Ғылым – қоғам игілігіне: отандық ғалымдардың инновациялық су сүзгілері

12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ғылым – қоғам игілігіне» атты айдарын бастайды және қазақстандық ғалымдардың ғылыми жобалары туралы бейнематериалдар топтамасын ұсынады.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Тілек Қуанышбеков университет ғалымдары әзірлеп жатқан тұрмыстық және өндірістік мақсатта қолдануға арналған инновациялық отандық су сүзгілері туралы баяндады.
Мемлекет басшысы ағынды суларды тазарту инфрақұрылымын жаңғырту және су айдындарының ластану мәселесін шешудің маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары ауызсу сапасын арттыруға және суды тиімді тазартуға бағытталған жаңа технологияларды әзірлеуде.
Университет ғалымдары жүзеге асырып жатқан «Су нысандарын тазарту үшін композициялық сүзгі материалдарын өндіру» жобасы – экологиялық тұрғыдан тиімді әрі отандық өндірісті дамытуға бағытталған маңызды бастама. Жоба аясында биополимерлер, керамикалық және көміртекті материалдар негізінде графит оксидімен модификацияланған сүзгілеуші композициялық сорбенттер әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл материалдар суды әртүрлі қоспалар мен зиянды заттардан тиімді тазартуға мүмкіндік береді.
Ғалымдар сүзгілерді толықтай университет базасында дайындауды көздейді. Яғни сүзгі картридждерін құрастыру, корпустарын жасау және дайын өнімді сынақтан өткізу жұмыстары осы жерде жүргізіледі.
Жобаның басты ерекшелігі – сүзгі картридждерін өсімдік және ауыл шаруашылығы қалдықтарын карбонизациялау арқылы өндіру. Бұл тәсіл экологиялық тұрғыдан тиімді болып қана қоймай, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуге де мүмкіндік береді. Жоба аясында арнайы термопластавтомат құрылғысы сатып алынған. Аталған заманауи техника сүзгілерге арналған сапалы корпустарды дайындауға жағдай жасайды.
Зерттеу нәтижесінде әзірленетін үш сатылы толыққанды су тазарту құрылғысын тұрмыстық жағдайда пайдалануға болады. Тиісті сертификаттар алынғаннан кейін өнімді нарыққа шығарып, сатылымға ұсыну жоспарланып отыр.










