ҰТО «STUDY IN KAZAKHSTAN» КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ

2026 жылғы 8-25 сәуір аралығында Қазақстанның ірі қалаларында «Study in Kazakhstan» жоғары оқу орындарының көрмесі ауқымды деңгейде өтіп, өз мәресіне жетті. Іс-шараға Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері Өскемен, Алматы қаласы, Алматы облысы (Қаскелең қаласы), Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында қатысты.
Көрменің негізгі мақсаты – жас ұрпаққа Қазақстан аумағынан шықпай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндіктерін таныстыру, халықаралық білім беру тәжірибесіне қолжетімділікті арттыру және жастар арасында мәдени-академиялық байланыстарды нығайту. Іс-шара барысында мыңдаған талапкермен тікелей кездесу ұйымдастырылып, оларға кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар білім беру бағдарламалары, гранттар мен шәкіртақылар, оқу шарттары және академиялық мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат алды.
Ұлттық тестілеу орталығының мамандары талапкерлер мен ата-аналарға ҰБТ-ға қатысты кеңес беріп, жоғары оқу орындарына түсу шарттарын түсіндірді. Атап айтқанда, тестілеу форматы, грантқа түсу мүмкіндіктері, бейіндік пәндерді таңдау, шектік балдар және апелляция рәсімдері бойынша толыққанды түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар көрме аясында қатысушыларға арналған семинарлар мен мастер-класстар ұйымдастырылып, білім беру саласындағы өзекті трендтер таныстырылды. Ашық диалог алаңдары талапкерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарға тікелей жауап алуға мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында талапкерлерге ҰТО тарапынан ақпараттық-танымдық материалдар мен арнайы сыйлықтар таратылды. QR-коды бар «Болашақ талапкер! Болашақ маман!» атты стикерпактары қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, жылы қабылданды.
QR-кодты сканерлеу арқылы талапкерлер Орталықтың ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларына өтіп, тестілеуге қатысты ақпараттық, түсіндірмелік материалдармен таныса алады. Бұл материалдар талапкерлерге кез келген уақытта қажетті ақпаратқа қайта оралып, ҰБТ-ға дайындық үдерісін тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.








