Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықЖаңалықтарҚоғам

Еңбек министрлігі цифрлық сервистерді түсіндіруді жалғастыруда

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылғы қазан айынан бастап «Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардан ерікті түрде бас тарту» цифрлық сервисін іске қосты.

Сервис тек әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып жүрген азаматтарға қолжетімді. Ал мұндай төлемдерді алмайтын азаматтар сервисті пайдалана алмайды.

Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардан ерікті түрде бас тарту – азаматтың міндеті емес, тек өз еркімен қабылдайтын шешімі. Сервис ешқандай талап қоймайды және азаматтарға қатысты шектеулер енгізбейді.

Бұл мүмкіндік азаматтарға өздерінің тұрмыстық жағдайы мен жеке жауапкершілігін ескере отырып, саналы таңдау жасауға жол ашады. Сервис, ең алдымен, мемлекеттік қолдауға мұқтаж емес, өз қажеттіліктерін өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар табысы жоғары және әл-ауқаты жоғары азаматтарға арналған.

Барлық рәсім цифрлық форматта жүзеге асырылады. Сондықтан мемлекеттік органдарға барып, қағаз жүзінде өтініш толтырудың қажеті жоқ.

Сервиске кірген кезде eGov Mobile қосымшасы қажетті мәліметтерді автоматты түрде тексеріп, азаматқа тағайындалған және төленіп жатқан барлық жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің тізімін ұсынады.

Қандай да бір ақпаратты қолмен енгізудің қажеті жоқ.

Егер азамат белгілі бір төлемнен бас тарту туралы шешім қабылдаса, ұсынылған тізімнен тиісті төлемді таңдап, әрекетін растауы  арқылы электронды өтінішті жіберуі жеткілікті. 

Ал егер азамат бюджет қаражаты есебінен төленетін әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алмаса, жүйе бұл туралы хабарлама көрсетіп, сервисті пайдалануға мүмкіндік бермейді.

Әлеуметтік төлемнен немесе жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту азаматтың болашақта мемлекеттік қолдау алу үшін қайта өтініш беру құқығын шектемейді. Өмірлік жағдайы өзгерген жағдайда азамат тиісті төлемді қайта тағайындау жөнінде өтініш бере алады. Өтініш қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен және төлем тағайындау талаптарына сәйкес қаралады.

Сервисті әзірлеушілер оны азаматтар үшін барынша ыңғайлы етуге басымдық береді. Осы мақсатта қосымшаның өзінде кері байланыс қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Пайдаланушылар өз пікірлерін білдіріп, сұрақтарын жолдап, ұсыныстарын жібере алады. Сондай-ақ сервис жұмысына қатысты ескертулерін де қалдыруға болады.

Маңызды! Азаматтарды сақ болуға және тек Еңбек министрлігінің ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз.

Аталған сервис тек eGov Mobile ресми мобильді қосымшасында немесе eGov.kz порталында жұмыс істейді.

Еңбек министрлігі мессенджерлер арқылы әлеуметтік төлемдерден бас тартуға арналған күмәнді сілтемелер жібермейді. Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін бөгде сілтемелерге өтпеңіздер. Кез келген қызметтің қолжетімділігін тек eGov жүйесіндегі жеке кабинет арқылы тексеріңіздер.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекет өз азаматтары алдындағы міндеттемелерін толық көлемде орындауды жалғастыратынын атап өтеді.

Заңнамада көзделген барлық әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар оларға құқығы бар азаматтарға белгіленген тәртіппен және толық көлемде төленеді.

«Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардан ерікті түрде бас тарту» сервисі – әр азаматтың өз еркімен қабылдайтын жеке шешімі. Бұл – міндеттеу емес, тек таңдау мүмкіндігі.

Сәйкес жаңалықтар

Алматы маңында жер сілкінісі тіркелді

Нейрохирургтар сирек ми патологиясы бар балаға бірегей операция жасады

Қазақстанда тағы 10 жол ақылы жолға айналады