Астанада “Anti-fraud” жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындылары шығарылды.
Елордада интернет-алаяқтықты қоса алғанда, ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған “Anti-fraud” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шара нәтижесінде полиция қызметкерлері кибералаяқтыққа қатысы бар 48 адамды анықтап, жауапкершілікке тартты. Олардың ішінде 4 шетел азаматы бар. Жалпы алғанда 200-ге жуық қылмыстық іс тіркелді. Жәбірленушілерге 26 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Сонымен қатар SIM-карталарды заңсыз тіркеумен айналысқан 4 тұлға ұсталды. Олардан қылмыстық схемаларда пайдаланылуы мүмкін 400-ден астам SIM-карта тәркіленді.
Бұдан бөлек, 4 мыңнан астам алаяқтық сипаттағы интернет-ресурс бұғатталды. Дропперлерге қатысты 15 қылмыстық іс қозғалды. Антифрод-орталықпен бірлескен жұмыс нәтижесінде заңсыз әрекеттерге пайдаланылған 3 мыңнан астам банк шоты бұғатталды.
Профилактикалық жұмыстар аясында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы шеңберінде полиция қызметкерлері оқу орындарында түсіндіру дәрістерін өткізіп, азаматтарға алаяқтықтың алдын алу жолдарын түсіндіруде.
Іс-шара барысында алаяқтардың азаматтардың атына 12 млн теңге көлемінде несие рәсімдеу әрекеттерінің жолы кесілді.
Полиция растау кодтарын айту, ақша аудару, несие рәсімдеу немесе өзге де қаржылық операцияларды орындау туралы кез келген қоңыраулар мен хабарламалар алаяқтықтың негізгі белгілері екенін еске салады. Азаматтарды қырағылық танытуға және қаржылық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
