ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК СПОРТ ӨҢІРІ» АТАНДЫ

0
16
Желтоқсанның 25-і күні Туризм және спорт министрлігі жыл қорытындысына арналған «Үздік премия – 2025» дәстүрлі салтанатты іс-шарасын ұйымдастырды.
Онда спорт инфрақұрылымы мен саладағы жетістіктер сарапқа салынып, Қызылорда облысы алғаш рет «Жылдың үздік спорт өңірі» атанды.
Сонымен қатар, грек-рим күресінен 26 жылдан кейін тарихи жеңіске қол жеткізіп, алтын медаль алған жерлесіміз Айдос Сұлтанғали «Жылдың үздік спортшысы» атағын иеленсе, жеке бапкері Ғабиден Райымбек «Жылдың үздік жаттықтырушысы» номинациясымен марапатталды.
Айта кетейік, биыл денешынықтыру мен спортты дамытуға жергілікті бюджеттен 38 млрд. 213 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазір өңірде 377 мыңнан астам тұрғын спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл – өңір халқының 44,6 пайызы.
Жалпы соңғы 3 жылда 21 спорт кешені пайдалануға беріліп, ел игілігіне қызмет етуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен алдағы уақытта тағы 5 спорт нысаны ашылады.
Биыл алғаш рет ерлер мен әйелдерге арналған «Қызылорда бокс клубы» өз жұмысын бастады. Өңірде спорт инфрақұрылымын қарқынды дамытуға ұлттық компаниялар, қорлар, жергілікті кәсіпкерлер де белсенді атсалысуда.
Мемлекет басшысының спорт инфрақұрылымын дамыту тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион, «Самұрық Қазына Траст» әлеуметтік қолдау қорымен бірлескен «Теннис орталығы», Шиелі және Жалағаш аудандарында жаңа спорт нысандары салынып, іске қосылды.
Бүгінде «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда.
Сыр спортшылары ҚР чемпионаттары мен кубоктарынан 158 алтын, 154 күміс, 227 қола медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарынан 55 алтын, 38 күміс, 53 қола жүлдеге ие болды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ