Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықЖаңалықтарЭкономика

2027 жылы Қосшыда Tarlan Astana желісін ашу жоспарланып отыр

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында келесі жылы Қосшыда Tarlan Astana желісін ашу жоспарланып отырғаны туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қазіргі уақытта қала тұрғындарынан Tarlan Astana желісінің екінші кезеңінің құрылысына, нақтырақ айтқанда, Айтматов, Сығанақ көшелері мен Тұран даңғылындағы көлік қозғалысына қойылатын уақытша шектеулерге қатысты сұрақтар түсіп жатыр. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністік танытып, жеңіл рельсті көлік жобасының іске асуына қолдау білдірулеріңізді сұраймын. Құрылысы аяқталған соң Tarlan Astana жолдардағы көлік жүктемесін едәуір азайтып, өткізу қабілетін арттыруға және кептеліс мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Өз тарапымыздан құрылыс жұмысын барынша қысқа мерзімде әрі сапалы аяқтау үшін бар күшімізді саламыз. Мәселен, бүгінде Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің Қосшы қаласына қарай бағытталған екінші кезеңінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Келесі жылдың соңына дейін барлық жұмысты аяқтап, осы учаскеде қозғалысты ашуды жоспарлап отырмыз.

Сонымен бірге, Айтматов көшесі мен Тұран даңғылы бойындағы желінің құрылысына белсенді кірісеміз. Құрылыс кезеңінде – осы жылдың соңына дейін және келесі жылы Сығанақ, Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойында көлік жүргізушілеріне уақытша қолайсыздықтар туындайды. Бұл ретте, көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз.

Бүгін Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің екінші кезеңіндегі №201, 202 және 204 станцияларының құрылыс барысымен таныстым.

Сығанақ көшесінің бойында орналасқан №201 станцияда екі деңгейлі ауысып міну торабының құрылысы басталды. Мұнда №2 және №3 желілері түйіседі. Бұл жолаушыларға көшеге шықпай-ақ, бір бағыттан екіншісіне жылдам әрі ыңғайлы ауысып мінуіне мүмкіндік жасайды.

Жобаны іске асыру қаланың көлік қатынасын едәуір жақсартып, тұрғындардың жылдам қатынауына және елордада заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінге дейін жолаушылар Tarlan Astana желісімен 13,8 млн рет қатынаған», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Сәйкес жаңалықтар

Олжас Бектенов Қызылорда облысының активіне өңірдің жаңа әкімін таныстырды

zamandas_kz

«Алатау» театры XI маусымда ұлттық өнерді жаңа сахналық формалармен ұсынды

zamandas_kz

Что мешает посмертному донорству в Казахстане?

zamandas_kz