Жұлдыз Сүлейменова: Жобалар саны емес, сапа мен нәтиже маңызды

ҚР Оқу-ағарту министрінің төрағалығымен облыстық білім басқармалары басшыларының қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиынның күн тәртібінде өңірлердегі оқушылардың білім сапасын көтеру жайы және инклюзивті білім беру мәселелерін шешу жайы қаралды.
Жиын барысында аймақтардағы білім сапасының көрсеткіштері сарапталды. Министр өңірлер арасындағы алшақтықты атап өтіп, кейбір облыстардың артта қалуына қатысты сыни пікір білдірді. Өңірлік білім басқармаларының басшылары жаңа жобалар мен педагогтердің біліктілігін арттыру шаралары туралы баяндағанымен, ведомство басшысы «сандық көрсеткіштерді қуалауды» тоқтату қажеттігін қатаң ескертті
«Өкінішке орай, арамызда білім сапасын оқушының терең білімімен емес, атқарылған жобалардың санымен өлшейтін менеджерлер әлі де бар. Бізге қағаз жүзіндегі есеп емес, шәкірттің шынайы жетістігі мен білім деңгейінің өсуі қажет. Сол себепті, өңірлерде қалыптасқан жағдайды бүкпесіз айтып, оны шешудің жолдарын бірге іздестіруден ғана нәтиже болады», – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Мектептептегі сапаға тікелей әсер ететін индикаторлардың бірі сала менеджерлерінің, білікті кадрлардың тапшылығы. Мектеп директорларының басқарушылық дағдыларының төмендігі білім жүйесінің сапасына тікелей әсер етуде. Оған қоса мектеп ішіндегі корпоративті мәдениеттің төмендеуіне әкеліп соғуда, мұндай мектептерде мұғалімдердің мазасы қашып, орталыққа хат жазуы жиілеп кеткен.
Қазір ел аумағындағы мектептерде 490 мектеп директоры лауазымы бос тұр. Мектеп басшылары әсіресе, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды обыстарында жетіспей жатыр. 2025 жылы директорлыққа үміткерлердің тек 21%-ы ғана тестілеуден өткен. Сол себепті, жиында директорлар жетіспейтін өңірлерге білікті мамандарды басқа аймақтардан тарту мүмкіндіктерін қарастыру жайы айтылды.
Нақты ғылымдар бойынша педагогтердің жетіспеушілігі де оқуға айтарлықтай кедергі келтіруде. Педагогтердің едәуір бөлігі кәсіби бағалау шегінен өте алмауда, ал әдістемелік қызмет сапасы өңірлер бөлінісінде біркелкі емес. Педагогтердің білімін бағалау нәтижесінде мұғалімдердің 52,62 %-ы шекті деңгейден өтпеген. Төмен көрсеткіштер Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында айқын байқалады.
Өңірлердегі ақпараттық платформалардың әр алуандығы мен деректердің шашыраңқылығы да саланың тағы бір әлсіз тұсы. Бұл мәселені шешу үшін министрлік жүйелі шаралар қабылдауда. Барлық өңірлік платформалар біртіндеп ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Esep.kz жүйесіне интеграцияланады. Бұл шара деректердің ашықтығын қамтамасыз етіп, деректерді біріздендіруге көмектесетін болады және артық есептіліктен арылуға мүмкіндік береді.
Министрдің пікірінше инклюзия бұл жай ғана көрсеткіш үшін кабинет ашу емес, ерекше қажеттілігі бар баланың қоғамға бейімделуіне жасалған шынайы қолдау болуы тиіс. Сондықтан ведомство өңірлердегі инклюзия кабинеттерінің тиімділігін зерделейтін болады.
Жиын соңында Жұлдыз Сүлейменова өңірлік білім беру басқармаларының басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалу мерзімін бекітті. Өңірлердің нақты қажеттіліктерін білу, сала менеджерлерімен ақылдасу алда маңызды стартегиялық әрі инфрақұрылымдық шешімдердің қабылдануына негіз болмақ.









