Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі

0
152
Фото: Halyq Uni / Айгерім Таубай

Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру жоспарланып отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Мәжілістің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Заң жобасы Түркістанның Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуы мен дамуына, қаланың мемлекеттік маңызын тануға бағытталған.

Заңның қабылдануы қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтаудың оңтайлы жүйесін құруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек кесене аумағында ғылыми археологиялық зерттеулер мен ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жоспарлау мен басқаруға мүмкіндік бермек.

Заң жобасы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту, дәстүрлі қолөнерді дамытуды, Түркістан қаласын рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде дамыту және ілгерілетуді көздейді, – делінген ақпаратта.

Құжатқа сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау үшін нысан айналасында көшелерді өзгертуге болмайды. Тарихи орталық аумағында биіктігі 7 метрден асатын құрылысқа тыйым салынады.

Сондай-ақ қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілеріне қауіп төндіретін құрылыс, шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынады.

Археология ескерткіштерінің тұтастығын, түпнұсқалығын, құндылығын болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерваты құрылады. Археология ескерткіштерінің резерватына енгізілген ескерткіштерге қатысты қорғау саясаты археология ескерткішін тұрақты инспекциялау, оны алдын ала күтім жасау және оны қолдау бағдарламаларын пайдалануға негізделеді, – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ премьер-министр қол қойған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол үшін уәкілетті органдардың, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреті кеңейтіледі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ