Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықЖаңалықтарЭкономика

Үкімет инфрақұрылымды, сервис пен техниканы жаңарту бойынша жұмысты күшейтеді

Ukimet

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды. Жиында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, көлік вице-министрі Гүлзат Көбенова, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшысы Майкл Дэниел, сондай-ақ Air Astana, TransInfoTech компанияларының, Жалпы мақсаттағы авиация пилоттары қауымдастығының және Шығыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау және Қостанай облыстары әкімдіктерінің басшылығы баяндама жасады.

Премьер-министр Мемлекет басшысы еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы біздің алдымызға Қазақстанды өңірдегі жетекші авиациялық хабқа айналдыру туралы стратегиялық міндет қойды. Аталған мақсатқа жету үшін қолданыстағы әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, отандық және халықаралық әуе компанияларына қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкіметте қабылданған шаралар аясында әуе кемелерінің паркі мен ұшу географиясы кеңейіп келеді. Цифрлық шешімдер, соның ішінде жасанды интеллект технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Премьер-министр Көлік министрлігі қажетті инфрақұрылымды, сервис пен техниканы үнемі жаңартып, нарық пен технологияларға әрдайым талдау жүргізіп отыруы тиіс екенін атап өтті.

Авиатасымалдардың жаһандық өсуі жағдайында отандық авиация саласын дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стратегиялық жоспарына сәйкес, 2050 жылға қарай жолаушылар саны   жылына 12 млрд-тан асады, ал коммерциялық ұшақтардың әлемдік паркі 2034 жылға қарай екі есеге артады. Осыған орай Қазақстан әлемдік авиацияның жаһандық жүйесіне ене отырып, өз орнын иеленуі қажет екені атап өтілді.

Тиісті ведомствоға жаңа халықаралық бағыттарды, атап айтқанда, Еуропалық Одақ елдері мен АҚШ-қа рейстер ашу жұмысын жеделдету қажеттігі, сондай-ақ билет бағасы бәсекеге қабілетті болуы тиіс екені айтылды.

Астанадан ұшатын   халықаралық әуе бағыттарына   ерекше назар аударған жөн. Осыған орай Көлік министрлігіне Air Astana компаниясымен бірге осы жылдың соңына дейін   елордамыздан Токио мен Нью-Йоркке, ал 2027 жылы – Астанадан Лондон, Париж, Рим, Вена сияқты Еуропа елдерінің астаналары мен басқа да қалаларына тікелей әуе қатынастарын ашу тапсырылды. Премьер-министр инвесторлар мен туристер тартуда бұл өте маңызды мәселе екенін атап өтті.

Үкімет Қазақстанға шетелдік әуе компанияларын әкелу, сондай-ақ транзиттік жүк рейстерінің санын арттыру мақсатында авиаотын бағасын барынша тиімді етті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында елімізде жүк тасымалдайтын отандық әуе компаниясын құру жобасы жүзеге асырылуда. Биыл қазан айында алғашқы жүк борты Қазақстанға жеткізілуі тиіс. Көлік министрлігіне осы мәселені ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.

Сонымен қатар еліміздің авиация саласын одан әрі дамыту үшін кадрлық әлеуетті күшейту қажеттігін атап өтілді. саланы табысты дамыту үшін білікті мамандар қатарын айтарлықтай ұлғайту қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігіне Көлік министрлігімен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін авиациялық оқу орталығын құру бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Азаматтық авиация академиясы жаңа деңгейге көтеріліп, сертификатталған және әлем мойындайтын мамандарды дайындауы қажет. Шағын және өңірлік авиация үшін кадрларды даярлау кезінде авиация саласындағы қолданыстағы оқу орталықтарын пайдаланған жөн.

Сондай-ақ ел ішіндегі коммерциялық тасымалдарға түсетін жүктемені азайтуға   және азаматтардың қозғалысын ыңғайлы етуге мүмкіндік беретін   шағын авиацияны дамыту қажет.  Сонымен қатар Көлік министрлігі мен Қазаэронавигацияға қазірден бастап әуе көлігінің барлық түрін басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құру тапсырды.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.

Бірінші. Көлік министрлігі осы жылдың соңына дейін   Азаматтық авиацияны дамытудың 2050 жылға дейінгі мастер-жоспарын (САМР-2050) бекіту жөнінде шаралар қабылдауы қажет.

Шағын және өңірлік авиацияны,   пилотсыз әуе көлігін дамыту,   сондай-ақ жаңа баламалы отынды пайдалану мен сақтаудың   озық технологияларын енгізу шаралары   міндетті түрде көзделуі тиіс.

Екінші. Еуропадағы EASA және АҚШ-тағы FAA сияқты әлемдік реттеушілер коммерциялық аэро-такси аппараттарын   сертификаттау қағидаларын әзірледі.

Аэро-такси, дрондар мен басқа да ұшу аппараттарының жаңа түрлерін  іске қосуға дайын болу керек.

Көлік министрлігі биылғы маусым айының соңына дейін   қалалық әуе ұтқырлығы (UAM) мәселелері бойынша қажетті заңнамалық түзетулерді қабылдауды қамтамасыз етуі керек.

Үшінші. Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Павлодар облыстарының әкімдіктері   белгіленген мерзімдерді қатаң сақтай отырып, Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі және Арқалық әуежайларын биыл уақтылы пайдалануға беріп, сондай-ақ Павлодардағы әуежайды жаңғырту жұмыстарын аяқтауы қажет.

Жалпы алғанда, Көлік министрлігі әуе компанияларымен   және әуежай қызметтерімен бірлесіп, өсіп келе жатқан жолаушылар ағынына сапалы, жайлы әрі жедел қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша тұрақты жұмыс жүргізуі керек.

Жалпы үйлестіру жұмысы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.

Сәйкес жаңалықтар

Егіс науқаны еліміздің оңтүстік өңірлерінде қарқынды жүріп жатыр

1 қарашада магистратураға құжат қабылдау басталады

zamandas69@mail.ru

ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

zd_admin