Нартай Сәрсенғали – Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның басты авторы

Бүгінгі сөздің салмағы мен себебі бұрынғыдан өзгерек болып тұр. Ол Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Конституциясы хақында. Ата заң алғаш қабылданып, қызмет атқарғанына да отыз жыл толды. Уақыт өтті, талап күшейді.
Қазір соның айғағы ретінде Жаңа Конституция жұртқа жарияланды. 15 наурызда ел өз өкімін айтады.
Жаңа Ата заң апталап емес, айлап талқыланды. Алты ай бойы алып атыраптағы алты Алаш әр түзетуді, әр тармақты, әр бапты саяси сүзгіден өткізді. Тікелей эфирге көз салған көпшіліктің ұсынысы да көп болды. Себебі халық заңның темірқазығына жүрдім-бардым қарамайды, мұқият зерделейді.
Ең алғашқы мәселені: “Жаңа Конституцияны жазуға кімдер ат салысты?” – дегеннен бастайық. Әр саланың 130 маманы, бәрі елдің азаматы. Бұл комиссияның ресми құрамы.
Ал ұсыныс беріп кеңес айтқан заңгерлер мен жанашыр жандарды қоссақ бұл тізім кемі мыңдап саналады. Мұны бастырмалатып айтқаным бүгінмен өткенді безбенге тартқаным.
Себебі бұрынғы Конституцияны 12-ақ адам жазды, 9-ы қазақстандық, 3-і шетелдік. Өз Ата Заңыңды өзгелер тәпсірлеп бергесін оның қаншалықты халықтық екеніне қалыпты сұрақ тумай ма? Сондықтан қазір халыққа ұсынылған жаңа Ата Заң жан-жақты талқыланған, талдаудан өткен құжат екенін сарапшыларда шегелеп айтты.
Расында да, бұл Жаңа Конституцияны – нағыз Халықтық Ата заң деп айтуға толық негіз де, айғақ та, дәлел де жетеді.
Тоқсан сөздің тобықтан түйіні, жаңа Конституция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бастаған саяси өзгерістердің логикалық түйіні деуге болады.








