ЖАҢА ТУҒАН НӘРЕСТЕЛЕРДІ СКРИНИНГПЕН ҚАМТУ 93%-ҒА ЖЕТТІ, МҮГЕДЕКТІК 7%-ҒА АЗАЙДЫ

0
5

Соңғы екі жылдың ішінде Қазақстанда жаңа туған нәрестелерді скринингтік тексерумен қамту 25%-ға артып, 93%-ға жетті. Педагогикалық түзетуге жолдамалардың саны 2 есеге көбейді, ал түрлі бұзылыстары бар шамамен 85 мың бала мамандардың бақылауына алынды. Бұл туралы  Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Аудиологиялық скрининг нәтижесінде 523 баладан толық есту қабілетінің жоғалуы анықталды. Барлық балаларға құны шамамен 6,5 млн теңге болатын есту импланттары орнатылды.

Бұрын мұндай операциялардың 80%-ға жуығы шамамен 3 жасқа таяғанда жасалса, бүгінде көмек әлдеқайда ерте көрсетіледі. Бұл баланың өмір сапасы мен дамуына тікелей әсер етеді.

Офтальмологиялық скрининг 721 шала туған нәрестеде көру патологияларын анықтауға мүмкіндік берді, нәтижесінде дер кезінде ем жүргізіліп, олардың көру қабілеті сақталды.

Сонымен қатар, жүкті әйелдерді скринингпен қамту 9%-ға артты, анықталу деңгейі 12%-ға өсті. Туа біткен даму кемістігінің салдарынан мүгедек болып туған балалардың саны 7%-ға азайды.

Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде скринингтің 6 түрі жүргізіледі. Оның үшеуі перзентханалар деңгейінде жүзеге асырылады: пренаталдық, неонаталдық және аудиологиялық скрининг.