Қарағанды облысының қысқы спартакиадаларына 500-ге жуық спортшы қатысуда

0
14

Қарағанды қаласында бір мезгілде екі дәстүрлі облыстық қысқы спартакиада бастау алды.

Қалалар арасында XXVIII «Ақ қыс – 2026» және ауылдық аудандар арасында XXXVI «Қарлы қыс – 2026» спартакиадалары аясында өңірдің түрлі салада еңбек ететін, әр жастағы шамамен 500 тұрғыны өзара бақ сынайды. Жарыстар екі күн жалғасады.

Спартакиада бағдарламасына спорттың төрт түрі енгізілген: президенттік көпсайыс, шаңғы жарысы, конькимен жылдам жүгіру және шайбалы хоккей.

– Бұл спорт түрлері облыс орталығымен қатар барлық қала мен ауданда жүйелі түрде дамып келеді. Оларға дайындалу үшін арнайы қымбат құрал-жабдық қажет емес, әрі баршаға қолжетімді, – дейді дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Досымбеков. – Сол себепті спартакиадалар дәл осы бағыттар бойынша өткізіліп, қысқы спорт түрлері бойынша жарыс маусымының қорытындысын шығаруға мүмкіндік береді.

Жарысты дәстүр бойынша хоккей командалары бастады. Бұқар жырау ауданының құрамында кәсіпкерлер мен коммуналдық сала қызметкерлері, кәсіби спортшылар мен әуесқойлар бар. Команданың қақпасын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Болат Жанбосов қорғауда. Оның айтуынша, хоккейге қызығушылығы бала кезінен басталған.

– Бала күнімізде қолымыздан келген жерде  мұз айдынын құйып, ойнайтынбыз. Қазір мектеп маңындағы кортқа жыл сайын мұз құйылады, сол жерде командамен тұрақты түрде жаттығамыз. Көпшілігіміз бұрыннан бірге ойнап келеміз. Бұл құрамда менің оқушыларым да бар, – дейді спартакиада қатысушысы. – Өткен жылы үшінші орын алдық, қателіктерімізді саралап, тыңғылықты дайындалдық. Биылғы мақсат – жеңіс.

Осакаров ауданынан келген Владимир Жуков бұл жарыстарға алты жылдан бері үздіксіз қатысып келеді. Биыл хоккей командасының құрамы жаңартылған. Қатысушылардың орташа жасы – 30 жас. Ал 55 жастағы Владимир – командадағы ең тәжірибелі ойыншы.

– Мен үшін бұл – ең алдымен жан қалауы әрі денсаулықты сақтау. Командамызда құрылысшылар да, кәсіпкерлер де бар. Әркімнің кәсібі әртүрлі болғанымен, барлығын спортқа деген ортақ сүйіспеншілік біріктіреді, – дейді спортшы-әуесқой.

Өткен жылғы қорытынды бойынша командалық есепте Осакаров ауданы үшінші орынды иеленсе, көшбасшылықты Абай ауданы еншіледі. Ал қалалар арасында Қарағанды тұрақты түрде алдыңғы қатардан көрініп келеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ