталғанын білдіретін маңызды қадам болды.
