Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықЖаңалықтар

Үкімет Президенттің тау-кен металлургия кешені саласында терең өңделген өнім өндіруді дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруда

Премьер-министр Олжас Бектенов 16-шы Astana Mining & Metallurgy 2026 халықаралық тау-кен металлургия конгресіне қатысты. Конгреске әлемнің 16 елінен 1,5 мыңнан астам делегат қатысты, олардың қатарында Бельгия, Ұлыбритания, Еуропалық Одақ елдері, Канада, Қытай, БАӘ, Сауд Арабиясы, АҚШ, Франция, Швеция және Оңтүстік Корея бар. Бүгінде конгресс жыл сайын тау-кен металлургия саласының болашағын талқылау үшін түрлі мемлекеттер өкілдерін, бизнес қауымдастығын, сарапшылар ортасын және халықаралық ұйымдар өкілдерінің басын біріктіретін беделді алаңға айналып отыр.

Форумға кең ауқымды халықаралық өкілдігі Қазақстанның тау-кен металлургия кешенін дамытуға деген жоғары қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды.

Премьер-министр пленарлық сессияда сөйлеген сөзінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,5% деңгейінде тұрақты өсім көрсеткенін атап өтті. Жалпы ішкі өнім көлемі алғаш рет $300 млрд-тан асты. Бұл нәтиже – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың технологияларға, инвестицияларға, өнеркәсіп пен адами капиталды дамытуға негізделген заманауи экономика құру бағытының жемісі.

«Еліміздің жаңа Конституциясы осы бағыттың институционалдық негіздерін бекітеді. Ол меншік құқығы мен инвестицияларды қорғау кепілдіктерін күшейтеді, заң үстемдігі қағидаттарын нығайтады және елдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуы үшін берік негіз қалыптастырады. Тау-кен металлургиясы кешенін одан әрі дамыту ісінде бұл мәселе айрықша маңызға ие. Жер қойнауын пайдалану, металлургия және терең өңдеу салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асыру қомақты инвестиция мен ұзақмерзімді инвестициялық циклдерді талап етеді. Сондықтан институттардың орнықтылығы, реттеудің болжамдылығы және бизнес тарапынан сенімнің жоғары деңгейі саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі шарттардың біріне айналуда», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Геологиялық барлауға ерекше назар аударылуда. Жаңа кен орындарын ашу, минералдық-шикізат базасын кеңейту және болашақ инвестициялық жобалар портфелін қалыптастыру сонымен тікелей байланысты.

Мемлекет басшысының геология саласын дамыту және еліміздің ресурстық әлеуетін нығайту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде Қазақстанда жер қойнауын геологиялық зерттеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ел аумағын егжей-тегжейлі геологиялық картаға түсіру басталды, оның қорытындысы бойынша жер қойнауын зерттеу алаңы 2 млн шаршы шақырымнан асады. Президенттің тапсырмасы бойынша 2026-2028 жылдары мемлекет геологиялық барлауға шамамен $470 млн жұмсамақ.

Сондай-ақ, геология саласын технологиялық жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және ЖИ жылы аясында геологиялық барлауға, жер қойнауын пайдалануға және өндірістік процестерді басқаруға диджитал шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылатын болады. Бүгінде елімізде жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы жұмыс істейді, ол арқылы 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Жер қойнауын пайдаланушылардың лицензияларын беру және міндеттемелерінің мониторингі автоматтандырылған. 4,6 млн-нан астам бастапқы геологиялық ақпарат цифрландырылды. Келесі кезең – деректерді талдау, жаңа кен орындарын іздеуді жеделдету және минералды-шикізат базасын игеру тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні қолдану.

Премьер-министр ТМК саласы өз дамуын өндірісті ұлғайту арқылы ғана емес, сонымен қатар тереңірек өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға көшу арқылы да жалғастыруы тиіс екенін атап өтті. Бұл бағытта бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соңғы екі жылда $1 млрд астам сомаға катодты мыс, ферросилиций, ферроқорытпалар және басқа да өнімдер өндірісі ашылды.

Абай облысында жалпы құны $1,5 млрд-тан асатын мыс балқыту зауытын салу жобасы жүзеге асырылуда, ол бүгінде экспортталатын мыс концентратын іс жүзінде толықтай ел ішінде өңдеуге мүмкіндік береді. Павлодар облысында жылына 300 мың тонна алтын-мысты концентрат және 15 тоннаға дейін алтын өндіру қуаттылығымен гидрометаллургиялық комбинат салынуда. “Qarmet” компаниясы Қарағанды облысындағы металлургиялық өндірісті ауқымды жаңғыртып, автомобиль болатын өндіру ісін қоса алғанда, қосылған құны жоғары өнім шығаруды жүзеге асыруда.

Қазақстан АҚШ, Қытай, Еуропалық Одақ, Жапония, Корея Республикасы және басқа да елдердің жетекші компанияларымен ынтымақтастықты дамытып, инвестициялар тартуға ғана емес, сонымен қатар ұзақмерзімді технологиялық әріптестіктерді қалыптастыруға да баса назар аударады. Мұндай жұмыстың басым бағыттары — өндірістерді локализациялау, технология трансфері және жаңа индустриялық экономика үшін білікті кадрлар даярлау.

Олжас Бектенов Astana Mining & Metallurgy 2026 аясында тау-кен металлургия кешеніне арналған озық әзірлемелер мен шешімдер көрмесіне де қатысты. Биыл экспозиция 15 елден – Австралия, Германия, Италия, Қазақстан, Канада, Қытай, Ресей, Сауд Арабиясы, АҚШ, Өзбекстан, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция және Эстониядан келген 69 компанияны біріктірді. Қатысушылардың жалпы санының ішінде 40 компания Қазақстанды таныстырса, 29 компания шетелдік экспоненттер болып саналады.

Премьер-министр Qarmet, Kazzinc, Kazakhmys, KAZ Minerals, XCMG, ERG сияқты жетекші қазақстандық және халықаралық компаниялардың экспозицияларымен, сондай-ақ АҚШ, Швеция және Сауд Арабиясының бизнес-павильондарымен танысты. Олжас Бектеновке тау-кен-металлургия саласы үшін заманауи технологиялық шешімдер, өндірістерді жаңғырту, цифрлық құралдарды енгізу, өнеркәсіптік автоматтандыру, экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыру, сондай-ақ қайта өңдеу мен инженерлік сервистерді дамыту жөніндегі жобалар ұсынылды.

Сәйкес жаңалықтар

AMANAT партиясы премьер-министрлікке өз кандидатын ұсынды

zamandas69@mail.ru

Шымкентте киберпол интернет-алаяқтарға қызмет көрсеткен арнаны жойды

2025 жыл-жұмысшы мамандықтарының жылы

zamandas69@mail.ru