Хиджама қиындықтан құтқармайды

0
200

Соңғы жылдары хиджама жасату белең алып кетті. Жақында әлеуметтік желіде сәбилерді жылатып, маңдайынан қан алған маманның әрекеті қызу талқыланды. Желі қолданушыларының бір тобы хиджама жасау арқылы арам қаннан арылуға болады деп ойласа, екінші топ хиджамаға заңмен тыйым салу қажеттігін алға тартуда. Дегенмен елімізде курс оқып, сертификат алғандар хиджама жасауды кәсіп көзіне айналдырып алған.

Хиджама жасайтындарға лицензия берілмейді

Елімізде біліктілігі төмен дә­рігерлердің көбеюінен қазақстан­дықтар олардан түңіліп, халықтық медицинаға жүгініп жүр. Бұл жал­ған емшілердің көбеюіне әкелді. Олай дейтін себебіміз, қазір ауруды қан шығару тәсілі арқылы емдей­тіндер қаптаған. Мамандар бұл тәсілдің денсаулыққа кері әсері болуы мүмкін дейді. Себебі қан шығаруға мүлдем болмайтын жағ­дайлар болады.

– Негізінен, хиджама жасау­шылардың арнайы медициналық білімі болмағандықтан, көптеген науқасқа зияны тиіп жатыр. Се­бебі мемлекет тарапынан тексеріс жоқ, тыйым жоқ. Процедураны дұрыс жүргізбегендіктен, нау­қастарда инфекциялық сырқат өршиді, ба­қылаусыз қан алын­ғандықтан, нау­қас гиповоле­миялық шокқа түсіп қалуы мүм­кін. Өкінішке қа­рай, қайғылы жағдаймен де аяқ­талып жатқаны бар. Демек, мұндай емшілердің жұмысын қадағалап, адам емде­уіне тыйым салу керек,– дейді Шығыс медицинасының ма­маны, анестезиолог-реанима­то­лог дәрі­гер Ғабит Рысбаев.

Хиджама дәстүрлі медицинаға жатпайтындықтан, бұл процедура заңнамада қарастырылмаған. Сәй­кесінше, лицензия да беріл­мейді. Мұны Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та растап отыр.

– Қазір дәстүрден тыс меди­цинамен айналысатын адамдар медицина қызметін көрсетсе, өз ісін лицензиялауы керек. Ал ли­цензияланған медицина қызметіне хиджама жатпайды, – деді Денсау­лық сақтау министрі.

Осылайша, министрлік бұл са­лада шарасыз екенін жасырмай­ды. Өйткені бұған дейін Денсаулық кодексінің 54-бабының 4-тарма­ғына сәйкес, жеке тұлғалар уә­кілетті орган аккредиттеген ден­сау­лық сақтау ұйымдары беретін сертификат негізінде ғана халық­тық медицина, емшілік әдістерімен ем­деуге кірісе алатын. Бірақ «Рұқ­сат беру құжаттарын қысқарту және мемлекеттік органдардың ба­қылау және қадағалау функция­ларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 10 шілдедегі заңымен бұл норма алып тасталды. Бұл жаңа заң биз­неске түсетін әкімшілік жүктемені төмендету, сондай-ақ кәсіпкерлікті одан әрі дамыту жөніндегі Пре­зидент тапсырмасын орындау үшін қабылданды. Нәтижесінде, ми­нистрліктің денсаулық сақтау ұйым­дарын емші сертификатын беру құқығына аккредиттейтін құ­зыреті жойылды. «Емші серти­фи­каты» рұқсат беру құжаты қысқар­тылды. Салдарынан бүгінде халық емшілерінің қызметін бағалау мен бақылау қиын.

Хиджама жасайтындардың көбі ем-домның бұл түрін дінмен байланыстырады. «Хиджама – пай­ғамбарымыздың сүннеті, де­мек істеген амалдары. Сондықтан мұсылманға сүннет саналады. Пай­ғамбарымыз өз хадисінде бас ауырса, қан алдыру қажеттігін, өйт­пеген жағдайда адамның өліп кетуі мүмкін екенін айтады», – деп кәсіптеріне жарнама жасап, ем­делушілерді қызықтырады. Осы­лайша, қаншама адам қан қысы­мын реттеймін деп хиджаманың құрсауынан шыға алмай жүр. Де­генмен белгілі имам, дінтанушы Нұрлан Асановтың айтуынша, хиджама ескі араб табиғатында бұрыннан бар дүние. Қазақта ем-домның бұл түрі «шертпе» деп ата­лады. Бірақ қазақ ауырған адам­нан көп қан алмаған. Қазір қоғамда «арам қанымызды алдырамыз» деген қате түсінік қалыптасқан. Заң­дылық бойынша адамның қаны ауамен араласқан кезде ұйып қалады. Соны «арам қан» деп айту­дың өзі қисынға келмейді.

– Қазір ХХІ ғасыр, медици­на­ның әлеуеті жеткілікті. Сондықтан қан шығарамын деп жан шығарып алмас үшін кәсіби дәрігерлердің кеңесіне жүгінген дұрыс. Әр нәрсе заманға сай болуы керек. Баяғыда көзіне теріскен шықса қызыл жіп байлаған деп отыратын уақыт емес. Бұл емдеу жолдары бұрын қалып кеткен. Хиджама медици­на­лық процедураға жатпайды. Сон­дықтан Денсаулық сақтау министрлігінің хиджама жасау­шы­ларды тексеруге әлеуеті жетпейді. Хиджама жасайтын орталықтар діни рәсім ретінде тіркеліп алған. Сонда осындай орталықтарға тек­серу жүргізу үшін міндетті түрде бір бала хиджама жасатып өлуі керек пе? Менің ойымша, мемле­кет заң бойынша хиджама жасай­тындарды тексеруі керек. Олардың қан алатын құралдарының бар­лығы стандартқа сай келмейді. Қытайдан шыққан банкалармен адамнан қан алу қауіпті, – дейді Нұрлан имам.

Ақша табу жолына айналған

Осылайша, медициналық ұйым­нан «хиджама курсын оқы­ды» деген сертификат алған ем­шілер ашық қызмет көрсетіп жүр. Әлеуметтік желіде курстардың жар­намасы жер жарып тұр. Со­лардың біріне хабарласып, курс­тың бағасын сұрап көрдік.

– Орталықтың білікті маман­да­рынан хиджама курсын авторлық әдістеме және сүннет бойынша оқисыз. Курс ұзақтығы 7-10 күн, күніне 3 сағат. Медициналық бі­лімнің болуы маңызды емес. Емдік хиджама, профилактикалық хид­жама, косметологиялық хиджама, басқа, шашты алмай жасау хид­жамасы, балалар хиджамасы, құр­ғақ хиджама сияқты хиджаманың барлық түрі курс бағдарламасында бар. Курс аяқталған соң білікті маман иесі атанып, әлемдік дең­гейде лицензиясы бар «Аподит» халықтық емдеу ассоциациясының 5 сертификаты мен біздің орта­лық­тан 2 сертификатына ие бо­ласыз. Курс бағасы – 100 мың тең­ге, – деді біз байланысқан курс операторы.

Оның айтуынша, курсқа кет­кен ақшаны, кейін хиджама жасап бір аптада тауып алуға болады екен.

Сонда да болса хиджама жаса­татын адамдар баршылық. Бірақ олардың барлығы бірдей хиджама жасатып ауруынан айығып кет­пейді. Себебі хиджама жасай­тын­дардың өзі аурудан толық айық­тырамыз деп уәде бере алмайды.

– Кімде гемофилия ауруы бар, оларға хиджама жасауға болмайды. Ол қанның сұйықтығы, сол үшін алдымен жалпы қанға анализ тап­сыру керек, диабет, дене қызуы болмауы керек. Өйткені темпе­ратура болған кезде бастан қан алуға болмайды, инфекция басқа көтеріліп кетуі мүмкін. Ал денеден алуға болады. Бірақ бәріне бірдей әсер етпейді, хиджама біреуіне ем болып жатады, біреуіне ем бол­май­ды. Сондықтан біз алдын ала науқасқа: «саған 100 пайыз көмек­теседі деп айтпаймыз» деп ескер­теміз, – дейді хиджама жасаушы Қарлығаш Байкенова.

Ал кәсіби медицина мамандары бұл процедураның медициналық қызмет түріне жатпайтынын айта­ды. Дәстүрлі медицинаға дәл осы шертпе емі кірмеген.

– Хиджаманы соңғы 2 жылдан бері ғана естіп жатырмыз. Ол қазақ тарихында жоқ. Хиджаманы қай­дан үйрендің десе, «бәленбай дә­рігер ашқан курсқа бардым, 10 күн үйретті, міне, сертификаты» деп шы­ғады. Бір тамшы қанның сұ­рауы бар. Қанша адам қанға зәру. Ал қан тапсыратын адамдар қанды далаға төгіп отыр. Іс жүзінде оны да ақшаның көзіне айналдырды, одан қанша адамның көзі көрмей қалады, қанша адам менингит бо­лады, мүмкін, қан қысымы түсіп не­месе көтеріліп кеткен шығар. Ал іс жүзінде қандай зардабы бола­тынын халық қайдан білсін, – дей­ді медицина ғылымдарының док­торы, профессор Жасан Зекейұлы.

Медицина ғылымының кан­дидаты Жұпар Нақанованың пі­кірінше, хиджаманы арнайы меди­циналық білімі бар дәрігерлер жа­сауы керек.

– Қазір елімізде хиджаманы кім болса сол техникалық жағын үйре­ніп, ақша табу үшін жасап жүр. Олар адамның қай нүктесінен қан алу керек екенін де білмейді. Тіпті, қазір кішкентай балаларға дейін хиджама жасайды. Бірақ 18 жасқа дейінгі балаларға, жастарға хид­жа­ма жаса­тудың қажеті жоқ. Сон­дық­тан хид­жама жасауға қар­сымын. Одан да азаматтар донор болып, қан тап­сырсын. Қазір ар­найы ор­ган­дар хид­жама жасайтын­дарды тек­сер­мейді. Егер тексерсе, олар­дың еш­қайсысында лицен­зияның болмауы да мүмкін,– дейді Жұпар Нақанова.

Иә, аңқау елге арамза молда. Кәсіби мамандардың қаққан дабы­лына құлақ түрмей, хиджама жасат­қан қаншама адам өз өміріне зиян келтіріп жатыр. Нәрестеге хиджама жасағаннан кейін бір топ қазақ­стандық медицина саласы­ның ма­мандары мен ғалымдары Денсау­лық сақтау министрлігін баламалы ме­дицина тәжірибесі мен хиджа­маны қолданумен бай­ланысты әрекет­тер­ді, әсіресе кә­мелетке тол­­маған­дарға қатысты осы тәжі­рибені қол­дануды реттеуге арала­сып, шара қолдануға шақыр­ған петиция бас­тады. Екі күн ішін­де оған 11 мыңнан аса азамат қол қой­ған. Енді минис­тр­лік дер ке­зінде хиджама орта­лық­тарының жұмысын бақылауға алуы керек.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ