Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықЖаңалықтарСпорт

Әскери спортшылар кураш күресінен әлем чемпионатында екі күміс жүлде олжалады

Астанада ересектер арасында кураш күресінен XV әлем чемпионаты өтті. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылған халықаралық додаға 67 елден 400-ге жуық спортшы қатысты.
Байрақты бәсекеде Қазақстан Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының өкілдері ел намысын абыроймен қорғап, екі күміс медаль жеңіп алды.
120 келіден жоғары салмақта белдескен кіші сержант Ғалымжан Қырықбай финалға дейін жетіп, жарысты екінші орынмен аяқтады. Шешуші белдесуде ол Өзбекстан балуаны Бекмурод Олтибаевқа есе жіберді. Бұл салмақта Оңтүстік Корея өкілі Сангвун Бае мен Иран спортшысы Мұхаммедреза Вахдени қола жүлдегер атанды.
Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшісі Зарина Сәріпова да 63 келіге дейінгі салмақта күміс медаль еншілелі. Ол финалда Тайбэй спортшысы Ли Ван Тинге жол берді. Ал Үндістан өкілі Гунджан Тахур және Иран балуаны Пардиc Ейдивандимен өткен белдесулерде жеңіске жетті.

– Кураш күресінен әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отырмын. Өзбек халқының ұлттық күресі қазақ күресіне ұқсас болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл жарыс мен үшін халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауға үлкен мүмкіндік болды, – деді кіші сержант Ғалымжан Қырықбай.

Биылғы әлем чемпионаты қатысушылар саны бойынша рекорд орнатқанын айта кетелік. Бұған дейінгі әлемдік додалармен салыстырғанда, бұл жолы 67 елден 400-ге жуық балуан бағын сынады.

Сәйкес жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе шағын құрамда келіссөз жүргізді

«BaiQymyz-2026»: балаларға арналған родео, конкур және ұлттық ойындар бағдарламасы әзірленді

Тау баршаға ортақ: Almaty SuperSki таудағы демалысқа деген көзқарасты қалай өзгертеді