Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
ЖаңалықтарСпорт

Қазақстандық полицей әлемдік рингте топ жарды

Павлодар облысы ПД қызметкері қоян-қолтық ұрыстан Әлем кубогының чемпионы атанды.

Мәскеу қаласында қоян-қолтық ұрыстан өткен V мерейтойлық “Достық кубогы” халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеге 16 елден келген 250-ден астам спортшы қатысты.

Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Павлодар қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Мадина Жұмабаева ел намысын абыроймен қорғады.

Жоғары деңгейдегі тартысты бәсекеде Мадина мінсіз техникасы мен жеңіске деген жігерін көрсетті. “Өзін-өзі қорғау” бөлімінде алтын медальға жету жолында ол үш ауыр жекпе-жек өткізіп, Моңғолия мен Болгария спортшыларын сенімді түрде жеңді.

Турнир финалында қазақстандық спортшылар кездесті. Шешуші сында павлодарлық инспектор Қарағанды қаласынан келген мықты қарсыласын жеңіп, бірінші орынға ие болды.

— Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған барынша тыңғылықты дайындалдым. Жеңімпаз атанған сәттегі әсерді сөзбен жеткізу қиын. Қазақстанымыз бен полициямыздың абыройын халықаралық аренада лайықты қорғай алғаныма үлкен мақтаныш сезіндім, — деді Мадина Жұмабаева.

Мадина спортпен 16 жасынан бері айналысады. Ол — бокстан спорт шеберлігіне кандидат және қоян-қолтық ұрыстан түрлі турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері.

Спортшы өзінің қалыптасуында жаттықтырушысы Сергей Вальтердің еңбегі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, бапкер тек техниканы үйретіп қана қоймай, мінез бен рухани төзімділікті де шыңдауға зор үлес қосқан. Сонымен қатар чемпион дайындық барысында қолдау көрсеткен спарринг-серіктесі Владимир Демьяновқа алғысын білдірді.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, бұл алтын медаль — Мадинаның жеке жетістігі ғана емес, сонымен қатар павлодарлық тәртіп сақшыларына тән кәсібилік пен табандылықтың, жоғары физикалық даярлықтың айқын көрінісі.

Сәйкес жаңалықтар

Үйді онлайн сатып алуға бола ма: Әділет министрлігінің жауабы

Желінің негізгі тұтынушылары – балалар мен жастар

zamandas69@mail.ru

Түркістан қаласында Корея Республикасының жетекші университетінің филиалы ашылды