Заманауи мектеп — балалардың табысты дамуының берік негізі

Қостанай облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту және сапалы білімнің қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Өңірде 5 860 оқушыға арналған 9 мектеп салынды, оның ішінде 7 мектеп 2025 жылы пайдалануға берілді. Жаңа білім беру ұйымдары Қостанай қаласының «Береке» және «Әуежай» шағын аудандарында, Арқалық және Рудный қалаларында, Қостанай ауданының Заречное және Еңбек ауылдарында, Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылында, сондай-ақ Жангелдин ауданының Көлқамыс ауылында ашылды. Қазіргі уақытта жалпы сыйымдылығы 1,9 мың орын болатын тағы 2 мектептің құрылысы жалғасуда.
Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы үш жылда облыста 2,2 мың орынға арналған 14 балабақша салынды. Нәтижесінде 2–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 2023 жылдың басындағы 90,5 пайыздан 96,4 пайызға дейін артты, ал 3–6 жас аралығындағы балаларды қамту 100 пайызға жетті.
Өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға да басымдық берілуде. Қостанай қаласында «IQostanay» SMART-орталығы, Тобыл қаласында «Балалар әлемі» балалар шығармашылық орталығы, Жангелдин ауданының Торғай ауылында «Жас өркен» шығармашылық үйі табысты жұмыс істеп келеді.
Заманауи жағдай қалыптастыру – балалардың табысты дамуы мен өңірдің болашағының берік негізі. Білім беру ұйымдарында өскелең ұрпақтың өзін-өзі жүзеге асыруына қажетті білім, дағды мен құндылықтар қалыптасады. Қолайлы, қауіпсіз және технологиялық тұрғыдан жабдықталған білім беру ортасын құру сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.









