МАЙДАНГЕР ЕРЛІГІ – ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

0
268
Ұлы Отан соғысы жылдарында жау қоршауындағы қалаларды азат ету жолындағы шайқасқа Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бір бөлігі қатысқаны тарихтан белгілі. 900 күн мен түнге ұласқан кескілескен қан майданда неміс басқыншыларына қарсы тұрған жерлестеріміз көзсіз ерлік көрсетті. Олар батыр атағын алып, қалың көпшілікке танылып жатса, нұр үстіне нұр, әрине. Әйтсе де, бүгінде ерлігі еленбей, еңбегі ескерілмей қалған жауынгерлердің көп екені көңіл қынжылтады. Отан үшін орын алған қиянкесті ұрыста ержүректік танытқан жандардың бірі – Іргебай Сейтенов.
Майдангер Іргебай Сейтенов 1922 жылы Шиелі ­ауданында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1942 жылы Шиелі аудандық әскери ­комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, қатардағы жауынгер атанады. Аталған жылдың қаңтар айынан сәуір айына дейін пулеметші мамандығын игеріп, №1228 атқыштар полкінде курсант қызметін, 1942 жылдың сәуір айынан 1943 жылдың маусымы аралығында №212 атқыштар полкінде минометші, 1943 жылдың ­маусым айынан 1943 жылғы желтоқсаны аралығында №7 атқыштар полкінде нұсқаушы маманы, 1943 жылдың желтоқсанынан 1944 жылдың қаңтар айына дейін №22 атқыштар полкінде нұсқаушы, 1944 жылдың қаңтар ­айынан 1946 жылдың маусым айына дейін мина бригадасында минометші, 1946 жылдың маусым айынан 1946 жылдың қарашасына дейін №7 бригадада атқыш қызметтерін атқарған.Әскер қатарынан 1946 жылдың 15 қарашасында КСРО Жоғарғы кеңесінің жарлығына сәйкес босатылып, аман-есен елге оралады. Соғыс ардагерінің қай жерде, қай майданда болғаны жайында дерек жоқ. Баласы Күзербай Сейтеновтың мәлімдеуінше, майдангер елге соғыс шебінде естелік ретінде алған жау снарядының жарықшағымен бірге оралған.
Іргебай Сейтенов – соғыстан кейінгі жылдары еңсесін енді көтерген елдің шаруашылығының, экономикасы мен мәдениетінің дамуына үлкен күш-қайратын жұмсаған азамат. Ол бұрынғы Гигант (1 май) колхозында бірнеше жылдар бойы шаруашылық жүргізуші болып еңбек еткен. Аталған мекеннің тұрғыны Әбдіманап Тұрманов І.Сейтеновті 1952 жылдан бері білетінін, соғыс ардагерінің 1960-1964 жылдар аралығында Гигант колхозында мал шаруашылығымен айналысқанын, одан кейін Ақтам, Қарғалы, Авангард елді мекендерінде шаруашылықты дамытуға үлкен үлесін қосқанын айтады. Кейіпкеріміз Шиелі кентінде де мал басының өсуіне себепші болған. Ондағы канал қазу жұмыстарына белсене араласып, кент тұрғындарының тұрмысының жақсаруына еңбек сіңірген.
Ұлдарының айтуынша, Іргебай ақсақал мал танығыштық қасиетімен ерекшеленген. Оның бұл шаруашылыққа деген асқан жауапкершілігі жайында ұлы Күзербай Сейтенов «Қай шаруашылық саласында қызмет етсе де, сол істің ілгері өсіп-өркендеуі жолында жан-тәнімен адал еңбектің үлгісін көрсетті» деген пікірімен бөліседі.
Бұдан бөлек, халық арасында еңбек ардагерінің тілге бай болғаны, оның орыс, кәріс, неміс, шешен тілдерінде еркін сөйлей білгені айтылып жүр. Қазақы салт-сана мен әдеп-ғұрыпты ұрпағының бойына сіңіруге тырысқан абзал азамат өзінің әкелік міндетін орындап, балаларына саналы тәрбие беретін ақылшы болуды мақсат еткен.
Іргебай Сейтенов 2000 жылдың 21 қаңтарында жарық дүниеден озды. Асыл жары Бибіхатша Қауғанбаева екеуінен өмірге 10 ұл, 4 қыз дүниеге келді.
Тарих беттеріндегі мәліметтерге назар салсақ, Шиелі ауданы бойынша Ұлы Отан соғысына 5909 азамат аттанған. Олардың елге оралғаны – 1862, қаза тапқаны – 2268, хабарсыз кеткені – 1379 адам. Екі жүзден астам шиелілік майдангер түрлі ордендермен марапатталып, бір азамат Кеңес Одағының батыры атағын алған. Иә, бүгінде Отан үшін от кешіп майдан шебін тоздырған, өршіл рухтан туған өлмес ерлік көрсетіп, марапатқа ұсынылған соғыс саңлақтарының саны аз. Ұлы Отан соғысының батыры, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Солдат болу – оңай жұмыс емес, командирдің әскерді тәртіптендіруі де – қиын іс. Ал соғысу одан да ауыр» деген сөзін еске түсірейік. Сөзсіз, майдангерлердің барлығы дерлік марапатқа лайық.
Таслима ӘЛІШЕР,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің
4-курс студенті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ